«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚ ПЕН СОР

“Мен де бақытты жандардың бірі едім. Үйдің тұңғышы болдым. Әке-шешем мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Ал мен болсам ата-анамның үмітін ақтай алмадым”, – деп бастады әңгімесін Жазира.

– Бұл өмір соқтықпалы, соқпақсыз жолдардан құралған. Мен үшін зіл батпан қайғы-мұңға батырған өмірдің көлеңке тұсына ешқашан күннің сәулесі түспейтін сияқты болып көрінеді. Бәлкім, қателесетін шығармын? Не үшін олай айтқанымды да білмеймін. Жо-жоқ, мен өмір сүруге тиіспін. Өйткені, жолыма қарайлап, әрқашан аман-саулығымды тілейтін ата-анамның, “Ана” деп айтатын жан балапанымның бейнесін көз алдыма елестетсем, қайта өмірге келгендей күй кешемін. Жұбайым да үйде тағатсыздана күтіп отырған шығар. Бірақ, бәрібір мен үшін өмір өкінішті сәттерден құралған.

Ата-анамның тұңғышы болғандықтан, жан жылуы мен махаббаттарына бөлендім. Шексіз қамқорлықтың арқасында әр күнді шырайлы шаттықпен өткіздім. 9-сыныпты бітірген соң арманымның биігіне шығуға ұмтылдым. Жас шыбықтай бүр жарып, мен де жаңа өмірге қадам бастым. Арқалық экономика колледжіне оқуға түстім.  

Бүгінде соның бәрі елес сияқты. Бірақ, өкінгеннен не пайда? Менің пешенеме жазылған тағдыр осы шығар. Қазір мен қамауда отырмын. Оған да үш жылдың жүзі болды. Бостандықта жүргенде уақыттың қадірін білмеген екенмін. Жастықтың буымен алтын уақытты бағалай алмағаныма өкінемін.

Бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Опық жеп, опынып қалатын сәттер әркімнің-ақ басында болады. Сырт көзге жігері жалын атқан жас болып көрінсем де, жүрегiмде өзекті өртейтін өкініш пен мұң-жара, жанарымда мұңнала бар. Менің осындай күйге түсуіме өзімнен басқа ешкім де кінәлі емес. Өкініш өзекті өртесе де, жасымай, өмірдің арпалысқа толы екенін түсініп, тіршілікте тырмысып қарекет етуім керек. Теңіз толқынындай арпалысқа толы ғұмырда адам өз-өзімен күресе білгені жөн. Ақылмен пішіп, санамен салмақтайтын болсақ, өмір – теңіз, ғұмыр – дария. Бұл дүниеде кез келген пенде түрлі жағдайларға тап болуы мүмкін.

Сотталғандардың барлығын жаман адамдар деп айтуға болмайды. Тағдырына налыған мен сияқты қазақтың қыздарын көргенде ішім өрттен күйіп кетердей. Ал мен не үшін жаза бастым? Бақыт нұрына шомылған ақ күнім қара пиғылды қиянат түніне айналды. Ойланбай шалыс қадам жасадым. Ата-анама, балама, жарыма қиянат жасағаныма қатты ұяламын. Олардың сенімінен шыға алмағаным үшін өзімді-өзім жазғырамын. Не себепті темір торға тоғытылғаным туралы айта алмаймын. Бірақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету бойынша сот шешімімен айыпты деп танылдым. Қанды қылмыс болмаса да, заң алдында кінәлімін.

Мен 1982 жылы Целиноградта дүниеге келдім. Негізгі мектепті бітірген соң Арқалық экономика колледжіне экономика және құқық мамандығына оқуға түскенімді жоғарыда айтып өттім. Кейін Қарағанды экономикалық университетін тамамдап, экономист атандым. Адам өмір бойы ізденіс үстінде болуы керек. Оқу оқып, білім алу ешқашан кеш емес. Білімімді одан әрі шыңдау үшін Қостанай мемлекеттік университетіне заңгер мамандығына оқуға түстім. Сол кезде темір торға тоғытылатыным үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бірақ өткен өмір мен үшін жай ғана түс сияқты. 2005 жылы арман қуып Астанаға бардым. Жекеменшік компаниялардың біріне жұмысқа орналастым. Онда ерекше көзге түсіп, жақсы жұмыс істеуге тырыстым. Жалақым да жаман болған жоқ. Жалпы, біздің қоғамда еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Бірақ көбіміз соны дұрыс түсіне бермейміз. Қолымыздан келсе, қоныштан басып, ар емес, пайда іздейміз. “Алтын көрсе, періште жолдан таяды” демекші, шайтанның құрсауына түскенімді өзім де аңдамай қалған екенмін. Осылай біреуден кейін, біреуден ілгері сәтімен өрбіген өмірімнің күл-талқаны шығады деп кім ойлаған?..

