Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы субсидия бөлу қағидаларын қайта қарау қажеттігі туралы айтқан сөздері, ғылыми-зерттеулерге құйылатын инвестиция көлемінің молайтылғаны қуантып отыр.
Біздің облыста ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі салаларының бірі болып табылады. Жыл сайын жоғары сапалы астық пен ет өндірілуде. “Племзавод Алабота” ЖШС қызметінің негізгі бағыты асылтұқымды етті ірі қара өсіру және егіншілік, сондай-ақ, өнімді ұқсату ісінде де алғашқы қадамдар жасалуда. Ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы аумағы 40 мың гектардан астам, соның ішінде 17,5 мың гектары – жайылым, 10 мыңға жуығына астық егіледі. Өткен жылы дәнді дақыл бітік шығып, гектар берекелігі шаруашылық бойынша 19,8 центнерден айналды. Бидаймен бірге мал азығын, майлы дақылдарды өсіреміз.
Елбасы біздің облысымызға сапарында республикадағы агро-өнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының базасында ғылыми-зерттеу институттарын құру қажеттігі туралы айтқан болатын. Біздің шаруашылық осы мақсатты жүзеге асыруда. Көршілес жатқан Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстары бойынша қазақтың асылтұқымды ақбас сиырларын өсіретін базалық кәсіпорын болып табыламыз. Біз – тұқым жөніндегі және қазақтың ақбас сиыры палатасы кеңесінің мүшесіміз.
Қазіргі кезде ірі қара саны 3 мыңнан асады. Біздің шаруашылық базасында жылына екі рет республикалық семинарлар өткізіліп, жұмыс тәжірибесі, қысқы және жазғы кезеңдерде малды ұстау әдістері зерделенеді. Оған қоса “Алабота” асылтұқымды мал зауыты Астанада өткізілетін барлық мал көрмелеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Бүгінгі күні бізде заманауи мал өсіру кешені бар. Жыл сайын төлдейтін малды күтуге субсидия алып тұрамыз. Тек өткен бір жыл ішінде ғана мал шаруашылығына – 190 млн., ал егіншілікке 70 млн. теңге субсидия алдық. Бұл қаржы материалдық базаны нығайтып, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік берді. Шаруашылық диірмен сатып алып, іске қосты. Өзіміздің наубайханамыз бар. Етті мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған қазіргі заманғы жабдықтар алынды.
Біздің өнім жергілікті тұрғындардың да, маңайдағы елді мекен тұрғындарының да сұранысына ие. Жартылай дайын ет өнімдерін шығаратын қайта өңдеу цехы жұмыс істейді. Соның арқасында қосымша жұмыс орындары құрылды. Ауыл тұрғындарын жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етудеміз. Әлеуметтік көмегіміз ретінде жұмысшыларымыз бен зейнеткерлерге нан, ет өнімдері арзандатылған бағамен сатылады.
Болашақта шаруашылық мал басын көбейтіп, өнім өндіру көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні шаруашылықта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда қойған міндеттерді орындауға барлық кадрлық және материалдық ресурстар бар.
Ерлан АЛПЫСОВ,
“Племзавод Алабота”
ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.