Облысымызда кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдау бағытында атқарылып жатқан игі істер аз емес. Бұл орайда, әсіресе, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының тиімділігі айқын аңғарылуда. Петропавлдағы “Белуга Голд” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де осы бағдарламаның арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
Былтыр құрылған компанияның басшылығы кәсіпорынды қажетті қондырғылармен жабдықтау үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында несие алып, облыс орталығында екі дүкен мен екі цех ашты. Ал цехты жабдықтау үшін серіктестік екінші деңгейдегі банктердің көмегіне жүгінді. Банк қойған 14 пайыздық мөлшерлеменің жартысын “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы төлеп отыр. Ресейден сатып алынған қондырғыларда неше түрлі теңіз балықтары түтінге қақталады.
– Бүгінде қай салада болмасын, кәсіп ашып, өз ісін өркендетемін деген кәсіпкер құжатын түгендеп, бизнес жобасының тиімділігін дәлелдей алса, мемлекет оның жобасын қаржыландыруға дайын екендігін білдім. Бұл қолдау ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін үлкен жеңілдік деп ойлаймын, – дейді “Белуга Голд” ЖШС директорының орынбасары Людмила Волкова.
Бүгінде серіктестік 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қызметкерлердің денін жастар құрайды. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің түлегі Владимир Балак осында 2 ай бұрын жұмысқа орналасқан екен. Өз мамандығына сай бірден жұмыс тапқанына қуанышты. Оның айтуына қарағанда, табысы да жаман емес. Жас қызметкер күнделікті жұмыс барысында балықтарды тұздап, оны түтінге қақтайды. Жон еттерін тілімдеп, стейк жасайды. Басқа балық түрлерінен деликатес, котлет және фарш әзірлейді. Цехтағы шикізаттың барлығы Ақмола, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарынан жеткізіледі. Бүгінде мұнда тұтынушыларға 500-ден астам өнім түрі ұсынылуда. Ал компания ай сайын бір тоннадан астам балық өнімдерін саудаға шығарады. Мұның өзі балық өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін аңғартады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.