Біреудің мүлкіне қол салғаным үшін сот мені айыпты деп тауып, 8 жылға бас бостандығымнан айырды. Қылмыс әшкереленбесе, мен әрі қарай да алған бетімнен қайтпай жүре берер ме едім. Бірақ, Алланың көзі түзу екен. “Дәніккеннен құныққан жаман” демекші, құныққан құлын көрген Жаратушымыз темір торға тоғыту арқылы маған түзу жол көрсетті. Қанша азапқа салса да, Алла мен адам алдында адал болу керек екенін үйретті. Опық жегізіп, ойландырды. Істеген істен қорытынды шығаруыма септігін тигізді. Өмірдің мәні ақша, бедел, мансап емес, отбасы, ошақ қасы екенін ұғындырды. Басында Алматы қаласындағы колониялардың бірінде отырған едім. Бір жыл бұрын мені Қызылжардың түзеу мекемесіне ауыстырды.

Менің балапаным қазір не істеп жүр екен? Үлкен қыз болып қалған шығар. Қазақ: “Балаң – бауыр етің”, – деп бекер айтпаған. Құлынымның кішкентай күніндегі тәтті қылықтарын да көре алмадым. Мен қандай анамын? Мен анамын ба? Барлық аналар сияқты бөбегімді мейірлене, құшырлана иіскей де алмаймын. Мен үшін өмірдің азабы осы. Егде жастағы ата-анамды қайғы-мұңға батырып, ұятты қылық жасадым. Әрбір ата-ана баласы үшін алаңдап, қара уайымға салынады. Жақындарымды жерге қаратқаным үшін олардан кешірім сұраймын. Әттең, бәрін кеш түсіндім. Осылай темір құрсауға қамалатынымды білгенде, ешқашан күнәлі іске аяқ баспаушы едім. Біреудің мүлкіне қол салмақ түгілі, ала жібін де аттамас едім.

Біздің “екінші үйіміз” болып кеткен тар қапаста әлі бес жыл отыруға тура келеді. Сырттағы адамдарға жылыстап жылдар тез өтіп жатқан болуы керек. Олар өмірдің бейқам тіршілігімен сабылып, күндегі шаруасымен әлек. Ал біздер үшін уақыт тоқтап қалған сияқты. Бірақ, әйелдер колониясындағы тігін цехын көңілге медет қыламыз. Цехта біз түрлі киім-кешек тігеміз. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейміз. Бұл тігін цехына жұмысқа орналасқаныма 3 ай болды. Тігіншіліктен менің хабарым жоқ еді. Алайда, өмір өз ырқына көндіріп, тігіншілікке бейімдеп, қолыма ине мен жіп ұстатты. Жұмысқа орналаспас бұрын, 9 ай оқыту курсында тігін тігуді үйрендім. Бізге технолог мамандар сабақ берді. Сөйтіп, Петропавл қаласындағы колледждердің бірінен диплом алып, мұнда жұмысқа қабылдандым. Әйелдер колониясындағы тігін шеберханасында инженер-технологтардың да біздерге үйретері көп. Тас құрсауда отырсам да, адал еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын. Қатал тағдырды жазғыра берудің реті келмес. Болған іс болды. Өтті, кетті. Енді артқа қарайлаудың не қажеті бар. Керісінше, жасаған қателіктеріміз сабақ болып, алға қарай жылжуымыз керек. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды. Алдағы өмір бұлыңғыр болса да, жарқын болашаққа ұмтылған жөн. Бәрі өзімізге байланысты. Мен отбасым үшін өмір сүруім қажет. Отбасыммен бірге жалған дүниенің жақсылығын көруге ұмтылуым керек. Өмірдегі құлшынысым – отбасым. Бірақ, ертең қызымның бетіне қалай қарамақпын. “Мама, сен осыншама уақыт қайда болдың?” – десе, қайтіп жауап бермекпін. Жүрегімді тілгілейтін де осы бір сауал. Қазіргі таңда Сәуле 6 жаста. Оның алғаш мектеп табалдырығын аттағанын әттең көре алмадым. Барлық аналар сияқты қолынан жетектеп, балабақшаға да апара алмадым. Ал ата-анам болса, қазіргі таңда Қостанай қаласында тұрады. Менен кейінгі інім бар. Күйеуім мен туыстарым ара-тұра түрмеге келіп, сәлем-сауқат жеткізеді. Бірақ, үміт отын маздататын Сәулемді бір көруге зармын. Оны көрмегелі де үш жылдың жүзі болды.

