Жастар саясатын табысты жүргізу – егемен еліміздің басты басымдықтарының қатарында. Жастарға лайықты көңіл бөлінгенде ғана мемлекет зор табысқа жете алады. Өйткені, бәріміз білетіндей, болашақ – жастардың қолында.
Осы міндетті толық түсінетін облыстың белсенді жастары 12 қаңтар күні Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ғимаратында жастар пікірталас қозғалысын жандандыру, жұмыссыздық сияқты мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
Бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық “Жасыл ел” штабы филиалының менеджері Гоара Абрамянның айтуынша, өткен жылы жұмысқа орналасқан жастардың саны 600-ден асқан екен. Облысты көгалдандыру мен тазалығын сақтаудан бөлек, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын республикалық шараның жұмыссыздық мәселесін шешуге де көмек беріп отырғаны қуантады.
Жастардың көшбасшылық қабілетін, шешендік өнерін, өз ойын еркін жеткізе білу дағдысын дамытуда, талдау, сараптау қабілеттерін арттыруда пікірталас сайыстарының маңызы зор. Сондықтан оқу орындарында мұндай клубтардың жұмыс істеуі және оған қызығушылық танытушылардың артуы – жүргізілген жұмыстардың нәтижесі.
Петропавл қаласындағы пікірталас қозғалысының белсенділері Әрсен Әубәкіров пен Рустам Жазыбеков те өз жоспарларымен бөлісті.
– Бүгін біздің алдымызда қаланың барлық оқу орындарын қамту міндеті тұр. Қала жастарының облыстық және республикалық деңгейдегі турнирлерде бақ сынауға мүмкіндігі бар. Жұмысты күшейтуге, ортақ жоспарды сапалы орындауға баршамыз өз үлесімізді қосуымыз қажет, – деді Әрсен Әубәкіров.
Сондай-ақ, кездесу барысында тың жобаның тұсауы кесілді. Петропавл қаласының жастар бастамалары орталығы ұйымдастырған “Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар” жобасы тың идеяларды сапалы әрі жоғары деңгейде жүзеге асыруға бағытталған.
Кездесуді қорытындылаған жастар облыс орталығында пікірталас қозғалысының қызметін жаппай насихаттау мақсатында бірыңғай жұмыс жоспарын жасауға уағдаласты.
Екатерина СТАРОСТИНА,
Петропавл қалалық жастар бастамалары орталығы директорының орынбасары.