«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЫЛТЫРҒЫ СУ ТАСҚЫНЫНАН ҚАНДАЙ САБАҚ АЛДЫҚ?

Өңірде былтырғы су тасқынының зардабымен күрес әлі аяқталған жоқ. Мемлекет тарапынан қолға алынған іс-шаралар — тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру және инфрақұрылымды күшейту жұмыстары оң нәтиже беруде. Жаңартылған қорғаныс бөгеттері болашақта апат қаупін едәуір азайтпақ.

«Бірліктегі» жаңа өмір

Сергей Шепетковтың Қос­танайдан Петропавлға қоныс аударғанына алты жыл болып­ты. Оның бір жылы «Бірлік» шағынауданында өткен. Ойқа­ладағы баспанасы былтыр көк­темде суға кеткен ол алғашқы­лардың бірі болып «Бірлікте» тасқыннан зардап шеккендерге арналып салынған жаңа үйге көшкен. Қазір мұнда әйелі екеуі тұрып жатыр.

«Мамандар су келе жатқа­нын алдын ала ескертті. Біз үй­ден тұрмыстық техниканы ғана шығарып үлгердік. Жиһазды шатырға кіргізіп едік, бәрібір су астында қалды. Әйелім гүлді жақсы көреді. Ойқаладағы бұ­рынғы үйіміздің маңында гүл көп болатын. Өткен-кеткендер тоқтап, қызығушылықпен қа­райтын. «Бірліктен» үй беріл­генде қатты қуандық», – дейді зейнеткер.

Қаланың іргесіндегі «Бірлік» шағынауданы бүгінде жаңа кейіпке енген. Жол салынып, мектеп пен балабақша ашылды. Алдағы жылдары заманауи сау­да ойын-сауық орталығын салу жоспарлануда.

Қауіпсіз жерге көшіріледі

Облыс орталығындағы За­речный кенті су басу қаупі жо­ғары елді мекендердің бірі сана­лады. Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, қазір Заречный кентінде 945 адам тіркеуде тұр. Мұнда № 13 мек­теп, түзеу колониясы, сондай-ақ төрт сауда орны мен дүкен­дер жұмыс істейді. Одан өзге 6 көппәтерлі тұрғын үй және 90 жекеменшік баспана бар. Қала әкімдігі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың мүлкін су тасқынынан қорғау мақсатында биыл За­речный кентінің тұрғындарын қауіпсіз шағынаудандарға көшіру жөнінде шешім қабылда­ды. Осыған байланысты об­лыстық бюджеттен қаражат бөлініп, екі жаңа көпқабатты тұрғын үй құрылысы басталды.

«90 пәтерлі тұрғын үй Кры­лов, Парк, Әуезов және Петров көшелерінің қиылысында ор­наласқан. Жобаның жалпы құны – 2 856,1 млн. теңге. Бас­пана биыл желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс. Ал 72 пәтерлі тұрғын үй «Егемен Қа­зақстан» және Есіл көше­лерінің шекарасында бой көте­реді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында бастал­ды, келесі жылы қолданысқа берілмек. Жобаны жүзеге асы­ру үшін 2 301,707 млн. теңге бөлінді. Жеке меншік үйдің ие­леріне өтемақы төлеу немесе көлемі бойынша баламалы тұрғын үй сатып алып беру жоспар­ланып отыр», – дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелехов.

112 елді мекен бақылауда

Облыстық жұмылдыру дайын­дығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының мәлі­метінше, биылғы су тасқыны ке­зеңінің қорытындысы бойынша облыстық төтенше жағдайлар де­партаментімен және аудандық ат­қарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны мен еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін елді мекен­дердің жаңартылған тізімі жасал­ды. Тізімге облыс бойынша 112 елді мекен кірген. Бұл бұған дейінгі есептен төртеуге кем.

«Су тасқынына қарсы жұмыс­тар тоқтаған жоқ. Петропавл гидроқұрылғысының жанында ұзындығы 4,3 шақырым болатын айналма арна салынды, жобаның сметалық құны – 328,6 млн. тең­ге. Сонымен қатар Қызылжар ауданы Соколовка ауылы маңын­дағы Есіл өзенінің арнасын биіктету жұмыстары жүргізілді. Жобаға 125 млн. теңге бөлінді. Новоникольское ауылына да айналма арна салынды, бұл жұ­мысты жергілікті шаруашылық өз қаражаты есебінен атқарды. Атқарылған жұмыстар былтыр бұл ауылды су басудан қорғап қалды. Салынған арналардың барлығы тиімділігін көрсетті», – дейді облыстық жұмыл­дыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс бас­қармасының басшысы Игорь Попов.

Ведомствоның мәліметін­ше, биыл Петропавл мен Қы­зылжар ауданындағы 6 қорғаныш бөгетін қалпына келтіру және нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, Петропавлдың Жеңіс саябағы маңындағы жағалауды бекіту жұмыстары басталған. Бұл жо­балар «Демеу Қазақстан» қоры есебінен қаржыландырылыпты. Жұмыс осы жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жос­парланған.

«Есіл өзенінің жағалауын бекіту» жобасы аясында Жеңіс саябағы маңында жауын-ша­шын суын ағызатын ашық кәріз жүйесі орнатылды, оған 87,3 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар Қызылжар ауданының әкімдігі жергілікті бюджет есебінен 58 млн. теңгеге жоба­лық-сметалық құжаттама да­йындатты. Бұл жоба Петропавл гидроқұрылғысынан төмен қа­рай 32 шақырымға дейін Есіл өзенін тереңдету мен тазалау жұмыстарын жүргізуге арнал­ған. Қазір батиметриялық зерт­теулер жүргізіліп жатыр. Бұл су тасқыны кезінде өзеннің жайы­луын азайтып, су өткізу қабі­летін арттыру үшін қажет», – дейді Игорь Попов.

«Аралдағы» сегіз үй

Облыстық төтенше жағ­дайлар комиссиясының оты­рысында тасқын судан жыл сайын зардап шегетін Прибрежное елді мекеніндегі бө­гетті нығайту және кеңейту жұмысын жүргізу туралы шешім қабылданыпты. Осы ауылдың Дербес көшесіндегі тұрғындар үшін жаңа қорға­ныс бөгетін салу мәселесі де қарастырылып, небәрі 8 жеке­меншік үйдің болуына байла­нысты жобаның экономика­лық тиімділігі күмән тудыр­ған. Сол себепті бұл үйлерді бұзып, тұрғындарына өтемақы беру жоспарланғанымен кейін одан бас тартуға тура келді.

Қызылжар аудандық әкімдігі Прибрежное ауылы Дербес кө­шесіндегі 8 үй өз орындарында қалдырылатындығын мәлім етті. Жұмыс осы жылдың қараша айы­ның соңына дейін аяқталады. Жылда жолын су басатын Приб­режное елді мекеніне биыл көпір салу жоспарланған.

Облыстық әкімдіктің мәлі­метінше, биыл көктемде дала­лық зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесі жыл соңына дейін сарапталады. Сонымен қатар 2026 жылғы су тасқыны маусымына дайындық ретінде арнайы инженерлік жоспар қолға алынған. Оның аясында барлығы 37 іс-шара өткізу қа­растырылған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp