«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЙБІТШІЛІК — АДАМЗАТТЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

“Экстремизм” терминін сөзбе-сөз аударғанда шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару дегенге саяды. Ал “терроризм” ұғымын “зорлық зомбылық”, “қорқыныш пен үрей туғызушылық” және “кінәсіз адамдарға кесірін тигізу” сынды теріс әрекеттер айқындап тұр. Терроризмге бейім адамдар мұсылман отбасыларында, яғни біздің көз алдымызда өсіп-жетілді. Біз оларды мұсылман деп санадық. “Террорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешірді? Біз бұған кінәлі емеспіз бе?” деген көптеген сұрақтарға жауап іздеп көрейікші.

Исламның негізін меңгерген адамның террорист болуын елестету мүмкін емес. Лаңкестік жолға түскен адамның мұсылман болып қалуы неғайбіл. Дінде адам өлтіру арқылы ізгі мақсатқа қол жеткізу деген ұғым мүлдем жоқ. Ал енді сондай жолға түскендерге дұрыс тәрбие бере алмауымыздың сыры неде? Иә, жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашу үшін барлық жағдайды жасадық деп айта алмаймыз. Мәселе әбден ушыққанда ғана бірқатар жедел шаралар қолға алынды.

Адамның рухани дүниесіне қажетті құндылықтардың барлығы бала бойына мектеп жасынан бастап сіңірілуі керек. Лаңкестердің барлығы біздің арамызда өсіп-тәрбиеленді. Олар – біздің балаларымыз. Олардың адам өлтіруге, жалпыадамзаттық құндылықтарға қарсы шығуына не себеп? Өз ұлтын жау көріп, “жанды бомба” болып жарылуын қалай түсінуге болады? Демек, мұның бәрі – тәрбиеден кеткен кемшіліктер.

Тәрбие жүйесінде ойланып-толғанатын жайттар көп. Рухани тәрбиеге тиісінше мән берілмегендіктен, бүгінгі қоғамда осындай сорақылықтар орын алып отыр. Имандылықтан жұрдай ұрпақ өсті.

Террорлық әрекетке барып жатқандар мешіт жамағатынан шыққан, діндар жандар емес. Шынайы мұсылмандар мұндай жауыздыққа бара алмайды. Жанкештілікке көбіне діни сауаты жоқ адамдар әуес. Сана-сезімі әбден уланған олар әлдекімдердің “Мынаны өлтіру керек” деген тапсырмасын бұлжытпай орындауы да мүмкін.

Осындай жантүршігерлік қылмыстардың алдын алу үшін жас ұрпаққа дұрыс тәрбие мен білім берудің маңызы зор. Шынайы мұсылманның еш уақытта лаңкес бола алмайтындығын өскелең ұрпақтың сана-сезіміне сіңіруіміз керек. “Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса – соның сауабын, кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса соның жазасын тартады” (“Зилзал” сүресі, 7-8-аяттар). Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең деген аят та бар.

Ибн Аббас атты сахаба қаса-қана адам өлтіруші мәңгілік тозақта қалады дейді. Елдің елдігін сақтау Құран мен сүннетті басшылыққа алып, бұрынғы даналарымыздың көрсеткен жарқын жолымен жүруде екенін түсінетін уақыт жеткен секілді. Осы тұрғыдан кешегі мен бүгінгіні мұқият саралауға міндеттіміз. Дінімізде мәңгі өзгермейтін ұлы ақиқаттар мен заман шарттарына қарай бейімделіп отыратын құндылықтар бар. Міне, осыларды қаперге ала отырып, белгілі бір тепе-теңдіктен ауытқымай, дінді бір бүтін ретінде парасатпен пайымдап, заман талабына сай түсіндіре білетін ғалымдар мен ойшылдардың болуы аса маңызды. Ислам діні пайда болғаннан кейінгі алғашқы бес ғасырда дінтанушылардың қоғамдағы рөлі жоғары болды.

Алланың 99 көркем есімінің бірі “әс-сәләм” – “тыныштық”, “бейбітшілік” мағынасын береді. Әрбір мұсылман бір-біріне амандасқанда амандық тілеп сәлемдеседі.

