“Шынымды айтсам, мен қазақ тобында оқитындарға сабақты орысша түсіндіремін…” Екі оқытушы арасындағы осындай әңгімені құлағым шалып қалды. “Иә, қазақ мектебін тамамдаған студенттердің арасында өз тілін түсінбейтіндер аз емес”, – деді оған әріптесі.
Ұстаздардың арасындағы осы әңгіме мені де ойға қалдырды. Айтса айтқандай, қазіргі заманда, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға таяп қалса да, туған тіліміздің төрге оза алмай отырғаны шындық. Алдыңғы толқын ел болашағы деп үміт артып жүрген жасөспірімдер ес білгеннен орысшаға құмартып, шүлдірлей бастайды. Содан да болар, қазіргі қазақ жастарының арасынан ұлтымыздың жалпақ тілімен сөйлейтіндерді күндіз қолыңызға шам алып іздесеңіз де таппай қиналасыз. Олардың жазбаларында да қате өріп жүреді. Неге осылай бейшара күй кешіп отырмыз? Осы сауалымызға қатар жүрген құрбы-құрдастарымыз “қоғамдық ортаның өзі “орыстанған” деп ақтала бастайды. Өз басым бұл пікірге бас шұлғи алмаймын. Оқу орнында, көшеде, дүкенде, тіпті, үйде бізді орысша сайра деп ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бәрі түсінігіміздің төмендігінен. Осылай жалғаса берсе, туған тілімізден мүлде айырылып қалуымыз ғажап емес.
Осы арада мына бір жайға да назар аударғым келеді. Жағдайдың осылай қалыптасуына үлкендердің де кінәсі бар. Өйткені, олар: “Көп тілді білсең далада қалмайсың” деп әу бастан немерелерін шет тілді үйретуге итермелейді. Қазіргі түркітілдес елдердің тіл мәселесіне зер салсақ, ол жақта біздегідей проблема жоқ деп айтуға болады. Өз тілдерінің дәрежесі биікте тұр. Олар біз секілді “жан-жақты” болмаса да, өз сыбағасынан құр қалған емес. Оны қойшы, тіпті, балабақшадағы бүлдіршіндерді де үш тілде оқытып жүрген жоқпыз ба? Есі кіргендерге өз ана тілін үйрете алмай жүріп, бұғанасы қатпағандарды үш жақтан жұлмаласақ оң нәтиже шығатынына күмәнім бар.
Бірнеше тілді еркін меңгергенге не жетсін?! Оны мойындаймын. Алайда, біз басқа тілді біліп, жетіліп кейіннен төрімізге шығарып, өзіміздің тілімізді босағадан телміртіп қоюдан сақтануымыз керек. Өзге тілдің бәрін біліп тұрып, өз ана тілінен безінгендер біздің елімізді өркениетті мемлекеттер қатарына қоса қоймас. Тіл – ұлттың тамыры. Сондықтан дамығымыз келсе, мәңгілік ел болуды ойласақ, тамырымыздан ажырамағанымыз абзал.
Қазақша сөйлеу, қазақша ойлай білу бақыт емес пе? Олай болса, бақытымызды бағалайық, ағайын!
Алина НҰРТАЗИНА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ журналистика кафедрасының
1-курс студенті.