Банк саласын соғыс жағдайына бейімдеу оңай болған жоқ. Мамандардың алдында эмиссияны тежеу мәселелерімен қатар соғыстың алғашқы кезеңінде бюджеттік кірістерді ұлғайту, мемлекеттік бюджет тапшылығын азайту, КСРО Мемлекеттік банкінің алдында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін соғыс уақытындағы жұмысқа бейімдеудің қиын міндеттері тұрды.
Соғыс басталған кезде кәсіп орындар мен ұйымдар арасындағы экономикалық байланыстар мен ақша қатынастары күрт бұзылды. Мұндайда есептеулердің клирингтік нысанын кеңінен қолдану туралы шешім қабылданды.
Кредиттеу саласындағы бірінші кезектегі міндет эвакуацияланған кәсіпорындарға қажетті көмек көрсету болды. Осылайша тікелей банктік кредиттеудің негізгі принциптеріне өзгеріс енгізілді. Есеп айырысуды кредиттеудің үнемі өзгеріп отыратын тәжірибесі банк қызметкерлерінен экономиканың әртүрлі салаларына кредиттік және есеп айырысу қызметін жүзеге асыру үшін арнайы білімді талап етті
Банк мекемелерінің көптеген тәжірибелі жұмысшыларының майданға кеткеніне қарамастан қалған мамандар тапсырмаларды сәтті орындап, клиенттерге қызмет көрсетуді жалғастырды. Мемлекеттік банктің облыстық кеңсесінен 1941-1942 жылдары 31 қызметкер майданға шақырылып, оның 16-сы қаза тапты. Барлық дерлік ер адамдар майданға ат танғандықтан, кадрларды даярлау, әсіресе кредиттік аппарат мәселесі туындады. Банк мамандарын оқыту курстары ұйымдастырылды, ішінара майданға кеткен мамандардың орнын банктердің эвакуацияланған мекемелерінің қызметкерлері ауыстырды.
Мемлекеттік банктің маңызды міндеті үнемдеудің қатаң режимін сақтау, кәсіпорындар мен мекемелердің ішкі ресурстарын жұмылдыруды, қаржылық және кредиттік есеп айырысу тәртібін сақтауды бақылау болды.
Облыстың Мемлекеттік банкінің қызметкерлері эвакуацияланған кәсіпорындарға көмек көрсетті, облыс аумағында қалыптасқан Қызыл Армия бөлімдеріне есеп айырысу- кассалық қызмет көрсетуді, әскери қызметшілердің отбасыларына жәрдемақы төлеуді қамтамасыз етті. Арнайы банктердің тапсырмасы бойынша жаңа кәсіпорындардың жедел құрылысын қаржыландырды, жеткізуші шаруашылық органдарына жүктерді нақты сатып алушылар мен олардың төлеушілерін табуға көмектесті. Соғыс уақытында шаруашылықтарда кассалық тәртіпті нығайту, айналымдағы қаражатты жеделдету бойынша көптеген жұмыс жүргізілді.
Негізгі жұмыстан басқа облыстық кеңсе қызметкерлері ауылдарға егін жинауға, ағаш кесуге, трамвай желісін, ЖЭО салуға, темір жолдарды, аэродромдарды қардан тазартуға және басқа да жұмыстарға жіберілді. Тәулік бойы кезекшілік белгіленді, касса қызметкерлері күн сайын артық жұмыс істеді. Банк қызметкерлері соғысқа дейінгі мемлекеттік қарыздардың барлық облигацияларын қорғаныс қорына тапсырды, майданға және азат етілген аумақтардың зардап шеккен тұрғындарына қажетті заттар жинады, ауруханаларда жаралыларға күтім жасады.
Майданға аттанған банк қызметкерлерінің бірі – Яков Васильевич Жильцов қалалық басқарманың инкассация бөлімінде жұмыс істеген. 1942 жылы сәуірде Мәскеуде «Катюша» жауынгерлік машинасына отырып, Берлинге дейін жетті, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталды. Бас қолбасшының атынан 8 Алғыс хат алды.
Анна Андреевна Целых (1924 жылы туған) 18 жасында майдан шебінде санитар, санитарлық нұсқаушы болған. Оған жаралыларды майдан даласынан шығару міндеті жүктеліпті. Ол ауыр жарақаттан аман қалып, 1949 жылы Мемлекеттік банктің облыстық кеңсесіне қайта оралып, 30 жылдан астам бас бухгалтерия экономисі болып еңбек етті.
Майдангерлердің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз Ұлттық банктің зейнеткері, тыл еңбеккері, КСРО Мемлекеттік банкінің үздігі Нина Чернышеваның ұйымдастыруымен және филиал басшылығының бастамасымен Солтүстік Қазақстан облысының банк жүйесінің тарихы кабинеті құрылды, онда 1871 жылы Петропавл қаласында бірінші банк ашылған күннен бастап қызықты материалдар жинақталған.
Людмила АНТЯСОВА,
Ұлттық банктің еңбек сіңірген қызметкері, ардагерлер кеңесінің мүшесі.