
Шаңырағын шуаққа бөлеп, керегесін кең, босағасын берік ұстаған жарасымды жұптардың бірі – петропавлдық Әбішевтер отбасы. Жүрек жылуымен бүкіл айналасына ілтипатын, шарапатын шашқан кеңпейіл, алтын құрсақты ана Сандуғаш Әбішева – баланың санасына ақылмен жол таба білген кішіпейіл, инабатты, жайдары жүзді жан. Отбасының татулығын, бірлігін сақтап, сөзімен ғана емес, үлгілі ісімен де өнеге көрсете білген асыл жар, аяулы ананың бар бақыты – балалары.
– Өзендей толассыз ағып жатқан мына өмірдің жалғасы болып саналатын бала – тәуелсіз еліміздің болашағы. Одан асқан бақыт, байлық бар деген адам болса, мен ондай оймен түбегейлі келіспеймін. Елің аман, жұртың тыныш болып, көз алдыңда күндей күлімдеген ұл-қызың жайқалып өсіп келе жатса, осының өзі бір ғанибет емес пе?! – дейді жас болса да көпбалалы аналардың ізін жалғастырып, демографиямыздың дамуына зор үлес қосып отырған Сандуғаш Ерғалиқызы.
“Балалы үй – базар” дегендей, әлдиімен әр сәбиін аялай білген асыл ана ұл-қыздарына қазақы тәрбие беруді мақсат етеді. Қыр гүліндей құлпырып, бойжетіп келе жатқан қыздары Салтанат, Аружан, Мәдина мектеп оқушылары болса, үйдің еркесі Айсара – айналасындағыларды өзінің тәтті қылығымен тәнті еткен, ата-анасының сүткенжесі. Әкесіне қарап ой да, бой да түзеген ұрпақ жалғасы Еламан апалары мен кішкентай қарындасына қолынан келгенше көмектесіп, ағалық қамқорлығын аямайды. Бұл – әкеден алған жақсы тәрбиенің жемісі.
Ұлттық құндылықты сақтап, салт-дәстүрді балаларының бойына сіңіре білген отағасы Ержан Сабыржанұлы “Жедел жәрдем” көлігінде жүргізуші болып еңбек етеді. Мінезі орнықты, сабырлы азамат балаларын еркелетіп, олардың кемел келешегі үшін қолынан келгенше еңбек етіп, қатарынан қалмауға тырысып-бағуда.
Үлкеннің алдын қия баспаған инабатты Сандуғаш Ерғалиқызы бала тәрбиесі, қазан-ошақтың басында жіпсіз байланып қалған келін емес. Керісінше, үйдің шаруасын ұршықша үйіріп, қоғамдық жұмысқа араласып, ең бастысы еңбек етуге құлшынған ол бүгінде №1 арнайы мектеп-интернатта тәрбиеші болып істейді.
– Кішкентайым 8 айлық болса да, күйбің тірліктің қиындығына қарамай, жұмыс істеп жүрмін. “Бала” деп, “Басқа да жағдай” деп үйде отыра беруге болмайды. Бір мезгіл серпіліс қажет. Еңбекпен келген нанның дәмі тәтті емес пе? Осы сөзді балаларымызға жүз рет айтқанша, нақты іспен көрсеткеніміз дұрыс , – дейді ол.
Ата салтымызға сай енесін қолына алып, бағып-қағып отырған келіннің өне бойынан кішілік пен мейірімнің лебі есіп тұрғандай. Аяғына оратылған балаларын “айналайын” сөзімен еркелеткен осындай көркіне ақылы сай келіндер әр қазақтың отбасынан орын алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Біздің мемлекетте ана мен бала қашанда қамқорлыққа бөленіп, оларға жақсы өмір сүруі үшін барлық жағдайлар жасалуда. Сандуғаш Ерғалиқызы – өзіне тиесілі әлеуметтік көмектің игілігін көріп жүрген келіндердің бірі. Ол көпбалалы ана ретінде және бала күтіміне байланысты 1 жасқа дейін берілетін жәрдемақыны ай сайын уақытымен алып отырады. Мұның өзі үлкен отбасы үшін біраз көмек екені айдан анық.
– Әрине, отбасы болғандықтан, түрлі мәселелер туындайды. Бірақ сынықты сылтау етіп, қол қусырып отыра беруге болмайды. “Жатқан тастың астынан су жүрмейді” деп дуалы ауыз тегін айтпаған болар. Заман талабынан қалмай, алға ұмтылу керек, сонда ғана мақсатқа қол жеткізуге болады. Ол үшін біздің мемлекетте барлық жағдай жасалған. Ерінбеген адам білім де алады, жұмыс та істеп, отбасының жағдайын жасайды,– дейді ол.
Бейбітшілік бесігінде тербелген мемлекетіміз жылдан-жылға көркейіп келеді. Әсіресе, әлеуметтік салада ауыз толтырып айтар жаңалықтар аз емес. Жаңа мектеп, балабақша, емхана, аурухана, шағын орталықтар сияқты ана мен бала үшін өте қажетті нысандар салынып, есігін айқара ашып, жүйелі түрде жұмыс жасауда. Мұның барлығы – Тұңғыш Президентіміздің кемел саясатының нәтижесі.
– Отбасы бар бақыттың бірінші баспалдағы болып саналады. Сондықтан да баға жетпес байлықты қадірлей білу керек. Өз алдына шағын мемлекет болып саналатын әрбір шаңырақта береке болса, Отанымызда да бірлік орнайды. Мен өзім туған жерде тамыр жайып, ұрпақ жалғастырып отырғанымды бір ғанибет санаймын. Көк туымыз аспанымызда желбіреп, қандай уақытша қиындықтар болса да, мемлекетіміз дамып, заман талабымен алға қарышты қадам басуда. Бүгінгі қиын кезеңнің өзінде құрыштай шынығып, ең бастысы, халқының жағдайын ойлайтын Елбасының даналығы мақтауға да, мақтануға да тұрарлық, – дейді отағасы Ержан Сабыржанұлы.
“Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен келеді. Мемлекет те солай”, – деген Елбасының сөзін арқау еткен Әбішевтер отбасы – сабырлылық пен парасаттылықты ту етіп, ырысы мен ынтымағы өзара жарасым тапқан құтты шаңырақ. Мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып, ұлттық дәстүрден сусындап рухани қазынаның қадірін түсіндіріп, ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып отырған осындай отбасылардың қатары көбейе түссе, құба-құп.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.