«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОСТАНДЫҚ МЕКТЕБІНІҢ БІР ДІҢГЕГІ

Бостандық орта мектебінің түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша жыл сайын көш бастап келеді. Мәселен, өткен оқу жылында аталмыш мектептің түлектері 103,75 балл жинады және бір оқушымыз “Алтын белгі” иегері болды. Бірақ ауылдың өзі облыс орталығынан шалғайда әрі тұйықта орналасқан. Жол жоқ. Тек мектептің мықтылығы мен онда кілең өз ісін сүйетін білікті мұғалімдер жұмыс істейтіндіктен, ауыл құрып кетуден аман тұр. Солардың ішінде саналы ғұмырын мұғалімдікке арнап келе жатқан ұстаздардың бірі әрі бірегейі – Ұмсын Мүрсәлімова жайлы сөз қозғамақпын. Оның оқытатын сабағы мектептегі ең қиын әрі күрделі, көбімізге ұнай бермейтін математика пәні. Алайда, Ұмсын Рәшқызы пән қаншалықты қиын болса, оның қыр-сырын оқушыларға соншалықты терең үйретуге тырысады. Тіпті, әр формуласын нашар оқитын балаға да түсінікті тілде ұғындыра біледі. Бұл – оның болмысына және тек өзіне ғана тиесілі қасиет.

Ұмсын Рәшқызының сабағына қатыса қалсаңыз, міндетті түрде математикаға қызығушылығыңыз оянады. Жыл сайын мектеп түлектерінің ҰБТ-дан тек жоғары ұпай көрсетіп жатқаны – осының айғағы. Түлектердің көпшілігі ұстазының жолын қуып, математикаға қатысты мамандықтарға оқуға түседі. Оқушыларының барынша терең білім алып шығуына ден қоятын Ұмсын Рәшқызы сабақта талапшыл, тапсырмалардың орындалуын жіті қадағалайды. Оның сабақта қатал болуының өзі мектептен білім сапасы жоғары ұрпақ тәрбиелеп шығаруға деген ниеттілігін байқатады.  

Осындай талапшыл ұстаз мектептен тыс өмірде тым қарапайым әрі мейірімді. Ол – өзі жетекшілік ететін сыныптың оқушыларының адал досы әрі сенімді сырласы.

Ұстаздың шеберлігінің шыңдала түсуіне оның Мәскеу қаласында өткен бүкілресейлік мұғалімдер съезіне қатысуының ықпалы зор болды. Ұмсын Рәшқызы сонда көріп, үйренгендерін өзінің оқыту үдерісіне сәтті енгізе білді. Бір ғұлама: “Құдық қазып жатып, су шыққанға дейін шыдамай, тоқтап қалсаң, онда бүкіл еңбегіңнің зая кеткені”, – деген екен. Сол ғұлама айтқандай, Ұмсын Рәшқызы инемен құдық қазғандай сарп еткен еңбегінің еш кетпесі үшін заманауи технологияларға байланысты бала үйрету тәсілін жаңартып отыруға ешқашан жалыққан емес. “Еңбегіне қарай – өнбегі” дегендей, ұстаз адал ісіне сай “Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері” атанып, төсбелгіге ие болды. Бұл – оның ұрпақ тәрбиесіндегі ұзақ жылғы еңбегіне берілген баға.

Бостандық орта мектебінің бір ғасырға жуық тарихында талай ұлағатты ұстаздар болды. Ұмсын Рәшқызы да көп жылғы еңбегінің арқасында солардың лайықты жалғасы болып келеді. Ұстаздық ету – бұл абыройлы міндет. Оны орындау Ұмсын Рәшқызының қолынан келді. Бостандық орта мектебі десе, ең алдымен, Ұмсын Рәшқызын еске алатын қаншама шәкірті бар. Ұстаздың еңбек жолы, оның оқушылары мен берген тәлімі, әрбір шәкіртінің жүріп өткен ізі ақ жүзінде әжім болып қалып жатыр.

Еңбек пен жеке өмірін ұштастыра білетін Ұмсын Рәшқызы – адал жар, аяулы да ардақты ана. Жолдасы Рәшид Хамитұлы екеуінің 30 жылдық жұбайлық өмір жолының жалғасы – қыздары Сымбат, Тоқжан және Перизат. Үлкен қызы Сымбат мектепті, жоғары оқу орнын үздік тамамдап, бүгінгі күні қызмет атқарып жүрсе, Тоғжан “Үздік аттестат” иегері, елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің “Жаратылыстану факультетін” экология мамандығы бойынша алдағы жылы аяқтамақ. Ол – президенттік шәкіртақы иегері. Перизат та апаларынан қалыспай, мектепті үздік аяқтап, Еуразия Ұлттық университетінің “Жаратылыстану факультетінде” гидрология мамандығын гранттық негізде меңгеруде.

Гүлжан МӘНТАЕВА,

Бостандық орта мектебі

директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp