Бүгінгі таңда елімізде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Шағын және орта бизнестің жолын ашатын мемлекеттік бағдарламалар бар. Тек істі ілгері апаратындай қайтарымды бизнес-жоспарың болсын. Осындай игілікке қолы жетпесе де, ісін ілгері алып келе жатқандардың бірі “Омаров” жеке кәсіпкерлігі деу орынды. Біз мұны Амангелді Омаровпен әңгімелесу барысында айқын аңғардық.
Бүгінде “Аққу” брендімен танымал “Омаров” жеке кәсіпкерлігінің өнімдері талай дастарқанның берекесін келтіріп, көпшіліктің көңілінен шығуда. Осыдан тура он жыл бұрын Петропавл қаласының тұрғыны Амангелді Омаров сиыр етінен тұшпара жасайтын цех ашуды қолға алған. Кәдеге жаратса, бұл да байлықтың көзі. Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін жартылай дайын өнімдер нарығына, өңдеу технологиясына ден қойды. Қай іске де “Жеті өлшеп, бір кеспей” кірісудің пайдаға шығармайтынын салмақтады. Өз қаржысын шотқа қақты, отбасы мүшелерімен ақылдасты. Содан кейін барып, тың шаруаға түбегейлі бет бұрды. Сөйтті де цехын ашуды шындап қолға алып, мақсатты ісін жүзеге асырған болатын. Бүгінде кәсіпорын тоңазытылған жартылай фабрикаттар шығаратын заманауи өндіріс орнына айналып отыр.
– Кәсіпкерлік саласында бағымды сынап көруге бел буған соң “Каспий” банкі АҚ-ның филиалына жүгініп, бес жүз мың теңгенің несиесін алдым. Осы ақшаның арқасында ғимарат жалдап, цехымызды аштық. 2007 жылы өз жұмысымызды бастағанда, бізде 60 шаршы метр ғана цех, тұшпара жасайтын 2-3 жұмысшы болды. Қазіргі құрылғының бірі де жоқ еді. Бәрін қолмен істейтінбіз. Сатып алушының сенімі оянды. Жай арзан өнім емес, толыққанды өндіріс деп түсінді. Осыны назарда ұстадық. Сенім үдесінен көрінуге тырыстық. Брендімізді ойлап тауып, “Аққу” деп ат қойдық. Еңбегіміз бағаланып, жаңа деңгейге шықтық. Жаңа бастама үшін бұл зор көрсеткіш, – дейді Амангелді Кәкенұлы.
Уақыт өткен сайын өндіріс саласы да заманауи бағытқа талпыныс жасайтыны заңдылық. Сапалылығы мен дәмділігі көптің көңілінен шыққан өнімге сұраныс азайған емес. Кәсіп иесі заманауи құрал-жабдық сатып алуға бел буған. Ресейге сапар шеккен кәсіпкер арнайы құрал-жабдықтар алып, тоңазытқыштарының санын 25-ке жеткізді.
– Дағдарыс деген – мықтылар көтерілетін, әлсіздер нарықтан шығатын кезең. Сондықтан қиындықтарға қарамастан, біз жаңа бағытты еңсеруге көштік. Сөйтіп, өндіріс қуаты артқандықтан, тұшпарадан бөлек манты, хенкали, тефтели, голубцы және котлеттер шығаруды қолға алдық, – дейді кәсіпорын басшысы.
Өндірістік цехты аралағанымызда естігенімізден ешқандай алшақтық жоқтығын байқадық. Көргеннен-ақ көз тоятын нағыз өндірістік өнімді жазбай танисың. Соңғы он жылда өнімнің дәмділігімен де, сапасымен де қуантып келе жатқан цехта 7 адам еңбек етуде. Олар атқарған жұмыстарына қарай еңбекақы алады. Цехтың технологі Айсұлу Омарова – бұған дейін облыс орталығындағы тұшпара шығаратын бірнеше цехта жұмыс істеген тәжірибелі маман. Оның айтуынша, тұшпара ешқандай қоспасы жоқ табиғи өнімдерден жасалған. Тұшпараның құрамында адам өмірі үшін қажетті белок, май, дәрумен, минералды заттар көп.
– Біз жергілікті тұрғындардан сатып алған етті ғана пайдаланамыз. Экологиялық таза өнімге шетелдікіндей қоспа араластырмаймыз. Сондықтан біздің өнімдеріміз сұранысқа ие. Тұтынушылар қай өнімнің сапалы екендігін дәмін татқаннан-ақ біледі. Біз нарықты сапа жағынан жаулауға тиіспіз. Болашақта өнімімізді Астана қаласына да шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің тефтели, манты, котлет, тұшпара сияқты жартылай фабрикаттарымыз да отандық тұтынушылардың жақсы бағасын алып үлгерген, – дейді Айсұлу Омарова.
Күніне 200-250 килограмм өнім шығаратын цехтағы баға қолжетімді екенін байқадық. Тұшпараның килограмы – 550, манты – 570, тефтели – 590, котлет 600 теңгеден өткізілуде. Дайын өнім тапсырыс берген облыс орталығындағы “Успех”, “Жазира”, “Айжан” және “Рио” сияқты дүкендерге уақытында жеткізіліп отырылады. Сондай-ақ, өнімдердің басым бөлігі цех орын тепкен “Қызылжар” коммуналдық базарында апта сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде сатылымға шығарылады.
Басшының сөзіне қарағанда, былтырғы жылдары Ресейде рубль бағамының құлауынан өнімдері өзінің нарықтағы орнын жоғалтып алған болатын. Енді жағдай біршама тұрақталып, өндіріс көлемі бұрынғы деңгейге жетіп отыр.
Өндірілетін өнімнің өтімділігіне оң әсерін тигізіп отырғаны оның жоғары талапқа сай келетін жергілікті шикізатты ғана пайдаланатынында болса керек. Бұл жайында директорды сөзге тарттық.
– Жергілікті өнім болған соң сапалы етті арнайы тексеру мекемелерінің жіті қадағалауында болатын коммуналдық базарда сауда-саттық жасайтын сатушылардан сатып алып отырған соң бағаны көтермей отырмыз. Күніне 50-70 килограмм ірі қара мен шошқа етін сатып аламыз. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске көп көңіл бөліп, отандық өнімді көбірек шығарып, соны сатып алуға шақырып отыр. Мен Елбасының бұл бастамасын толық қолдаймын. Өйткені, өзіміздің жасаған өнімдеріміз өтіп, біз сияқты кәсіпкерлер үшін біраз қолдау болар еді, – дейді кәсіпорын басшысы.
Қазіргі таңда жеке кәсіпкерде өнімін саудалайтын бірнеше бағыты бар. Өнім Петропавл қаласынан бөлек, Новоишимка, Пресновка, Тимирязево, Корнеевка, Сергеевка, Явленка және Булаево елді мекендерінде сатылады.
Қазір кәсіпорынның өндірісі аяғынан нық тұрып, бұлардан бұрын жұмыс істеп келе жатқан өзге кәсіпкерлермен бәсекелесе алар дәрежеге жетті. Тақыр жерден бастаған ісі осындай өрге басуы, әрине, кәсіпкер үшін зор мерей. Енді табыс кілтін қолдан шығармауға тырысып баққан жерлесіміз кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту жолдарын қарастыруда.
Санға емес, сапаға жұмыс істейтін осындай еңбек адамдарының арқасында ырыс пен берекеге кенелген кәсіпкерлік әлі де талай биік белестерден көрінері анық.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.