Ислам діні өзімшілдікке жол бермейді, Алла алдында барша адам тең. Тәңірі басқаларға ісімен де, тілімен де залал, зиян келтіруден тыйып, адамдарды жарастықта, татулықта ғұмыр кешуге, бір-бірін қуаттап, қолдауға үндейді. Ислам діні соғысқа, қан төгіске шектеу қояды. Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы. Құран қағидалары қақтығыстардың алдын алу үшін ұрыс-жанжалдарды харам еткен. Қару ұстап, күш қолдануға басқалар шабуыл жасаған жағдайда амалсыздан қорғану мақсатында ғана рұқсат етілгеніне Құран аяттарының мына сөздері дәлел: “Өздеріңе біреу шабуыл жасаса, Құдай жолында сендер де соғысасыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Алла шектен шыққандарды ұнатпайды”.

Тарихқа жүгінсек, Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар қатысқан соғыстың бәрі қорғану, жаудың бетін қайтару мақсатында болған. Дінімізде жазықсыз адамның өмірін қию үлкен күнә, ең ауыр қылмыс болып саналады. Шариғат тұрғысынан адам өмірі қасиетті, оны ардақтай білу – парызымыз. Пайғамбарымыздың сөзімен айтсақ: “Адам жаны мен оның иелігі айлардың ішіндегі мұххарам, мекендер ішіндегі Қағба (Меккедегі), күндердің ішіндегі Құрбан, хадж уақытындағы Арафатта тұру сынды қастерлі, оған тиісуге болмайды”.

Жан алу Жаратушының еркімен, бұйрығымен іске асады, бөгдені жер жастандыру – Алланың қалауына қарсы келумен пара-пар.

Алла тағала аятта: “Бейкүнә адамдарды өлтіруші болмаңдар, ол – Тәңірі тыйым салған іс. Егер біреу нақақ өлтірсе кек алу құқығы өлген адамның жақын туысына беріледі. Ол бірақ кек алуда шектен аспауы керек”, – дейді (“Исра” сүресі, 33-аят).

Шариғат бойынша қасақана қан төгуге Жаратушы тарапынан ақырет күнінде қатаң әрі ауыр жаза бар. Құран Кәрімнің “Ниса” сүресінде айтылғандай: “Кімде-кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қаһары мен қарғысына ұшырайды. Жаратушы оған ауыр азап дайындайды”. Ал бұл жайлы хадисте бұ дүниеде осы қылмысы үшін “қанға – қан” дегендей, қысас жолымен ауыр жазаға тартылатыны баяндалған. Алайда, жаза жекелеген топтың емес, кәсіби қазының (соттың) шешімімен, қатаң шариғи шарттар арқылы жүзеге асады.

Ислам террорға, зорлық-зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға қарсы. Жаратушы сөзімен қарасақ, бір адамға қиянат жасап, құрбан ету күллі адамзатқа бағытталған амал ретінде түсіндіреледі. Сондықтан исламның қақтығыс, лаңкестік, зорлық-зомбылықты, өктемдікті айыптағанын, керісінше қоғамдық тұрақтылықты, ізгілікті, ұстамдылықты уағыздаған дін екеніне көз жеткіземіз.

Жалпы терроршының ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның терроршы болуы әсте мүмкін емес.

Шынайы мұсылман Құран мен сүннеттің рухына сай, яғни қайырымдылықпен, көркем мінезбен, әрбір жанды қандай болса сол күйінде танумен және әділ мінезімен сипатталады. Ислам дінінде биік адамдық қасиеттерге ие, заңды қадірлейтін мейірімді әрі тәртіпке бағынатын тұлғаның қалыптасуына ерекше мән беріледі. Сол себепті, мұсылмандар арасында орын алып отырған лаңкестіктің алдын алу үшін жас ұрпақтың бойына діни білім беру арқылы адамгершілік пен ізгі мінез қалыптастыруға болады. Бұған қоса, зайырлы білім беру жүйесі мен ағартушылық қызметке де арқа сүйеген жөн. Сонымен қатар, ата-аналар балаларын сүйіспеншіліктің бесігінде бөлеу үшін отбасы институтының рөлін арттырудың маңызы өте зор.

Бүгінгі таңда терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар игі бастамаларды жүзеге асыруда. Атап айтар болсақ, ең әуелі кадр мәселесін шешу үшін медреселер ашып, жасөспірімдердің діни білім алуына ерекше мән беріп отыр. Еліміздегі имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында республика аумағында семинарлар, конференциялар өткізуде. Алайда, лаңкестікке жалғыз дін қызметкерлері ғана тойтарыс бере алмайды. Терроризммен исі мұсылман баласы жаппай күрескенде ғана жат ағымдардың жолын кесуге болады.

Ершат ОҢҒАРОВ,

теолог.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp