Петропавл қаласындағы Спорт сарайында қазақ күресінен 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі өтті. Оған облыс орталығы мен өңіріміздің он ауданынан 100-ден астам балуан қатысып, тоғыз салмақ дәрежесінде күш сынасты.
Дода қорытындысы бойынша күрестен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Дмитрий Динер 38 килограмм салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағынды. Ал 42 килограмда Мұхаммед Қалелов – бірінші орынды еншіледі. Жамбылдық Ернар Данияров 46 килограмда жеңістің бірінші сатысына көтерілді. 50 килограмм салмақта алтын медаль есілдік Сағындық Әбжановқа бұйырды. Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өрені Дамир Қариполлинов 55 килограмда топ жарса, ақжарлық Ернар Қайрат, күрестен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Айдын Қуанышев, Бақтияр Әнуар және “Олимп” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балуаны Владислав Харченко 60, 66, 73 және 73+ килограмм салмақ дәрежесінде үздік деп танылды.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.