«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ – БҮГІННЕН

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауын жариялағалы бір ай уақыт өтті. Демек, жылдың басты құжатын терең зерттеп оқуға, оның зор маңызын, қалыптасып отырған жаһандық ахуалдағы нақты жағдайларға сәйкестігін салмақтауға толық мүмкіндік туды.

Осы айтқанымдай, Жолдауда еліміздің экономикасының дәстүрлі секторларымен бірге инновациялық салаларды да дамытуға бағытталған дағдарысқа қарсы кешенді бағдарлама жасалды. Дағдарыстың алдын алуды көздеген бұл бағдарламаға Нұрсұлтан Әбішұлы “Өсім, реформалар және даму” деп сипаттама берді.

Аталған құжатта Елбасымыз Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін көтеру міндетін қойды. Бұл болашақтың экономикасының іргетасын қалау деген сөз. Атап айтқанда, смарттехнологиялар жүйелерін, ізденістерді дамыту, киберфизикалық жүйелерді шоғырландыру, болашақтың энергетикасын, жобалау мен инжинирингті жетілдіру қажет. Астанадағы Назарбаев Университетінің “Астана бизнес кампус” ғылыми-паркінің және Алматыдағы “Алатау” техникалық паркінің жанында жасақталып жатқан қуатты зерттеу университеттері мен инновациялық кластерлер осының нығыз негізіне айналады.

Астанада “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуі “жасыл технологияларға” негізделген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға жақсы мүмкіндік береді.

Осы орайда ғылым және білім беру саласының алдына инвестициялар тартуды күшейтуде маңызды факторлардың бірі болу міндеті жүктеліп отыр. Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылуы үшін экономиканың дәстүрлі және жаңа салаларын дамытатын, тың индустрияландырудың міндеттерін орындауға қабілетті жоғары кәсіби кадрларды даярлауды қамтамасыз ету қажет.

Демек, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа моделіне көшуді қамтамасыз етуіміз керек. Бұл міндеттердің жүзеге асырылуы Канадамен, Германиямен, Австралиямен және Сингапурмен бірлескен осызаманғы кадрлар даярлау орталықтарының ашылуына байланысты болмақ.

Университеттер өңірлердің экспорттық әлеуетін арттырудың ғылыми жобаларын қамтамасыз ету арқылы инновациялық дамудың қозғаушысы болуға тиіс. Бұл үшін университеттерде орындалатын ғылыми жобалар жаңа технологияларды құру, өнімдерді шығару мен жұмыс орындарын ашу бейінінде өңірге айтарлықтай пайда тигізуге қабілетті нақты нәтижелерге бағытталуға тиіс.

Студенттердің кәсіпкерлікке машықтануын дамыту және олардың стартаптарды құрудағы бастамаларына қолдау көрсету жоғары оқу орындарындағы жұмыстың басты бағытына айналуы керек.

Жолдауда баянды етілгендей, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы – 29 пайызға, студенттердің стипендиясы 25 пайызға ұлғаяды. Бұл, сөз жоқ, педагогтер мен студенттерді еліміздің дамуы мен гүлденуі жолында бұрынғыдан да жігерлене еңбек етуге ынталандыра түседі.

Ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамыту, қол жеткізілген ғылыми әлеуетті тиімді және ұсынақты пайдалану, сондай-ақ, өңіріміздің түрлі құрылымдары мен университеттің байланысын орнықтыру мақсатымен 2014 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде құрамына жеті ғылыми орталық пен он екі ғылыми-зерттеу лабораториясы тоғысқан ғылыми-технологиялық парк құрылды.

Осыған орай университетте орындалатын ғылыми зерттеулер практикалық нәтижелерге бағытталған. 2015 жылы университет ғалымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің гранттарды қаржыландыруы бойынша алты ғылыми-зерттеу жұмысын орындады.

Соған қоса, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтарындағы төтенше жағдайлардың ғарыштық мониторингі саласында шаруашылық келісімдер бойынша бес зерттеу жұмысы жүргізілді.

Университетте ғалымдардың зерттеу жұмыстарын кезең-кезеңмен қолданудың жоспары жасалған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, химиялық технологиялар, энергиямен жабдықтау және қалпына келтіру технологиялары, тарих, археология және туризм, тамақ өнеркәсібі салаларындағы зерттеулер бар.

Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясатының дамуы мен жүзеге асуына үлес қосу мақсатымен университет Алматы қаласындағы “Алатау” технопаркімен ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы шартты бекітуді көздеуде. Сондай-ақ, “Агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық технологиялар” тақырыбында университет ғалымдарының ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық жобаларын жүзеге асыру үшін облыс аграршыларын қатыстыра отырып, семинар өткізу жоспарланды.

Ал “ЭКСПО – 2017” көрмесіне дайындық мақсатында университет 2016 жылдың мамыр айында облыс әкімдігімен бірлесіп, жастардың инновациялық жобаларының форумын ұйымдастыруды ұйғарды.

Президент Жолдауы еліміздің жаһандық жаңа ахуалдағы қадамдарын нақты жағдайларға орайластыра отырып, өсімге қол жеткізуге, реформаларды жүзеге асыру арқылы дамуымызды қамтамасыз етуге жұмылдырады. Біздің университет осы мақсатты орындауды өзінің басты міндеті санайды.

Лаура ҚАЙЫРЖАНОВА,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және сыртқы

 байланыстар бойынша проректоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp