
Өмір жолында кездескен қиындықтарға мойынұсынбай, дәуір жүгін алға сүйреген Некібаевтар отбасын бүгінгі жастарға үлгі-өнеге етіп айтуға әбден болады. Есіл ауданына қарасты Тауағаш ауылының тумалары бүгінгі таңда Петропавл қаласында тұрады. Бақыт кілтін өзара сыйластықтан тапқан ерлі-зайыптылар бір шаңырақ астында 66 жыл ғұмыр кешіпті.
Жұптары жарасқан қазыналы қарттар 10 баланы өсіріп, тәрбиелеп, қанат қаққызған. Бүгінгі таңда тұяқ жалғасып, ата-әжесі 25 немере, 16 шөберенің қызық-қуанышына бөленіп отырған жайлары бар.
Тоқсан жастың төрінен көрінген отағасы Қожатай Сейтахметұлы – соғыс ардагері. Он жеті жасында қатарластарынан қалмай, соғысқа аттанған бозбала 2-ші Украин майданында жаумен шайқасқан. Батыс Украина, Румыния, Венгрия, Чехословакия жерлерін жаудан азат етуге қатысқан жауынгер Жеңіс туралы қуанышты хабарды Вена қаласында естіген. Жауды жер жастандырып, Жеңістің туы желбіреген соң көптеген азаматтар елге оралды. Ал Қожатай ата болса, үш жыл міндетті әскери борышын өтеуге қалған. Сөйтіп, туған елге 1948 жылы ғана оралған.
Соғыстан кейінгі қиын кездерді есіне алған ақсақал:
– Колхоз кезі ғой, мал бағамын дегендерге ауылда жұмыс жеткілікті. Бірақ менің арманым ұстаз болу еді. Сондықтан да Қызылжардағы педагогикалық училищеге оқуға түстім, – дейді жастық шағына ойша оралған атамыз.
Үйленіп, отбасын құрған отағасының бұл ойын зайыбы Айша апамыз да бір-ауыздан қолдаған. Сөйтіп, жұбайының алаңсыз оқуына барлық жағдайын жасауға тырысқан. Қожатай ата үш жыл Қызылжарда оқып, төртінші курсты Көкшетау қаласында тамамдаған. Жаңа үй болған жастар қиындықтың біразын бастан кешсе де, бір-біріне қабақ шытпай, бәріне көніп, болашақтан жақсылық күте білген.
– Ол кезде заман сондай болды. Соғыстан кейінгі қиындықты елмен бірге көрдік. Өмір сынына шыдауға тырысып бақтық. Шүкір, Алла берді. Қазір бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз, – дейді ел амандығын тілеген ақ жаулықты қария.
Киім қат болғандықтан, Қожатай ата шинелін, хром етігін әбден тозғанша тастамаған. Өйткені, басқа амал жоқ. Сөйтіп, тоңып-жаурап жүріп, студенттік өмірінің үш жылын өткізген. Қыстың суығы кімді аясын?! Бірде күйеуінің аяғын баса алмай қалып, оқуға балдақпен да барған кезін әңгіме барысында Айша апамыз есіне алды. Бүгінде сексен жасты еңсерген алтын құрсақ ана жұбайының хал-жағдайын естіген соң қыстың суығына қарамай, шанаға бірнеше қап бидайды артып алып, ара қонып, Тауағаштан Қызылжарға жеткен. Зайыбының келе жатқанын естігенде жұбайы да шыдай алмай, оны алдынан қарсы алу үшін көпірдің үстіне шыққан. Сол жерде екеуі кездесіп, бидайды диірменге апарып, үккізіп, ұнды сатып, базарға барып киім-кешек алған. Апамыздың осы әңгімесін тыңдап отырғанда “Қазіргі келіндерде осындай қайсарлық, шыдамдылық бар ма екен?” – деген ой келді біздің санамызға. Иә, кейбір кезде қырық азамат қосылып көтере алмаған қиындықты құмырсқа белдері майысып, жалғыз өздері-ақ алға жетелеген қарапайым қазақ әйелдері-ай, шіркін!
Ер-азаматын қашанда өзінен бір саты жоғары қойып, сыйлап, алдынан кесе-көлденең өтпеген Айша апамыз осылайша бір ерлегенін еске ала отыра:
– Өткенге көз салсақ, қазіргі жастарға ол ертегі сияқты болып көрінеді. Бірақ мұның бәрі – өмір. Сондықтан да оны ұмытып, не болмаса кітаптың бір беті сияқты жыртып алып, лақтырып тастауға болмайды. Ол ой естелігі, сондықтан ұмытылмайды, – дейді көпті көрген көнекөз апамыз.
Оқуын ойдағыдай аяқтаған жұбайы төрт жылды артқа тастап, Преснов ауданындағы өзі оқыған мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналасады. Осы жерде табан аудармай 32 жыл еңбек етіп, зейнетке шығады. Қожатай ата мен Айша апамыз тоғыз ұл, бір қыз балаға өмір сыйлаған. “Әр бала өз несібесімен келеді”, – деген алтын құрсақ апамыз Бақыт, Балкен деген егіздерінің туғанын еске алып, бір көңілденіп қалды.
– Онда қазіргідей “УЗИ” деген жоқ, ауруханаға да бармаймыз. Әйтеуір еңбек етіп жүре береміз. Қара жанға дамыл жоқ. Колхоздың да, үйдің де жұмысы жетіп артылады. Сөйтіп, жүріп он баланы да үйде тудым. Егіз балам туғанда шошып кеттім. Мұндайды күтпегем ғой. Кейін екі бірдей сәбиімді құшағыма алып, бауырыма басқанда көзіме еріксіз жас алдым. Бұл бақыттың жасы еді, – дейді сол сәтті көз алдына бір елестеткен ана.
Егіздердің бірі – ұл, екіншісі – қыз. “Бір бала ананың екі қолын байлайды” демекші, егіздерді бағып-қарау оңай жұмыс болмаған. Және ол кезде қазіргідей бірреттік жаялықтар да болған жоқ. Ал жасанды сүт дегенді естіп те көрмеген. Бірақ ерлі-зайыпты бұл сыннан да сүрінбей өткен. Бір-біріне сүйеу бола білген жас ата-ана қос құлыншақтарын бесікке бөлеп, сиырдың сүтін қайнатып беріп баққан. Отбасында орнаған осындай түсіністікпен он баласына да қазақы тәрбие бере білген ата-ана – бүгінде шау тартқан ата-әже.
Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде отағасына 2014 жылы облыс орталығынан бір бөлмелі жаңа пәтердің кілті берілген. Іші жылы, жайлы. Кәрілікке аяқ басқан қариялардың жүріп-тұруы қиын, сондықтан да мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай қамқорлыққа олардың алғыстан басқа айтары жоқ. Жаңа жыл қарсаңында соғыс ардагеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған құттықтау хаты табыс етілген. Президенттің ардагерлерге көрсетіп отырған қошеметіне Қожатай ақсақал ризашылығын жеткізді. Жеңіс күніне жетуге өз үлесін қосқан ардагер жергілікті билік өкілдерінің назарынан тыс қалмаған. Өткен жылы Қарттар күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов Некібаевтар шаңырағына барып, мерекемен құттықтап, түрлі түсті теледидар тарту еткен.
– Ұмыт қалған жоқпыз. Мемлекет біз сияқты қарттарды қамқорлыққа алып, барлық жақсылықты жасап отыр. Ол үшін билік басындағыларға рахмет айтамыз. Еліміз аман, егемендігіміз мәңгілік болсын! Бейбіт күнді бағалай білейік, – деді ғибратқа толы әңгімесін аяқтап, бата берген атамыз.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талған ТӘНІБАЕВ.