«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЮДЖЕТТІҢ АШЫҚТЫҒЫ — ХАЛЫҚ СЕНІМІ

Бұрнағы жылы бюджеттің ашықтығы бойын­ша жүргізілген халықаралық рейтингте еліміз төмен көрсеткіштерге ие болған еді. Өркениетті мемлекеттерде бұл мәселе ел дамуының маңызды тетігіне айналып отыр. Бүгінде елімізде бюджеттің ашықтық сипатын арттыру және мемлекет қазынасының тиімді жұмсалуын бақылау үшін әртүрлі шаралар атқарылуда. Өйткені, мемлекеттік мекемелердің қызметі жөніндегі ақпараттарға қолжетімділік қарапайым халықтың сенімін нығайтады.

Өткен жұма-сенбі күндері облыс орталығындағы Жастар сарайында “Бюджет ашықтығы және есептілігі” тақырыбында болған семинар-тренингтің көздеген мақсаты да осы. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы мен “Сорос” Қазақстан қорының өкілдері ұйымдастырған семинар бұдан бұрын еліміздің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстарында өткізіліпті.

Семинарға қатысқан жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы, облыстар мен аудандарға бөліну шарттары туралы мағлұмат алды. Мемлекеттік мекемелер дайындайтын қорытынды және өзге есеп үдерісіне қатысты мәліметтерді халыққа түсінікті етіп жеткізу үшін сараптамалық мақалалар мен зерттеулер дайындау жолдарын талқылады.

“Экономикалық зерттеулер, бағалаулар және мониторинг жасау орталығы” қоғамдық қорының сарапшысы Шолпан Айтенованың “Қазақстан Республикасындағы бюджеттік жүйе және еліміздегі бюджет үдерісі”, “Егемен Қазақстан” республикалық газетінің жауапты хатшысы Асқар Бековтің “Инфографика – ақпараттандырудың озық үлгісі” тақырыптары аясында өткізген семинар-сабақтары журналистердің қызығушылықтарын туғызып, біліктіліктерін арттыруға септесті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp