«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БРУЦЕЛЛЕЗ — ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ

Бруцеллез – жұқпалы ауру. Бұл дертті адам жануар­дан жұқтыруы ықтимал. Сырқат белгісі бірден байқалмайды. Жұқпалы ін­дет адамда 2-3 аптадан кейін пайда болады. Дертке шалдыққан адам өзін әлсіз сезініп, дене қызуы көтеріледі. Сондай-ақ, асқа зауқы соқпайды, терлеп, денесі қалтырайды. Кейін басы ауырып, ұйқысыздық орын алады. Бруцеллез кезінде буындар ісінеді. Сондықтан дертті асқындырып алмау қажет. Ауру белгілері байқалса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал.

Біздің өңірде бруцеллез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен жылы бес адамда ауру анықталды.
Көбінесе бұл сырқатты адамдар қой мен ірі қарадан жұқтырады. Әсіресе, төрт түлік төлдейтін кезең қауіпті. Ауру малдарды күту, сою кезінде микроб ауыз, мұрын мен көздің шырышты қабықтары арқылы жұғады. Бруцеллезге шалдыққан төрт түліктен алынатын өнімдер де адам денсаулығына қауіп төндіреді. Әсіресе, ет, шикі сүт, қаймақ, кілегей, май және малдың жүні мен терісін қолданғанда абай болған жөн.
Бруцелла топырақта, қида, суда, жүнде және жануарлардың терісінде ұзақ сақталады. Бұл микробтар сүт өнімдерінде – 25 күнге дейін, ірімшікте 2-3 айға дейін ауру туғызу қабілетін сақтайды. Сондықтан аурудың алдын алу үшін жұқпалы індеті бар жануарды оқшаулап, одан алынған өнімді залалсыздандыру қажет. Ауру ошағы анықталған орынды дезинфекциялау маңызды. Бұл орайда ветеринарлар мал басын есепке алып, бруцеллезге тексеру жүргізеді. Ауыл шаруашылығы жануарларын күту, оларды тексеру кезінде қауіпсіздік шараларын есте ұстау керек. Арнайы халат, резеңке етік, қолғап, клеенкалы алжапқыш қолдану қажет. Қолды сабынмен жиі жуған жөн. Сондай-ақ, жануарларды жүйелі тексеріп, екпе егу маңызды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін белгіленбеген жерден сатып алмауға кеңес бе­реміз.

 

Толқын ҚАЖЕНОВА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің
бас маманы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp