Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы мүмкіндігі шектеулі 870 азамат жұмысқа орналасты, оның 536-сы – тұрақты жұмысқа.
Жалпы еңбекке орналасқан мүгедектердің 209-ы қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 72-сі – әлеуметтік жұмыс орындарына, 10-ы – жастар тәжірибесіне, 43-і – “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша инфрақұрылым нысандарын жөндеуге.
Бұдан басқа “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі 14 азамат өз бизнесін ашып, дамытуға микрокредит алып, өз жобаларын жүзеге асырды.
Мысалы, Мамлютка қаласындағы Сергей Золотилин микрокредитке ірі қара алып, мал шаруашылығымен айналысуда. Ол алдағы уақытта етті-сүтті бағыттағы тайыншаларды сатуды жоспарлап отыр.
Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылының тұрғыны Рысалды Сәдуақасова Жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша Петропавл қаласында кәсіпкерлік негізіне оқудан өтіп, сертификат алды. Бағдарлама аясында оған таксимен қызмет көрсетуге кредит берілді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бір жылда 33 бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізіліп, 237 мүгедектің жұмысқа орналасуына көмек көрсетілді.
Облыста мүгедектердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, олардың өмір сүруі үшін тең жағдай жасауға арналған шаралар белсенді түрде жүргізілуде. Мысалы, 2014 жылы облыстық бюджет есебінен 274 мүгедектер арбасы, 913 сурдотифлотехника сатып алынды. 842 адамға протездік-ортопедиялық көмек көрсетілді, 568 мүгедек санаторлық-курорттық емделуге жіберілді. Аудандар мен Петропавл қаласының 1730 мүгедегі міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді, 416 адам жеке көмекшілердің әлеуметтік қызметімен және ыммен сөйлесу мамандарымен қамтылды.
Тұтастай алғанда, 5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық мүмкіндігі шектеулі азаматқа стационарлық және жартылай стационарлық, үйде күту және уақытша болу жағдайларында арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасы.