Қазақтың тіршілік етуінің басты қағидалары әу бастан-ақ текетірестерді айналып өтіп, пәтуаға келуге, теңдікке, ортақ іске жұмылып, бейбіт қарым-қатынас құрып, оқыс жайларды шиеленістірмеуге негізделгені. Ғылым тілінде оны “үшкір бұрыштары жоқ” философия деуге болады.
Шындығында да солай. Киiз үйдегi кеңiстiк – қазақ дүниетанымының тоғысқан жерi болса, шаңырақтың шайқалтпай, нық ұсталуын, уықтардың дұрыс әрі тез шаншылуын жақсы ырымға балаған. Оның астында тұратындар ұйымшыл, ауызбіршілігі мол болады, ол шаңырақтан шыққандарға бауырмалдық, мейірімділік қасиеттер сіңеді деп сенген.
Бұл сенім де ұлт бойында сақталып, қазіргі қоғамды топтастыруға, бір мақсатқа шоғырландыруға қызмет етуде. Осыдан 27 жыл бұрын – 1992 жылдың 18 қазанында Алматы қаласында – Қазақстан алғаш рет бір үстел басында барлық дін өкілдерін, рухани ұйымдарды, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін жинады. Қатысушылар Бірінші Дүниежүзілік рухани келісім конгрессінде манифест қабылдады, онда рухани келісімге келіп, жанжалдар мен қақтығыстарға мораторий жариялайтын, қайырымдылық және жақындарға көмек көрсету күнін жариялау ұсынылды. Содан бері елімізде 18 қазан – Рухани келісім күні ретінде атап өтілуде. Қазақстан – сол кездегі жаһандық қарама-қайшылықтардың қиын-қыстау кезеңінде рухани келісім идеясын нақты күшке айналдырған ТМД елдері арасындағы алғашқы мемлекет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өткен әлем діндері көшбасшыларының ІІІ съезінде “Бүгінгі таңда діннің адамгершілік және гуманистік императиві бұрынғыдан да аса сұранысқа ие. Сананы өзгертпей, моральдық нормалар мен жоғары моральдық қағидаларды қатаң сақтамай дағдарысты жеңуге болмайтындығына сенімдімін”, – деген болатын. Елімізде діни төзімділік пен конфессияаралық, мәдениетаралық диалог зерделі саясаттың жемісі десек болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заң қабылданды. Елімізде тіркелген діни конфессиялардың жұмысына, қоғам тұрақтылығының нығаюына жағдай жасалып, діни келісім жай ғана абстрактілі идея ғана емес, нақты өмір шындығына айналды.
Қазақстанда 130-дан астам этнос пен 18 конфессия өкілдері тұрады. Этностар арасындағы татулық пен бірлік қазақстандықтарға ел болып қалыптасудың қиын жылдарын бастан өткеруге көмектесті және дамуына зор қолдау көрсетті.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда жалпы азаматтық сананың, дәстүрлі қазақ ділінің және басқа этностардың өзіндік дүниетанымын үйлестіретін этносаралық және дінаралық қатынастардың жүйесі қалыптасты. 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық келісімді, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің айқын көрінісі.
Бүгінде барлық өңірлерде Достық үйі жұмыс істейді. Облыс орталығындағы Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының сессиялары, діни бірлестіктер басшылары клубының кездесулері, басқа да маңызды іс-шаралар өткізіледі. Бұл шаралар діни экстремизм мен лаңкестіктің себептері мен жағдайларын зерттеуге, этносаралық келісімді сақтауға, конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастырудың әлеуметтік-саяси тетіктерін анықтауға мүмкіндік береді. Қоғамдық даму және ақпарат орталығының қызметкерлері өңіріміздегі діни қақтығыстар қаупін анықтау және діни ахуалды зерттеу мақсатында мониторинг жүргізіп отырады.
Еліміздегі діни ағымдардың сан алуандығына қарамастан, конфессияаралық қайшылыққа алаңдайтын негіз жоқ. Десек те, этносаралық келісімді, діни төзімділікті, конфессияаралық диалогты сақтау және нығайту діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз.
Қоғамдық даму және ақпарат орталығының конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту бөлімі этносаралық және конфессияаралық төзімділік мәселелері бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасымен бірлесе ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәселен, орталық мамандары діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу және студенттердің діни сауатын ашу мақсатында факультативтік курстар ұйымдастырды. Аталған жоғары оқу орнының профессоры, философия ғылымдарының докторы Александр Никифоровпен бірге “Солтүстік Қазақстан облысындағы діни бірлестіктер: тарих және бүгін”, “Солтүстік Қазақстан облысындағы аз және тыйым салынған діни бірлестіктер”, “Құран мен Інжілдегі сәйкестіктер”, “Бір шаңырақ астында”, “Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі: жаһандық дінаралық диалог” тақырыптарында әдістемелік құралдар әзірленді. Бұл әдістемелік құралдар елімізде ғана емес, Ресейдің бірқатар жоғары оқу орындарында пайдаланылуда. Осы оқу жылында орталықтың сарапшы маманы Олег Синяков “Қазақстанның діні мен этносы: тарих және бүгін” тақырыбында курс әзірлеуде. Бұл еңбекте этникалық топтардың дәстүрлі дүниетанымы зерделенбек.
Біз биік мақсаттарға қол жеткізу үшін өз-өзімізді ұдайы шыңдап, рухани, адамгершілік қасиеттерімізді жандандыра түсуіміз қажет. Қазақстанның басты құндылығы түрлі этнос өкілдерінің конфессияаралық және мәдени келісімін, достық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған еліміздің саясатын жауапкершілікпен жүзеге асырып, рухани келісім – бейбітшіліктің іргетасы екенін ұмытпауымыз керек.
Қанат МҰСТАФИН,
облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық даму және ақпарат орталығының теологы.