Петропавл қаласында бірегей археологиялық ескерткіш – «Ботайға» арналған монументалды өнер нысанының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа монумент Ботай мәдениетінің Қазақстан мен бүкіл адамзат тарихындағы маңыздылығын бейнелейді.
Бұл монумент тарихи-мәдени мұраны есте қалдырумен қатар, жұртшылықтың туған өлке тарихына қызығушылығын арттыруға бағытталған.
– Бүгін біз үшін тарихи маңызы зор айтулы күн. «Ботай» археологиялық ескерткішіне арналған монументалды өнер құрылысының салтанатты ашылуы – халқымыздың көне өркениетін ұлықтау, тарихымызды ұрпақ санасына сіңіру жолындағы маңызды қадам, – деді облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.
Монументтің шымылдығын ашу құрметіне облысымыздың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев пен профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков ие болды.
– Энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» тұрағының Қызылжар аумағынан табылғаны кездейсоқ емес. Тарихи орынды анықтау оңайға соқпады. Біз жан-жақтан ақпарат алып, өзіміздің болжамдарға сүйеніп, Айыртау ауданына бардық. Сол төңіректен құнды дүниелер табылды. Үйге бір сөмке артефактпен оралдық. Бұл тарихи жаңалық болды, – дейді Анатолий Плешаков.
Монументтің биіктігі 14 метрді құрайды. Төменгі бөлігі граниттен қашалса, жоғары жағы, яғни ат, ер адамның бейнесі, жер шары мен таңбалы тастар қоладан жасалған. Ескерткіштің авторлары: Мұрат Садықов, Асқар Нартов пен Жалын Бауырқан. Өнер иелерінің айтуынша, монументтің әр бөлігінде терең мән- мағына жатыр.
– Бұл монументтің композициялық құрылымы өте күрделі. Үш түрлі тұғырдан тұрады. Астындағы Жер шары Қызылжарда алғаш рет жылқының қолға үйретілгенін бейнелейді. Таңбалы тастардың да өз айтары бар, – деді мүсінші Жалын Бауырқан.
Монумент маңы гүлмен көмкеріліп, жанына орындықтар қойылған.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».