
Бүгінде түрлі жағдаймен бір жылдық әскерге бара алмайтын жастарға мемлекет оңтайлы мүмкіндік ұсынып отыр. Еліміздің әр түкпірінде ашылған Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерінде бар-жоғы қырық күннің ішінде азаматтық борышты өтеуге болады. Қарулы Күштер қатарына резерв даярлауда Петропавлдағы мектеп табысты жұмыс істеуде.
Мектеп бастығы, отставкадағы полковник Бахт-Жан Сембаевтың айтуынша, оқуға іріктеу жылына 7-8 рет жүргізіледі. Былтыр бұл білім ордасынан 200-ден астам азамат түлеп ұшқан. Мұнда біздің өңірдің жастарымен қатар Қостанай облысының жігіттері де оқиды. Үстіміздегі жылы мектепке 500 бозбаланы қабылдау жоспарланған. Оқуға түсушілерге қандай талаптар қойылады? Бұл туралы газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.