Қасымда менімен шамалас қыз-келіншектер бар. Олар да жаза басып, опық жегендер. Түрлі қылмыстық әрекеттері бойынша темір торға қамалған әйелдердің тағдыры әртүрлі. Бірі істеген ісіне өкінсе, келесі біреуіне бұл үйреншікті жағдай. Мен мұнда бос отырғым келмейді. Сан-саққа ойымды жүгіртіп, өзіммен-өзім қалғым келмейді. Әйтеуір санам мен ойым бір-бірінен ажырамаса екен. Мұнда өтетін түрлі концерттік бағдарламаларға белсене қатысамын. Тәрбиелік маңызы бар шаралардың басы-қасынан табыламын. Әртүрлі мерекелерде театрландырылған көріністер қойылады. Дегенмен, қамауда отырғанның несі жақсы. Әйтеуір ит тірлікте өлместің күйін кешіп жүргеніме тәубе деймін.

Мұндағылар жақсы тәртібім үшін мерзімінен бұрын босатылуым мүмкін екенін айтуда. Енді 2 жылдан соң бостандыққа шығуым да ғажап емес. Ұшқан құстың қанаты талатын сайын дала Сарыарқамның төсінде кең тыныстасам арманым болмас еді. Мен үшін сайын даланың самал желі де таңсық. Тезірек отбасыммен қауышып, жаңа өмірімді бастасам деймін. Сол күнге Алла аман-есен жеткізсе екен. Туған елімнің гүлденуі жолында еңбек еткім келеді. Әй, қайдам, енді маған адамдар сенбейтін шығар? Басқаларын былай қойғанда, отбасымның сенімінен айрылмасам етті. Сондықтан сенімге селкеу түсіргенім үшін қатты қиналамын. Үміт отын маздатқан Сәулемнің бойжеткенін көруден асқан бақыт жоқ мен үшін. Анасының жан жылуын сезіне алмаған балапанымның бақыты үшін талай сын сағаттарына төтеп беруім керек екенін жақсы түсінемін. Мен қандай қиындықтар кездессе де, төзуге дайынмын. Тек, отбасымнан Құдай ажырата көрмесін. Алладан бар сұрайтыным осы. Елімнің тыныштығы мен отбасымның амандығын тілеуден басқа қолымнан келер ештеңе жоқ.

Қоғамда мен сияқты жаза басқан тағдырлар саны көп болмаса екен. Қылмыс әлемінде атым шығып, қазақы тәрбиеге сызат түсіргеніме ұяламын. Өзімнің істеген ісіме қатты өкінемін және ендігіде қайталанбайды деп уәде беремін. Қара ниетті пиғылдан, арам ой мен арсыз істерден бойымызды алшақ ұстауымыз қажет екенін ұқтым. Менің өмірімде өнеге жоқ. Бірақ, осы жазбадан жүздің біреуі емес, мыңның бірі ой түйсе, нұр үстіне нұр болар еді. Менің тағдырым өзгелерге де сабақ болады ғой деп ойлаймын.

Міне, Сәуленің суретін қолыма алып, ары мен жаны таза, санасы уланбаған, жүрегі кір шалмаған қызымның жанарына көз салып отырмын. Бал дәурен балалық шақта ана махаббатына бөлене алмаған бейкүнә жанның обалына қалғаным ба?!.

Дайындаған

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp