Айнұр мен Саматтың отасқандарына бірнеше жыл болды. Араларында бала жоқ. Ағайын-туыстың: «Дәрігерге қаралдыңдар ма? Уақыт оздырып алмаңдар!» деген сөзіне екеуі де ақылдасып алғандай: «Жоқ. Қаралмадық. Әлі жаспыз ғой. Сәби сүюді жұмысымызды бір жөнге келтіріп алған соң жоспарлаймыз», – деп жауап береді. Шын мәнінде ерлі- зайыптының баспаған тауы, тоздырмаған табалдырығы қалмаған. Ақхалаттылар да, емшілер де денсаулықтарыңда кінәрат жоқ екенін айтып қайтарып жібереді.
Елімізде Айнұр мен Самат сияқты сәби күлкісін естуді армандап жүрген жандар аз емес. Олардың қатары соңғы жылдары бірнеше есеге көбейген. Бүгінде Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы «бедеу» деген ауыр дертті арқалап жүр. Республика бойынша 14 мың әйел бедеу, мыңнан астам еркек – белсіз. Өңірдегі көрсеткіш де күдігімізді қоюландыра түседі. Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжнаяның айтуынша, былтыр өңірдегі 200 жұп бедеулік диагнозы бойынша есепке қойылыпты. Дәрігер бедеуліктің өршуіне әсер етіп жатқан факторлардың бірқатарына тоқталып өтті.
«Бала сүйе алмаудың негізгі себебіне жыныстық қатынасқа ерте түсу, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жатады. Бұған қоса дұрыс тамақтанбау, ішімдік ішу, шылым шегуден болатын эндокриндік-метаболитикалық өзгерістер де бедеулікке алып келеді. Әйелдерде жатыр түтікшесінің бітелуі бедеуліктің ең басты себебі болып отыр. Елімізде бұл дертті емдеуге және алдын алуға көп көңіл бөлінуде. Тұрғылықты мекенжайы бойынша ерлі-зайыптыларды есепке алу, тексеру, уақытылы ем қабылдау мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі», – дейді маман.
Репродуктолог-дәрігерлердің айтуынша, егер әйел мен еркек үйленгеннен кейін, бір жыл бойы бала болмаса, бұл бедеулік болып саналады. Әйел бедеулігі екі түрге бөлінеді екен. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы басты себеп. Жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайтын көрінеді. Есімі елге белгілі репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова бір сұқбатында көмек сұрап келетін әйелдердің 80 пайызы кезінде түсік жасатқандар екенін айтқан болатын. Демек, жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тарту осындай қасіретке әкелетіні дәлелденген.
Бедеулік мәселесі біздің елімізді ғана емес әлемді де алаңдатып отыр. Әр мемлекет бұл жайтпен өзінше күресуде. Ал Қазақстанда жылдар бойы ұрпақ сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың шаңырағына шаттық сыйлау мақсатында «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданған. Бүгінде бұл бағдарламаның игілігін көріп отырған жұптар аз емес. Елена Калюжнаяның айтуынша, «Аңсаған сәби» аясында соңғы төрт жылда өңірге 777 квота бөлініп, нәтижесінде дүниеге 193 нәресте келген. Олардың отызы – егіз.
Бұл бағдарламаның игілігін көргендердің бірі Айша Нұрғалиева. Он үш жылдан бері бала сүйе алмаған ол Қытай, Корея сынды мемлекеттердегі емдеу мекемелеріне де жүгінген. Бірақ нәтиже болмапты. «Маған ақхалаттылар «жатыр түтікшесінің бітелуі» деген диагноз қойды. Қылдан да нәзік болып келетін түтікшені медициналық жолмен ашу мүмкін болмады. Сондықтан да жасанды ұрықтандыру жолын таңдадым. Бүгінде, Құдайға шүкір, он үш жыл зарықтырған қызымыз өсіп келеді. Осы бағдарламаға екінші мәрте қатысу үшін құжаттар жинап жүрмін», – дейді ол.
Бұрын отбасындағы ерлі-зайыптылардың ұрпақсыз өтуіне тек әйел ғана айыпты деп саналып келгені шындық. Бірақ ғылыми-зерттеудің нәтижесінде бала көтермеуге ер ададардың да кінәлі екені анықталған. Сондықтан бедеуліктің себебін білу үшін ерлі-зайыптылардың екеуінің де дәрігерге тексерілгендері жөн. «Кейде ері мен әйелін бірдей емдеуге тура келіп жатады. Еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Ал екеуінің де денсаулығының дімкәстігінен балалы болмау 30-40 пайызды құрайды. Сондықтан біз ерлі-зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз. Алайда ер-азаматтар тексерілуге онша құлықты емес. Көбі оны намыс көреді. Тіпті еркектердің 60 пайыздан астамы дәрігерлерге жоламайды», – дейді уролог-дәрігер Қасым Ескендіров.
Елена Калюжная облыстық перинаталдық орталықтың әйелдерді босандыру залы бір күнге де босамайтынын айтты. Жасанды түсік тастау орталығы да демалыссыз жұмыс істейді екен. Маман соңғы кездері жасанды түсік жасатуды құп көретін қыз-келіншектердің көбейгенін жеткізді. Былтырдың өзінде 1300 аборт жасалған. Осы санды естігенде көз алдыма сәбилі бола алмай, жанарларын жастан құрғатпаған ерлі-зайыпты Айнұр мен Самат көлбеңдей кетті. Құрсағына біткен шаранадан тез арада құтылуға талпынған қатігез аналардың әрекеттері жүрекке қанжар сұққанмен бірдей әрекет. Қос тағдыр. Қос мұңлық. Қайсысын ақтаймыз?
Жансая ДЕРБИСОВА,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.
Тақырыпқа тұздық
Әлемде қанша жұп бедеулікке шалдыққаны туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең соңғы мәліметі осыдан бес жыл бұрын жарияланған екен. Онда 50 миллионға жуық адам осы кеселге ұшырағаны айтылған. Ал қазір бұл сан өскені анық. Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, бедеулік пен белсіздіктің белең алуына тамақтану үрдісінің өзгеруі мен экологиялық факторлар көп әсер етіп жатыр. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз нарсыз. Ас-суымызда небір бояғыштар, дәм күшейткіштер, химиялық қоспалар көбейді. Содан кейін адамзаттың бөлінбес бөлшегіне айналған микротолқынды пештер, компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып жіберген. Сондықтан ғалымдар ұялы телефонды қалтаға жақын ұстамау, қуат көзі 5 пайыздан төмендегенде оны қолданбауға кеңес береді.