Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр мамыр айында бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын жасап, Ұлт жоспарын белгіледі. Ал жыл соңында Президент “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауын жария етті. Еліміздің даму стратегиясын айқындаған маңызды құжаттарда шаруашылық жүргізіп отырған кәсіпорындардың қауіпсіздік деңгейін жоғарылату, халықты апаттар мен дүлей зілзалалардан қорғау сияқты мәселелер де қамтылған.
Табиғи апаттар мен техногендік төтенше жағдайлар елдің экономикалық-әлеуметтік даму серпініне мейлінше әсер етеді. Төтенше оқиғалар жоспарланған іс-шараларды мерзімінде орындауға, қалыптасқан жұмыстарды одан әрі жалғастыруға бөгет жасайды. Сондықтан ХХІ ғасырда азаматтық қорғаныс өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Кездейсоқ туындайтын қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін іс-шаралар кешенді жүргізіліп, сала қызметкерлерінің дайындығы ойдағыдай болғаны маңызды. Сондай-ақ, төтенше жайттар кезінде халықтың белсенділігі мен біліктілігі де үлкен рөл атқарады. Осыған орай мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерін ұдайы және жоспарлы түрде оқыту, халық ішінде насихат жұмыстарын жүргізу қорғаныстың тиімді тәсілдерінің бірі болып саналады.
Азаматтық қорғаныс саласындағы біліктілікті нығайту мақсатында жақында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент құтқарушылардың басын қосып, Тайынша ауданында қорғаныс іс-шараларын орындау бойынша сабақ өткізді. Оқыту барысында саланың негізгі нормативтік-құқықтық актілеріне үлкен мән берілді.
Сабақ интерактивті әдістер мен ойын үлгілері түрінде ұйымдастырылып, қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезінде өз ойларын жинақтап, шешім қабылдай білу деңгейлері жетілдірілді. Жаттығу алаңы ретінде “Тайынша сүті” ЖШС таңдалып, онда шартты апаттық жағдай ұйымдастырылды. Аталмыш нысанда құтқарушылар аммиактың ауаға тарап кету қаупі бар кезде қандай іс-әрекеттер жүргізілетінін көрсетті. Мамандар апатты тоқтату, кәсіпорындағы басшылар мен еңбеккерлерді қауіпсіз жерге шығару, нысанға жақын орналасқан үйлердің тұрғындарына оқиға туралы ескерту жасау сияқты іс-қимылдар жасады.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, подполковник.