Омарташы дегенде көзімізге басына қалпақ киіп, бетін тормен жапқан адамның бейнесі елестейді. Омартасының ортасында әр қадамын баппен басып, бал араларының тіршілігін жай адамның құтын қашыратын ызыңынан ажырататын аталмыш кәсіп иесінің бірі – Ринат Сагаутдинов.
Бал туралы атақты физик Альберт Эйнштейн: “Егер бал арасы құритын болса, төрт-бес жылдан кейін адамзат баласы да жойылады”, – дегенді айтыпты. Бұл дәлелденген шындық болмаса да, гүлден-гүлге ұшып-қонып жүретін аралардың балы әрдайым сұранысқа ие. Содан да болар бүгінде Ринат Гумарович атасының кәсібін жалғастырып отыр.
– Атам Татарстанда тұрғанда омарташылықпен айналысқан. Ал әкем Қазақстанға 1960 жылдары көшіп келгенде оған атам араның санаулы ұясын сыйлаған екен. Алайда, Кеңес Одағы кезінде барлығы жұмысбасты болды ғой. Сол себепті әкем омарташылықпен ермек деңгейінде ғана шұғылданды. Ал мен Отан алдындағы борышымды өтеп, елге оралғанда әкем 5 ұя берді. Мен сол ұяларды күтіп, баптау үшін әкемнен ақыл сұрап, кітап, журналдарды оқып, тәжірибе жинақтадым, – дейді Ринат Сагаутдинов.
Әу баста өзі де ермек ретінде бал араларын өсірген кейіпкеріміз 1990 жылдардағы экономикалық қиыншылық кезінде омарташылықты қайта қолға алады. Бүгінде 30 жылдық тәжірибесі бар Ринат Гумарович ұлы Русланды да өзінің сүйікті кәсібіне баулып жүр.
– Мен араларымды қыстыгүні қалада қыстатамын да, жаз шыға омартамды Мамлют ауданына апарамын. Балам жастайынан менімен бірге жүріп, бұл кәсіптің қыр-сырын меңгерді деуге болады. Бал жинау кезінде зайыбым Резеда да барып, қол ұшын береді. Алайда, осы еңбегіміз әр кез бағалана бермейді. Қазір нарықта бал бағасы өте төмен, – дейді омарташы.
Жинаған өнімін базарларда саудалайтын Ринат Гумарович жәрмеңкелерге де жиі шығады. Бірнеше рет Солтүстік Қазақстан облысының Астана қаласында өткізген ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне де барып келіпті. Өнімдерін көңіл көншітерлік бағаға өткізу – барлық омарташылардың басты мәселесі.
– Ара балының ғажайып емдік қасиеттерін адамзат көптен бері біледі. Бұл жайлы тіпті қасиетті Құран Кәрімде де айтылған. Араның тек адам денсаулығына емес, қоршаған ортаға да беретін пайдасы шаш етектен. Экологтардың айтуынша, қара топырақтың құнарлығын қалпына келтіруде аралардың көмегі зор. Бір өкініштісі, Қазақстанның әр тұрғыны жылына орта есеппен небәрі 40 грамм ғана бал жейтін көрінеді. Бұл бір шай қасық қана, – дейді тәжірибелі омарташы.
Ал сол балдардың құнарлы, нәрлі болуы өңіріміздегі мал мен егін шаруашылығының дамуымен де тікелей байланысты. Мал шаруашылығы құлдырап, егістік алқаптарға тек бидай себілген кезде, омарташылар омарталарын қоятын жер таппаса, аралары бал жинайтын өсімдікке зәру болыпты. Ал қазіргі таңда өңірімізде мал шаруашылығы саласы қайта жанданған кезде, егіс алқаптарына рапс, күнбағыс себіліп, араларға қажетті өсімдік түрінің қатары көбейіпті. Шаруа қожалықтары қара-құмық көбірек өсірсе ғой деген тілегін де жеткізген омарташы ара шаруашылығын дамыту бүкіл аграрлық салаға оң әсерін тигізетіндігін тілге тиек етті. Рапс, күнбағыс секілді дақылдарды өсірген жағдайда ара бөлетін тозаң өсімдіктің тез жетілуіне, мол өнім алуға септігін тигізеді екен.
– Бүгінде менің омартамда 50 ұя бар. Андасанда аналық араларды сатып аламын. Бүгінгі таңда араның ұясы 11-15 мың теңгеге бағаланады. Жергілікті омарташылар еліміздің оңтүстік облыстарынан және Өзбекстан мен Ресей арқылы Украинадан алдыртады. Өңіріміздегі омарташылар арасында карпат арасы кең таралған. Ол өте жуас әрі жалаң қолмен жұмыс істеуге болады.
Біз, омарташылар жаз кезінде жиі кездесеміз. Сол кезде әңгіме-дүкен құрып, тәжірибе алмасамыз. Жалпы өңірімізде омарташылар саны жыл сайын көбейіп келеді. Омарташылық отбасылық кәсіп болғандықтан, әкенің орнын бала басып, ұрпақ сабақтастығы да сақталуда, – дейді Ринат Сагаутдинов.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.