«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗДІҢ ДАРИҒА!

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатқан болатын. Екі мәрте әлем чемпионы атанған канадалық Ариан Фортинмен алғашқы кездесуін өткізуге тас түйін дайындалып тұрған қазақстандық боксшы Дариға Шәкімованың кенеттен телефоны шыр ете түсті.

Көк Тудың желбірегені, –

Қазақтың асқақ беделі.

Махаббат, қайрат екеулеп,

Шымырлатқаны денені.

Көк Тудың желбірегені, –

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе Жан мен Ту

Жан емес маған керегі

Көк Тудың желбірегені, – деген әсем әуенмен тербеген телефон қоңырауына жауап бермей, кеудесіне басып ұзақ тұрды.

“Көк тудың желбірегені, Қазақтың асқақ беделі” деген жолдармен өрілген өлеңнің екі тармағын ішінен бірнеше мәрте қайталады да есімі хабарланғаннан кейін рингке беттеді. Бұрын-соңды ешкімге есе жіберіп көрмеген канадалық боксшымен жұдырықтасып жатқанда да әлгінде ғана естіген күмбір әуеннің алғашқы жолдары ойынан шықпады. Күллі қазақ жұрты “Дариға, біз саған сенім артамыз! Жарайсың!” деп жігерлендіріп тұрғандай сезімге бөледі. Нағыз бабындағы, өзіне сенімді боксшы екенін танытып, алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады.

Қазақстанның қоржынына 17 медаль салып, Тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдегі беделі мен абыройын асқақтатқан XXXI жазғы Олимпиада ойындарында бокстан әйелдер арасындағы турнирде қола жүлдені қанжығасына байлаған Дариға Шәкімованы жеңіске біртабан жақындатқан еліне, туған жеріне деген зор махаббаты, жүрек түкпіріндегі патриоттық намысы болса керек.

Аса тар­­тысты да қызықты өткен бәсекеде Дариға 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ширек финалда марокколық Хадид­жа Мардиді 3:0 есебімен ойсырата ұтып, барлық раундтарда мерейі үстем болды. Көпшілік тағатсыздана күткен жартылай финалда Лондон Олимпиадасының, әлемнің екі дүркін жеңімпазы Америка Құрама Штаттарының боксшысы Кларесса Шилдспен қолғап түйістірді. Америкалық арумен болған шайқаста қарсыласқа есе жіберсе де, онымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Жан алып, жан беріскен Дариғаның бұл жеңілісін күллі қазақ жұрты жеңіс ретінде ерекше толқыныспен, айрықша ризашылықпен қабылдады. Қуанды. Мейірленді. Тілеулес жұртшылық бір-бірлерінен сүйінші сұрады. Әсіресе, туған жері – Қызылжар халқы тебіренді. Сондықтан да Дариға Шәкімованың қазақ қыз­дары арасында тұңғыш рет Олимп шыңына көтеріліп, қола медаль ұтып алуы еліміздің спорт тарихындағы жарқын белес, айтулы оқиға екендігі талассыз.

Байрақты бәсекелерде елінің намысын ту қылып ұстаған әлемдегі даңқты спортшылардың өмір тарихын алып қарасақ, әрқайсысының өзіндік сара соқпақтарына куә боламыз. Мәселен, дүниені дүр сілкіндірген Майк Тайсонның өзі кәсіби мансабын саңлақ боксшы Мұхаммед Әлимен кездесуден кейін бастайды ғой. Алты құрлыққа аты мәшһүр боксшының әсерлі әңгімесін естігеннен кейін М. Тайсон өзінің шаршы алаң үшін жаралған жан екенін сезінеді емес пе? Сол сияқты, қазақтың көгінде жұлдыздай жарқыраған, еліміздің байрағын көкке көтерген марқұм Бекзат Саттархановтың жастайынан спортқа әуес болып өсуіне әкесінің, қала берді ұстаздарының ықпалы зор болыпты. Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевті спортқа қанат қақтырған – бірге жүрген достарының батыл әрекеттері. Біздің Дариғаның боксқа ден қоюының пәлендей себебі де жоқ. Спортқа деген талпынысының соңы сергек мақсаттарға, ұлы армандарға, тәтті жеңістерге ұласатынын алғашында сезбеген ол:

– Он бірінші сыныпты бітірер кезде дене бітімімнің толып кеткені үшін намыстанатынмын. Оның үстіне түлектер кешіне тартылған сымдай әдемі қалыппен бару керек қой. Осы мақсатпен ең алғаш рет кикбоксинг үйірмесіне қатыстым, – дейді.

Сол кезде Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатында Дариғаны шынықтырған жаттықтырушысы бүгінде Спорт сарайында қызмет атқарады.

– Облыс орталығынан шетке­рілеу орналасқан Заречный шағын ауданындағы №13 мектепте оқи­тын Лия Шайдуллина деген оқушы мен жетекшілік ететін кикбоксинг үйірмесіне қатысып жүрді. Бірде ол жанына бейтаныс қызды ертіп келді. “Мектепте ұл балалармен жиі шекісіп қала береді. Оның бұл қылығынан мұғалімдер де шаршады. Сіз мүмкін кикбоксингтің қыр-сырына үйретерсіз”, – деп қиыла өтінді. Бұл, қателеспесем, 2003 жыл болатын. Обалы не керек, жарты жылдың ішінде дене-бітімі тартылып шыға келді. Келесі жылы облыстық чемпионатта қарсылас шыдатпады. 16 жасында Қазақстан біріншілігіне қатысып, екінші орын алды, – деген алғашқы жаттықтырушысы Сабыржан Сақтағанов алғашында денесі толықшалау қызды ұната қоймағанын айтады. Араға көп уақыт салмай Дариға тынымсыз жаттығудың, шүмектеп тер төгудің арқасында қимылы ширап, гүрзі соққыларымен ерекшелене бастайды.

Дариға өте ержүрек әрі батыл болып өсті. Бұл қысы қытымыр, аязы шыңылтыр Қызылжар өлкесінің табиғатынан дарыған қасиет десек те, оған тағы бір себеп бар сияқты. Он үш жастан енді асқан қаршадай қыздың қапыда әкесінен айрылуы жүрегіне жазылмастай жара салады. Ол жара уақыт өте Дариғаны өмірде әкесіз өсудің қиындығына төтеп беруге үйретеді. Көп жылдар бойы әскери салада жемісті қызмет етіп жүрген асқар таудай әке Орал Шәкімов мезгілсіз қаза тапқанда Дариға мектептің оқушысы еді. Бұл ауыр қайғы баспанамызды сатып, жақын арада зәулім үйге көшеміз деп жүрген ананың да, Дариға мен оның жалғыз әпкесінің де асыл армандарының күл-талқанын шығарғандай еді.

– Әкемнің қас қабағы маған тәрбие мен тәлімнің темір қазығындай болды. Оның суық көзқарасы мен риясыз күлкісінен-ақ ненің жаман, не нәрсенің жақсы екендігін сезуші едік. Жүрегіме қатты батқан ауыр қаза мені тез есейтіп жіберді, – деген Дариғаның күрсініске толы сөздерінен әкеге деген сағыныштың табы сезілді.

