Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне ауыл шаруашылығының қосатын үлесі зор. Аграрлық бағытқа басымдылық беретін өңіріміз ауыл шаруашылығы өнімдерімен облысты ғана емес, республиканы азық-түлікпен қамтамасыз етіп, елдің сыртқы сауда нарығындағы орнын қалыптастыруда. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлікке жасалып жатқан қолдаулар саланы дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Жаңадан бой көтерген әрбір нысан елге қызмет етеді. Өйткені, ол елді мекеннің әлеуеті, екіншіден, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орны.
Ақжар ауданындағы Айсары ауылында жақында жаңа кәсіпкерліктің іргетасы қаланды. “Байшағыров” шаруа қожалығының мал фермасының ашылу салтанатын жұрт ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту ретінде қабылдады. Кәсіпкерліктің тізгінін ұстаған дар – Айсары ауылының тумалары. Көкшетау қаласында тұратын Азамат Байшағыров пен Орынбай Кәкеновтің бүйрегі ауылға бұрылып, өздерінің табыс көзін туған жерінің болашағымен байланыстыруды жөн көрген.
Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін таңдағандарға “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасының берер несібесі мол. Осы тетікті пайдаланған ауылдық кәсіпкерлер бағдарлама бойынша 10 млн. теңге несие алып, оған ірі қара сатып алған. Олар ауылынан үш шақырым жердегі бұрынғы кеңшардан қалған қой фермасының қираған ғимарттарын осылайша іске жаратты. Бүгінде қоралардың қабырғасы қайта көтеріліп, төбесі жабылған, құрылыс әлі жалғасуда. Несие қаржысына сатып алынған 100 бас сиыр мен асылтұқымды 2 бұқаға орын ыңғайланған. Кәсіпкерлердің көздегені – жергілікті тұрғындардан сатып алынған сиырлардан уақыт оза қазақтың ақ бас сиыры тұқымына ұқсас төлдер алу. Бұл жерден ауылдың төрт адамына жұмыс орны ашылғанын да айтып өткен жөн.
Жаңа ферманың ашылу рәсіміне аудандық мәслихаттың хатшысы Айбек Хоршат пен облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Берік Әлжанов қатысты. Қонақтар кәсіпкерлердің игі ісіне сәттілік тіледі.
Болат ӘМРИН,
журналист.
Ақжар ауданы.