«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛТЕ ШАМНЫҢ ЖАРЫҒЫ

Театр – саф алтындай таза өнер. Күлдіре отырып жылататын, жылата отырып жұбататын театр өнері қуаныш пен қайғыны көрермен жүрегіне қатар жеткізетін шетсіз, шексіз әлем.

Өткен ғасырдың соңында еліміздің бірқатар өңірінде, әсіресе, ауылдық жерлерде жаңадан театрлар ұйымдастырылды. Халыққа мәдени қызмет көрсеткен ұжымдарға халық театры атағы беріліп, қазақ өнері жаңа белеске қадам басты.

Ресми деректер бойынша, 1985 жылы Қазақстандағы әуесқой ұжымдардың жалпы саны жиырма мыңнан асса, соның 184-і кезінде халық театры атағына ие болған. Әсіресе, Абай, Таран, Шаян халық театрлары көпшілікке кеңінен танылған. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары біздің өңірде де халық театрлары жұмыс істеген. Әсіресе, оның ішінде Аралағаш халық театры туралы ауыз толтырып айтуға болады. Жарты ғасырға жуық тарихы бар Аралағаш халық театрының бүгінгі жағдайы қандай? Соңғы уақытта өнер ұжымдары арасында бұл театрдың аты неге айтылмайды деген сауалдар көңілде қылаң береді. Аманжол Есентаев негізін қалаған өнер ошағы қазір қандай деңгейде?

Аққайың ауданында 1936 жылы ауыл клубы жұмыс істесе, 1964 жылы аралағаштықтардың бірігуімен драмалық ұжым құрылған. Жетпісінші жылдардың соңына қарай “Халық театры” атағына ие болған өнер ұжымы көрерменнің көңілінен шығу үшін көп еңбектенді. Сондықтан бұл – сахна сайыпқырандарының ерекше дарынымен, маңдай терімен келген жетістік. Көненің көзі, өткеннің ізі болған ауылдағы Сағындық Сейіткереев, Ұлан Лекеров, Сара Жанғазина сынды қазыналы қарттардың бір кездері халық театрының мерейін асқақтатқанын жұрт жақсы біледі.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында көрермендерге рухани азық беріп, қазағы аз өңірдің намысын қорғаған өнерпаздар ел мен жерді аралап, Қазақстанның бірқатар өңірлерінде гастрольдік сапармен болды. Ел егемендік алған соң да қияға қанат самғаған шығармашылық құрамның Алматы қаласында өткен халық театрлары фестиваліне қатысып, бас бәйгені жеңіп алғаны ұмытыла қойған жоқ. Шығармашылық топтың құрамында әртүрлі сала мамандары болды. Оларды өнер, өнерге деген адалдық біріктірді.

Қазіргі таңда шығармашылық ұжымға Асылбек Советхан жетекшілік етеді. Музыка пәнінің ұстазы өнерге икемі бар балаларды тәрбиелеп, жастық жігермен, жаңа леппен шығармашылық ұжымды ұйыстыруда. Біз барған уақытта ол оқушылармен дайындық жүргізіп жатыр екен. Құрманғазының “Балбырауын” күйін үйретуде. “Гүлдерайым”, “Сәулем-ай” атты халық әндері мен Нұрғиса Тілендиевтің “Ата толғауын”, халық күйлері “Қосбасар”, “Келіншек”, “Кеңесті” жақсы білетін өрендердің талпынысы жаман емес. Дегенмен, халық театрының шығармашылық қоржыны жұтаңдау, материалдық-техникалық базасы қарабайыр екенін аңғардық. Тіпті, ұлттық аспап – домбыраның өзі саусақпен санарлық. Сондықтан ауылдағы өнерпаздар шынайы қамқорлыққа зәру. Ауылдық Мәдениет үйі халық театрының ғимаратында орналасқан. Ал біз барған уақытта ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатты. Көрген жанға сырт келбеті келісті ғимараттың ішінде атқаратын шаруа қыруар екен.

“Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер. Қызық емес пе, көзіңе көрінбейтін, қолға ұстауға келмейтін ән-өлең ғасырлар бойы ел бойында қорлана беріпті, оята беріпті, сергіте беріпті”, – деп сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтқандай, драма, мейлі, комедия немесе трагедия болсын халық театрдан салмақты ойды, салиқалы сөзді күтеді. Қоғамның пікірімен санасатын қойылымды көрермен жүрегіне жеткізу – міндет. Қазақтың ұлттық өнерін, мәдениеті мен дәстүрін насихаттап, көрерменге қызмет етіп отырған халық театрының қоржынында салмақты қойылым жоқ. Әттеген-ай! Біреуді жазғырып, кінәлаудан аулақпыз. Дегенмен, ауылдағы шығармашылық ұжымның абыройы арзан сөзбен, жеңіл әзілмен шайылып кетпесе екен дейсің.

Естігенімізді емес, көргенімізді айтсақ, ауылдағы қазақ халық театрының бүгінгі ахуалы көңіл көншітпейді. Театрдың негізін қалаған Жұмабай Мұратбеков, Аманжол Есентаев сияқты азаматтардың сара жолы қалған өнер ұжымына алдымен репертуарды толықтырған жөн шығар. Өйткені, кеңес заманындағы мықтыларды айтпағанда, қазіргі драматургтердің шығармалары некен-саяқ. Тіпті, қандай драматургтердің пьессалары қоржында бар екенін сұрағанымда театрдың көркемдік жетекшісі күмілжіп қалды. Ол көбіне отандық күлкі театрлары мен әзілкештердің өнеріне сүйенетін көрінеді. Біле білсек, олардың театралдық байқауларға қатыспақ түгіл, өңірлік театрлармен шығармашылық байланыста болмауының өзі үлкен мәселе. Театрлармен тәжірибе алмасу жоқ. Сондықтан нәтиже де осындай. Әрине, кінәні біреуден іздеу оңай. Жұмыс істеп жатқанына бір-екі жыл ғана болған маманды кінәлаудың реті жоқ. Өзі жас әрі кәсіби режиссер емес. “Шымшық сойса да қасапшы сойсын” демекші, әр іске сол саланың маманы жауап беруі тиіс. Бірақ ауылдарда кәсіби маман, тәжірибелі режиссер қайдан болмақ? Оның үстіне театр өнерін ауылда дамыту үшін мардымсыз жалақыға кімнің жұмыс істегісі келеді? Ауызды қу шөппен сүрту жарамас. Қарттар айлығы аясында тәрбиелік мәні терең, мағынасы зор қойылымды сахналау өнер ұжымының жоспарында бар.

– Мен кәсіби режиссер емеспін. Спектакльді қою үшін көп ізденіс, білім қажет. Автордың ойын халықтың жүрегіне жеткізу оңай емес. Өзге өңірлердегі театрлардың тәжірибесіне сүйенемін. Бірақ жергілікті өнерпаздармен, әсіресе, облыстық қазақ театрымен тығыз байланыста емеспіз, – деген оның сөзінен біраз жайды аңғаруға болады. Сондықтан облыстық мәдениет басқармасы мен өзге де жауапты тұлғалар ауылдағы өнерпаздар үшін тәжірибе алаңын құрып, шеберлік сағатын ұйымдастыруды қолға алса құба-құп. Олардың гастрольдік сапарларға шығуына, материалдық-техникалық жағдайына қолдау көрсетілсе артық болмас еді. Канн фестивалінде еліміздің абыройын аспандатқан Самал Есләмова Аралағаштан шыққаны белгілі. Сондықтан алдымен жұмысты ауылдағы өнерпаздарға жағдай жасаудан бастаған жөн болар еді. Өйткені, Самал сияқты киножұлдызға еліктеген жастар мұнда аз емес.

Әрине, өнер ұжымын өзге кәсіби сахнагерлермен салыстыруға болмайды. Жоқтан бар жасап, ауыл тұрғындарының басын қосу оңай емес. Бірақ әр театр жаңа маусыммен, шығармашылық жоспармен жұмыс істейді. Халық театры да бір ізге түсіп, көрермендердің назарына тың дүниелер ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірлігі мен берекесі, тірлігі мен татулығы жарасқан ауылда өнер ошағының жұмыс істеп тұрғанының өзі үлкен жетістік. Дегенмен, өнер ұжымының қазіргі жағдайы білте шамның әлсіз жарығындай. Оны сөндіріп алмау маңызды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp