«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бахтияр ҚОЖАТАЕВ: “АРМАНЫМ – ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУ”

Бүгінде оң мен солын айырып, алдағы күнін болжай алатын кемел жастар қай салада болсын толағай табыстарға қол жеткізіп, өз саласының үздіктері атануда. Ата-бабаларымызға арман болған ел тәуелсіздігі берген зор мүмкіндікті пайдаланып, әр салада Қазақстанның атын шығарып жүрген сол жастарды еліміздің ертеңі десек, қателеспеспіз. Ел көлемінде танылып үлгерген спортшы – “Astana Pro Team” кәсіби велокомандасының белді мүшесі Бахтияр Қожатаевпен сұхбаттасқан едік.

– Бахтияр, тұғырлы елдің тұлғалары тынымсыз еңбекпен танылары анық. Бұл тұрғыда ойыңызды білсек деп едік.

– Тәуелсіздік жылдары көптеген азаматтар тынымсыз еңбектің арқасында өзі армандаған биіктерге қол жеткізе алды деп ойлаймын. Өйткені, өз мақсатына қол жеткізу үшін мол мүмкіндік ашылды. Тек талмай еңбек етемін деген ниет болуы керек. Жалпы өңір спортшыларының еңбегі ерен. Біз өзіміз қол жеткізген жетістіктерімізбен марқаямыз. Көздегеніміз жүзеге аспай қалса, қынжыламыз. Себебі, әрбір жеңісіміз бен жетістігіміз ертеңгі күні әлемдік және халықаралық додаларда Қазақстан туын желбіретуімізге жол ашады. Дүниежүзіне Қазақстанның спорт атты бәсекелі ортада осал қарсылас емес екендігін айғақтаймыз.

Мен 11 жасымда велоспортқа келгелі бері тек жеңіс үшін тер төктім. Сол кезден бері “Тур де Әзірбайжан” (үшінші), Канадада өткен “Ұлт кубогы” (үшінші), “Тур де Л’Авенир” (төртінші), “La Cote Picarde” (алтыншы), “Джиро Валлед’Аоста” (үшінші) сияқты бәсі биік сайыстарда үздіктер қатарынан табыла білдім. Көш бір орнында тұрмайды. Сондықтан ірі халықаралық жарыстардағы жетістіктерім үшін “Халықаралық дәрежедегі спорт шебері” атағына ие болдым, “Continental Team Astana” құрлықтық велокомандасының капитаны дәрежесіне қол жеткіздім.

– Өткен жылы еңбегің еленіп, екінің бірінің қолы жетпейтін “Astana Pro Team” кәсіби құрама командасына алынғаныңызды қуана жазған болатынбыз. Бүгінде қандай нәтижелеріңізбен мақтана аласыз?

– Мен “Astana Pro Team” кәсіби командасында Руслан Тілеубаев, Арман Камышев және Алексей Луценко сияқты жерлестеріммен бірге жоғары дивизионда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болдым. Жиырманың екісіне аяқ басқан шағымда халықаралық сайыстарда ел намысын қорғап жүрген құрама команданың кәсіби спортшыларымен жаттығу, сайыстарда иық түйістіре қатар жүру мен үшін ерекше құрмет болғаны шындық.

Сайыстарға тоқталар болсам, Қытайда өткен “Tour of Hainan” жарысына қатысып, оның қорытындысы бойынша он бірінші және он екінші орынға табан тіредім. Түркиядағы басты классификацияда – он төртінші, “Вульэта Бургос” жарысының командалық кезеңінде жеңімпаз атандым. Дегенмен, өзімді өзгелерден артық санап, кеудемді соққан жоқпын. Әлемге танылып үлгерген құрама команда қатарына алынған соң арқаны кеңге салуға жол жоқ.

Заман жаңарып, отандастарымыз сайыстарда қарсы келгенді тізе бүктіруде. Әлемнің үздіктері Қазақстан велоспортшыларымен иық тірестіре сайысып, осал қарсылас емес екенімізге көздерін жеткізуде.

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp