«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ – “АЛТЫН ОРДЕН” ИЕГЕРІ

Облысымыздың күрес түрлері федерациясының президенті Бауыржан Құлжановтың есімі осы қызметі арқылы республикамыздың күрес мамандарына жақсы таныс. Бауыржан Ниязұлы бүгінде спорт ардагері болғанымен, жасындай жарқыраған жас күнінде, жігіт шағында қазақ күресімен шұғылданып, үш мәрте ел чемпионаттарында жеңіске жеткен топжарған.

Ол 1974 жылы алғаш рет Шымкент облысындағы Темірлан кентінде атақты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жарыста алтын алқа таққан. Қазақ күресінің майталманы одан соң да нағыз шебер атағына сай жігер танытты. Боз кілемнен кеткенімен, күрестен іргесін бөлмеген Бауыржан Құлжанов өңір орталығы мен облыстағы қазақ және басқа да күрес түрлерімен шұғылданып жүрген балуандарды, бапкерлерді үнемі қолдап, олардың түйінді мәселелерін шешуден бір қол үзген емес. Оның жалпы спорт түрлерінің өркендеуіне қосқан үлесі ескеріліп, “Петропавлдың құрметті азаматы” атағы берілді.

Жақында Бауыржан Ниязұлы тағы бір марапатқа бөленді. Атап айтқанда, республикалық “Динамо” ерікті спорт қоғамының құрылғанына 90 жыл толуына орай оның мүшелері болған ең лайықты деген спортшыларға, бапкерлерге құрмет көрсетілді. Осы салтанатта Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті Анатолий Құлназаров марапатталғандардың арасында спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бауыржан Құлжановтың да елімізде олимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан үлесін атап айтты. Соның негізінде оған Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің олимпиадалық “Алтын ордені” берілді. Грек-рим (классикалық күрес) күресінен Олимпиада ойындарының екі дүркін және әлемнің бірнеше мәрте жеңімпазы Валерий Резанцев те осындай орденді омырауына тақты.

Жақында облыстық ішкі істер департаментінде ведомство бастығы генерал-майор Берік Біләлов марапат иесіне орденді тапсырды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Б. Құлжанов.

  Суретті түсірген Қошан ҚАЛИ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp