«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЫЛ – МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН АРТТЫРУ ЖЫЛЫ Сондықтан Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысына жүктелген міндет зор

Өңір басшысы Самат Ескендіров емдеу мекемелерінің бас дәрігерлерімен отырыс өткізіп, онда өз өкімімен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы етіп тағайындаған Қабдырахман Сақтағановты таныстырды. Ол бұған дейін Петропавл қаласындағы №3 ауруханасының бас дәрігері болып істеген. Ал осыған дейін облыстық Денсаулық сақтау басқармасын басқарған Анатолий Ко Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалған. Жиында медицина қызметінің сапасын арттыру мәселесі де сөз болды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өңір басшысы Қабдырахман Еркінұлын жаңа лауазымымен құттықтай келе, оған медициналық қызмет сапасын, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға қатысты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Биылғы жыл өңірімізде медициналық қызметтің сапасын арттыру жылы болып жарияланатынын айтқан Самат Сапарбекұлы:

– Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы көлемі жыл сайын ұлғайтылуда. Өткен жылы бөлінген қаражат 2012 жылғыдан 20 пайызға артып, 19,8 миллиард теңгені құраса, биылғы жылы бұл мақсатқа 20,6 миллиард теңгенің қаражаты бөлінді. Үстіміздегі жылы 4 аудандық емхананың құрылысы аяқталмақ. Медициналық техниканы және санитарлық көлікті сатып алуға 1 миллиард теңгенің қаражаты жұмсалды. Медицина саласы қаржылай және техникалық жағынан қамтамасыз етіліп жатқанымен, кейбір өзекті мәселелер сол күйінде қалып отыр, – деді.

Мәселен, мамандар тапшылығы өткір сезілуде. Соңғы жылы өңірде денсаулық сақтау саласын мамандармен қамтамасыз ету көрсеткіші 1,1 пайызға ғана артқан. Жалпы облыс бойынша 231 дәрігер, оның ішінде елді мекендерге 89 білікті маман жетіспейді.  Жүрек-қан тамырлары және қатерлі ісік ауруларынан өлім көрсеткіші де төмендемеген.

Облыстық Кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов соңғы үш жылда миокард инфарктінен өлім көрсеткіші 3 есе кемігенін айтты. Сала мамандары күрделі ота жасауда үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Мамандар жеткілікті. Алайда, өзекті мәселелер де жоқ емес.

– 1978 жылы жабдықталған қарқынды терапия блогына 28 миллион теңгенің аппаратурасы қажет. Ол құрылғы сырқатты бақылауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ терапия бөлімшесі орналасқан орталықтың 4-ші қабаты күрделі жөндеуді қажет етеді, – деді Азамат Мағзұмов. Облыс әкімі көтерілген мәселелер жеке қаралатынын айтты.

Жиында сөз алған облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Ермек Әбдірімов өңірімізде қатерлі ісік дертінің дендеп тұрғанын тілге тиек етті. Әсіресе, өкпе ісігі өршіп тұр. Сүт безі мен асқазан рагы да жиілеген. Дәрігерлер тапшылығы өткір сезілмегенімен, ауруға шалдыққандар санының артқанын айтқан облыстың бас онкологы өткен жылы орталықтағы 40 дәрігер 44 мыңнан астам сырқатты қабылдағанын айтты. Ауруханаға құны 26 миллион теңге тұратын медицина құрылғысы қажет көрінеді. Сондай-ақ мекеменің бірінші қаба-тына жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Емдеу мекемесі толықтай республикалық бюджеттен қаржыландырылатындықтан, бұл мәселелер министрлік деңгейінде шешілмек.

Әкімдік отырысында Шал ақын ауданының орталық ауруханасына 8 дәрігердің жетіспейтіндігі де айтылды.

Облыс тұрғындарынан медицина саласы мамандарының қызмет көрсету сапасына сын айтылып, бас дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақырту мәселесіне қатысты шағымдардың түскенін атап көрсеткен Самат Ескендіров денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларынан тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесіне барынша көңіл бөлуді талап етті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp