«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИІК БЕЛЕСТЕР

 

Облыс орталығындағы күрестен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің іргесі қаланғанына биыл 45 жыл толып отыр. Өткен күнге көз салсақ, талай белестер бағындырылыпты.

Облысымызға белгілі бапкер Виктор Виктің бастамасымен 1971 жылдың 17 қарашасында спорт мектебі ашылды. Алғашында оған Петропавл қаласының бұрынғы Каманин көшесіндегі тұрғын үйдің жертөлесінен орын тиді.

Мектептің тізгінін Виктор Давыдовичтің өзі ұстаса, оқу ісін Уәлихан Нүркеев басқарды. Бұл екеуінен басқа, балуандарды баптау ісімен Жамбыл Тасеменов, Абзал Жолаушинов, Василий Левчук, Беспай Қайыпов, Василий Лесяной, Көпей Ахметов, Борис Зелинский, Александр Перепелица бастаған жаттықтырушылар айналысты. Бұл бапкерлер республикалық және халықаралық сайыстардың талай жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шыңдап, ел мерейін асқақтатар спортшыларды топқа қосты. Бұл ретте жеңімпаздар қатарынан көріне білген жерлес спортшыларымыз Теміртас Әлжановтің, Кенел Жановтың, Асқар Дәулетовтың, Болат Оразбаевтың, Анатолий Тихонковтың, Бейбіт Қапаровтың, Зәпкен Шаяхиннің, Сәлімжан Бердібековтің, Жақсылық Мусиннің, Тілеміс Қапеновтің және басқалардың спорттық мансабында қол жеткізген жетістіктерін мақтанышпен айтамыз.

Тәрбиеленушілеріміз әр кез, жүлделерден құр алақан қалған емес. Мәселен, білікті бапкер Беспай Қайыповтың шәкірті Сейіл Тәмпеев мектеп тәрбиеленушілерінің ішінен алғашқы болып КСРО-ның спорт шебері атағын иеленді. Жамбыл Тасеменовтің шәкірттері – Б.Қанафин, С.Бердібеков және М.Мұрсәлімов жасөспірімдер арасында өткен республикалық сайыстарда жеңімпаздар мен жүлдегерлер сапынан көрінді. Ал Сәдуақас Қуанышев (жаттықтырушысы – В.Вик), Асқар Дүйсенов (В.Левчук), Жоламан Дәуренбеков, Қосжан Ақмағанбетов, Павел Коротков (Б.Қайыпов) та спорттық мансабында биік белестерді бағындырды. Бұл спортшылардың ішінде бүкілодақтық деңгейде күрескендер де бар. Мәселен, Ж.Дәуренбеков халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленіп, КСРО-ның біріншілігінде қарсыластарына дес бермеді. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Беспай Қайыповтың жетекшілігімен жаттығу залында тәжірибесін жетілдіре түскен ол Швеция, Болгария, Түркия және Италия елдерінде өткен халықаралық жарыстарда да жеңістің биік тұғырына көтерілді. Мектептің А.Любимов, Р.Мелешин, А.Голубев сияқты тәрбиеленушілері ел құрамасына мүше болып, облыс намысын абыроймен қорғай білді.

Бапкер болу чемпиондардың да көбінің қолынан келе бермейді. Білікті мамандарымыздың алды зейнетке шығуда. Ондаған жыл бойы бірге еңбек еткен атпалдай азаматтарды қимайды екенсің. Дегенмен, ағалардың ізін інілері басуда. Мұндай жас бапкерлердің қатарында Қ.Түкенов, Е.Сорокин, М.Хамзин, Е.Өркешев, Д.Омаров, С.Құсайынов және тағы басқаларын атауға болады.

Қазіргі уақытта мектебіміздің төрт бөлімшесінде төрт жүзден астам жеткіншек грек-рим, қазақ күресі, таэквон-до, каратэ-до түрлері бойынша жаттығады. 2015 жылы жастар арасында Бразилияда өткен әлем біріншілігінде грек-рим күресінен жүлдегер болған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Аманғали Бекболатовты, Қазақстан Республикасының спорт шебері, жастар арасында ел біріншілігінің жеңімпазы Бауыржан Мусинді ерекше атап айтуға болады.

Алдымызда басқа да жарыстар бар екенін ескерсек, қалған спортшылар да бапкерлері артқан сенімнің үдесінен шығады деген ойдамыз. Жоғарыда айтып өткен спорттың төрт түрінен еліміздің және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері баршылық. Біз жастарға боз кілемде қол жеткен жетістіктерін қанағат тұтпай, әлі де шеберліктерін шыңдау қажеттігін ескертуден жалықпаймыз.

Бүгінде Елбасының бастамасымен өңірлерде спорт нысандары пайдалануға берілуде. Бұл ретте облысымыздың әкімі Ерік Сұлтановтың спортқа жанашырлық жасап, басқаларға үлгі-өнеге көрсетіп отырғанын бөле-жара айтуымыз керек. Халықаралық талаптарға сай әмбебап спорт нысандарын салуды жалғастыру керек деп ойлаймын. Нәтижесінде болашақта мақтан тұтар өрендеріміздің саны артары анық.

Ғалым ӨРКЕШОВ,

күрестен балалар мен жасөспірімдер спорт

мектебінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp