Экономикасы дамыған және жалпыға ортақ еңбекке мүмкіндігі бар орнықты және гүлденген Қазақстан мен қуатты мемлекет негізінде берекелі қоғам құру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа экономикалық саясаты мен саяси бағытының дәйектілігіне негізделген.
Петропавл қаласындағы жұмыспен қамту орталығы қызметінің негізгі міндеті тұрақты және өнімді жұмыспен қамтуды ұйымдастыру жолымен тұрғындардың жағдайын жақсарту, жұмыссыздықты азайту болып табылады. Әлеуметтік бағдарламалар жұмыссыздарға, өзін-өзі қамтамасыз ететіндерге, аз қамтылған адамдарға арналған. Ол үш бағыт арқылы жүзеге асырылады.
Бірінші бағыт инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге (әлеуметтік-мәдени саланың нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу) бағытталады.
Екінші бағыт ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құруды және тірек ауылдарды дамытуды мақсат етеді. Бұл бағыт кәсіпкерлікті кеңейтіп, ауылдағы экономикалық белсенділікті ынталандырады.
Үшінші бағыт оқыту арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді және жұмыс берушінің қажеттілігіне сәйкес еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды қарастырады.
Қалалық жұмыспен қамту орталығы 2015 жылы өз жұмысын бағдарламаның үшінші бағыты бойынша жүзеге асырды.
Үшінші бағыттың “Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу” атты 1-құрамдас бөлігінің тиімді тетігі – тұрғындардың мақсатты топтарына арналған әлеуметтік жұмыс орындарын құру және ұйымдастыру арқылы жұмыссыздықпен күресу. Олар: аз қамтылғандар, мүгедектер, зейнет жасындағы адамдар, Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, 23 жасқа дейінгі жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. Мақсатты топтар заңнама арқылы белгіленеді, оларға жұмысқа орналасуға қиындық тудыратын және әлеуметтік қорғауды қажет ететін адамдар жатады. Осы бағыт бойынша жұмысқа орналасқан қызметкерлердің 35 пайыз көлемінде еңбекақысын төлеуге кететін жұмыс берушінің шығынын мемлекет өтейді.
Өткен жылы әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін орталыққа 7 млн. 422 мың теңге бөлінді. Жоспардағы 55 адамның орнына 71 адам Петропавл қаласының 16 кәсіпорны мен ұйымына дәнекерлеуші, жүргізуші, құрылысшы, слесарь, коммерциялық агенттер мамандығы бойынша жұмысқа жіберілді, оның 5-уі – мүгедек.
Бағдарламаның бағыттарын жүзеге асыру үшін жұмыссыз азаматтарды оқыту, қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру курстары ұйымдастырылды. Осынау шараға қатысушылар мемлекеттік жалпы білім беру бағдарламасы бойынша қаланың оқу орындарында кәсіби оқудан өтеді. Кәсіби оқу кезінде бағдарламаға қатысушылар шәкіртақы алады. Былтыр 22 адам кәсіби оқу курсынан өтті, оның 20-сы жұмысқа орналасты.
“Жастар тәжірибесінен” өту үшін жұмыс орындарын құру жөніндегі келесі шара бағыттың маңызды компоненттерінің бірі болып есептеледі. ЖОО-лар мен колледждердің бұрынғы түлектері осы бағытқа қатысу арқылы кез келген меншік түріндегі кәсіпорында алған мамандығы бойынша тәжірибеден өтуге және алған білімі мен машығының деңгейін бағалауға мүмкіндік алды. “Жастар тәжірибесінен” өту кезеңі – 6 айды, төленетін еңбекақы 35676 теңгені құрады. Қалаған мамандығы бойынша жастардың бастапқы тәжірибе жинауына арналған мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы жас мамандардың әрі қарай еңбекке орналасуын нақты түрде жеңілдетеді, соның өзі жұмыссыздық деңгейін азайтуға жағдай жасайды. 2015 жылы “Жастар тәжірибесіне” – 51 түлекті жұмысқа орналастыру үшін 10 млн. 991 мың теңге бөлінді. Нәтижесінде қаланың 35 ұйымы мен кәсіпорнына, мемлекеттік мекемелеріне 69 адам жіберілді, олардың 3-уі – мүгедек.
Мемлекеттік қолдау шараларынсыз-ақ 632 адам бос жұмыс орындарына орналасты, оның 39-ы – мүмкіндігі шектеулі жандар.
“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру аясында “Береке” шағынауданындағы Ю.Гагарин және У.Громова көшелерінде екі қызмет жатақханасының құрылысы аяқталды. Ол 200 орынға шақталған, оның 16-сы – екі пәтерлі (45 шаршы метр), 184-і – бір пәтерлі (35 шаршы метр). Жатақханадағы бөлмелер жиырма тоғыз жасқа дейінгі әлеуметтік келісімшарты, еңбек келісімі бар “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысатын жастарға берілуде.
2015 жылғы 10 желтоқсаннан бері Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығы ғимаратындағы 209-кабинетте бағдарламаға қатысушылардан қызмет баспанасын беру туралы өтінімдер қабылдануда.
Мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағытын жүзеге асыруға арналған жұмыс биыл да жалғасын табатын болады.
Айжан ІЛИЯСОВА,
Петропавл қалалық жұмыспен қамту
орталығының директоры.