Мектепті ойдағыдай тамамдағаннан кейін облыс орталығындағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы колледждің алғашқы әскери даярлық мамандығына түсуге ықылас танытуы оның әке жолын жалғаймын деген ұмтылысынан туған еді. Кейін, тағдырдың жазуы шығар, таңдауы спортқа ауады. Осы кезден бастап оның алдынан талай дүбірлі додалар күтіп тұрды. Біреуінен бәсі қайтып, келесісінде жеңісті бағындыра білген Дариға шаршы алаңға шығуға төселіп, спортпен біржола шұғылдануға ден қойды. Өмірлік мақсаттарын да осы саламен байланыстырды. Бұл жайында алғашқы жаттықтырушысы Сабыржан Сақтағанов: “Менің үйірмемде жаттығатын онға жуық қыз бала бұл кезде қомақты табыстарға қол жеткізе бастаған болатын. Ұмытпасам, 2005 жылы болу керек, барлық қыздар жаттықтырушы Серік Бектұрғановтың қарамағына ауысты. Бұл бірден-бір дұрыс шешім еді. Өйткені, дәл сол уақытта еліміз бойынша қыздар боксы жанданып, жеке жаттығулардың қажеттігі туған. Десек те, Дари­ғаның орны да, жолы да бөлек. Бұл үшін оның 64, 69, 75 килограмм салмақ дәрежелері бойынша еліміздің жеті дүркін чемпионы болғанын айтсақ та жеткілікті”, – дейді.

Одан өзге Дариға Оралқызы Азия төрінде 2 мәрте, Әлия Молдағұлованы, Мәншүк Мәметованы, Хиуаз Доспанованы еске алуға, С. Қонақбаевтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир­лерде жасындай жар­қылдады. Осындай ерен еңбек пен үздіксіз жаттығулардың арқасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. “2015 жыл­дың ең үздік боксшысы” атанғаны оның алдынан арман есіктерін айқара ашып, даңғыл жолға жетеледі.

Қай боксшының болсын көкейінде үлкен жеңіске деген үміті болары анық қой. Дариға Қытайдың Уланчаб қаласында өткен байрақты бәсекеге өз күшіне сеніп барды. Бапкерлерінің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, 75 кг. салмақ дәрежесінде ел қоржынына жалғыз “алтынды” салып, Айды аспаннан бір-ақ шығарды. Финалда қытайлық Ли Кюаньды 3:0 есе­бімен жеңіп, екінші рет “сары құрлықтың” чемпионы тәжін киді. Осылай жан аямай еңбектенуінің арқасында Рио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

2010 жылы Азия чемпионы атанған Дариға арнайы шақыртумен Алматыдағы Туризм және спорт академиясына оқуға қабылданады. Мұнда да асқақ армандары жолында аянбай тынымсыз жаттықты, тер төкті, ізденді.

Рио-де-Жанейро қаласында тамыздың 5-інен 21-іне дейінгі аралықта көрік қыздырған XXXI жазғы Олимпиада ойындары да тарлан тарихтың төріне озып, өткеннің еншісінде қалды. Бұл Олимпиада еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бас­­тап діңгегі тік көтерілген қазақ спорты туының сол қалпын­да көкте самғап тұрғанын, қазақ спортшыларының әлемнің алпауыт мемлекеттері саңлақтарынан кем түспейтінін көр­сетіп берді. Олардың қатарында өңіріміздің тумасы Дариға Шәкімованың болғандығы – біз үшін үлкен сүйініш. Ақтық мәреге шығар сәтте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бұрынғы орынбасары Дариға Назарбаеваның білдірген жылы лебізі жігерін жани түсті. Ірі додаға қатысуға сенім білдірген жаттықтырушысы Серік Бектұрғанов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, өзі туып-өскен Петропавлдың басшысы Марат Тасмағанбетовке зор ризашылығын білдіреді.

Академияны биыл тамамдап, қолына диплом алған Дариға “Білім – сарқылмас бұлақ, өнер – өмірлік мұрат” деген қанатты сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған. Бүгінде оңтүстік астанамыздағы университеттердің бірінде заңтану мамандығы бойынша білім алып жүр. Спортшының – бұл үшінші мамандығы.

Әңгіме барысында Дариғадан болашақта отбасын құру туралы жоспарының бар жоқтығын сұрағанымызда: “Жоқ. Әзірге алдыма ондай мақсат қойған емеспін. Менің бар арманым спорт биігіне көтеріліп, тәуелсіз Қазақстанымның даңқын әлемге мойындату”, – деп қысқа да нұсқа жауап берді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp