“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…” дегендей, өзіммен тетелес әріптесім Жанарбек Ахметов туралы қалам тартуды жөн көрдім. Азаматтық қорғаныс подполковнигі Жанарбек Жанабекұлы №1 өрт сөндіру бөлімін басқарады. Ер жігітке тән дағдылары мен өмірлік көзқарасы бар одан көп үлгі алуға болады.
Жанарбек Ахметов сияқты өртсөндірушінің міндетін абыроймен атқарып жүрген әріптестерім аз емес. Басшы туралы сөз тарқата отырып, мен құтқарушылар арасындағы сыйластықты, түсіністікті дәріптегім келді. Біз – өртсөндірушілерміз. Басқалардың өмірі мен дүние-мүліктерін қорғау үшін өз жанын шүберекке түюге әзірлікті талап ететін бұл мамандықты кез келген адам таңдамайды. Бұл – ержүрек, қимылы ширақ әрі батыл, нағыз ерлердің қолынан келетін іс. Өзімнің сондай адамдармен күнде жүздесіп жүргенімді бақыт санаймын.
Жанарбек Ахметов құтқарушы болып жаралған жан десем, сөзімді әріптестерімнің жоққа шығармасы анық. Қызметіне адал, адамгершілігі мол басшы өзіне де, өзгеге де талап қоя білу арқылы бөлімдегі жұмысты үйлесімді жүргізіп отыр. Осыдан 20 жыл бұрын екеуіміз өртсөндірушілер қатарына қосылған кезде оңы мен солын енді ажырата бастаған жас едік. Бүгінде Жанарбекке қарап сондағы балаң жігітті көре алмайсыз. Алдыңда жүріс-тұрысы ширақ, ойы ұшқыр, жанары өткір азамат тұрады.
Өртсөндірушілердің арасында алғашқы тәрімгерлерін ұмытпай, сүйіспеншілікпен еске алып жүру дағдысы бар. Өйткені, қанаттарын қатайтып, құтқарушы деген атқа лайық еткендерді қалай ұмытпақ?! Мамандықты жан-жақты үйренген құтқарушы ғана төтенше оқиға кезінде басқаға көмек қолын соза алады. Жақсы тәлімгерлер үздік шәкірттер тәрбиелейді. Жанарбек Жанабекұлын ұйықтап жатқан жерінен тұрғызып, “Сені мамандыққа баулыған кімдер?” десеңіз, оның кідірместен “Андрей Антясов пен Болат Баяндин” деп жауап қайтарарын білемін. Өйткені, ол қос әріптесінен үлкен тәлім алып, жүрек түкпірінде оларға деген сыйластықты сақтап қалды. Бүгінде Жанабектің өзі де – аты үлкен әріптермен жазылатын тәлімгер. Ол өз білгенін қарамағындағылардың бойына сіңіруден жалықпайтын жан. Бұл сөзімді одан тәлім алған Ерік Құдабаев сынды әріптестерімнің мақұлдары анық.
Маған Жанарбек Жанабекұлының басшы болып керілмей, жанашыр болып төселетін мінезі ұнайды. Әскерилердің сөзімен айтқанда: “Онымен бірге барлауға қорықпай барар едім!”. Кейде жұмыс арасында сабағына иә болмаса басқа бір мәселеге қатысты хабарласып тұрған балаларына уақыт тауып, телефон арқылы ақыл-кеңес беріп жатқан кездері де мені аз сүйсіндірмейді. Ол әке ретінде де көпшілікке үлгі боларлық тұлға. Әрине, өз отбасын қадірлейтін жан басқалардың да отбасылық құндылықтарына түсіністікпен қарайтыны сөзсіз. Сондықтан оттың ортасында қалған біреудің туысын немесе дүние-мүлкін сақтап қалу үшін бар күш-жігерін салып, төтенше оқиға кезінде бір сәтке бөгелмей, алға ұмтылады. Жанарбек Жанабекұлы қатардағы жауынгерден бастап, бөлім бастығына дейін көтерілді.
Өрт оқиғасын жою немесе алдын алу ұжымдық жұмыс екендігі баршамызға аян. Адам тағдыры қас қағым сәтте шешілетін кезде ойланып, жоспар құратын уақыт болмайды. Осындайда әріптестердің бір-біріне деген сенімділігі, сыйластығы, жанашырлығы аса маңызды. Егер басшы мықты болса, қосшылар да абыройсыздық әкелмейді. Осындай сипаттамасы бар Жанарбек Ахметовты басшылыққа лайық жан деп мақтанышпен айта аламыз. Оның 2012 жылы облыста “Жыл адамы” атануы сөзімді растай түседі. Бұл оған жайдан-жай тағылған марапат емес. Ол соған лайық қызмет көрсетті. Соның біріне өзім 2012 жылдың 17 сәуірінде куә болған едім. Петропавл қаласының Рузаев көшесінде екіқабатты ағаш үй отқа оранды. Төтенше оқиға аса қауіпті еді. Үйдің ағаш баспалдақтары күйіп, тұрғындар жалындаған оттың ортасында қалды. Жанарбек Жанабекұлы жауынгерлерінің жақсы дайындығының, білікті басшылығының арқасында қайғылы оқиғаны болдырмай, жұрттың барлығын өрттен аман алып шықты. Сол күні оның біліктілігі мен жауапкершілігін әріптестері ғана емес, басқалар да аса жоғары бағалаған еді.
Апаттық-құтқарушылар арасындағы “ҚазСПАС” сайысына оның бөлімі төрт рет қатысып, өңірлік кезеңде үш мәрте жеңімпаз атанды. Облыста 28 өрт сөндіру бөлімі бар екендігін ескерсек, бұл оңай жеңіс емес. Ал 2013 жылы “ТЖ дамытуға қосқан үлесі үшін” медалі оның кеудесіне тағылған кезде ұжым марапат иесімен бірге қуанды.
Өртсөндірушілер күннің қай мезгілі болсын, төтенше оқиғаға дайын болулары керек. Жоспарлы түрде белгіленген шаралар да рет-ретімен орындалып жатады. Жанарбек Жанабекұлының орынбасары бола жүріп аңғарғаным, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент әкімшілігі біздің басшыға үлкен сенім артып, ортақ жұмыстардың көбін сеніп тапсырады. Жоғары жақтағылар да оның жұмысқа жауапкершілігін, жылдам ойлап, оңай шешім қабылдайтын кәсіби біліктілігін бағалайды.
Бүгінде бөлімге жаңадан қосылып жатқан жас мамандар көп. Оларды кәсіпке баулу, нағыз қоғамның жанашыр азаматтары етіп тәрбиелеу – баршамызға жүктелетін міндет. Осыдан 3-4 жыл бұрын ортамызға қосылған Саян Балахметов, Асылбек Ахметов, Қасым Жауыпов сынды жігіттер күннен-күнге ысылып, бойларында нағыз құтқарушының мінез-құлқы қалыптасып келеді. Азаматтық қорғаныс саласын нығайтуды көздеген Жанарбек Жанабекұлы сияқты әріптестер ортамызда жүрген кезде құтқарушылардың ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, бір-бірінің ізін басып, Қазақстан үшін абыройлы қызмет атқаратындарына сенімдіміз.
Арал ЖАЛМҰҚАНОВ,
азаматтық қорғаныс
майоры.