“Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауда және әлеуметтік мәселелерді шешуде медиация институтын пайдалану” жөніндегі мемлекеттік грантты жүзеге асырып жүрген “Халықаралық құқық қорғау орталығы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері өңірімізге келіп, кездесулер өткізді.
Осыған дейін еліміздің бірқатар өңірлерінде болып, үкіметтік емес ұйымдардың, сот және құқық қорғау жүйесінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және зейнеткерлермен, мүмкіндігі шектеулі жандармен кездескен олар Үкіметке әлеуметтік жағынан әл-жуаз топтардың басындағы мәселелерді шешетін әрі құқықтарын қорғайтын ұсыныстар жібермекші.
– Осы күнге дейінгі өткізген кездесулерде түрлі мәселелер көтерілді. Мәселен, ауылда тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар жыл сайын мүгедектігін растау үшін облыс орталығына баруға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін жауапты министрлікке мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы комиссиядан аудан орталығында өтсе, не болмаса дәрігерлер өздері ауылдарды араласа, деген ұсыныс білдірмекпіз. Бұл – тәжірибеде бар. Осындай түйінді мәселелерді шешуде медиацияны кеңінен пайдаланып отырмыз, – деді “Халықаралық құқық қорғау” қоғамдық бірлестігінің президенті Жанділдә Жақыпов.
Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін қазан айының басынан еліміздің барлық өңірлерінде, Алматы мен Астана қалаларында қоғамдық бірлестіктің медиация және құқық орталықтары жұмыс істей бастаған. Орталықта отырған білікті заңгерлер мен медиаторлар әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарға тегін құқықтық және медиаторлық көмек көрсетуде. Біздің өңірде ашылған орталық қараша айының аяғына дейін жұмыс істейтін болады.
Жоба аясында өңірлерді тұрақты түрде білікті медиаторлармен қамтамасыз ету жайы да қарастырылып, осы мақсатта семинарлар мен курстар өткізілуде. Жоспар бойынша арнайы курстарда 300 кәсіби емес медиаторды және жергілікті жерде беделі бар 60 қоғамдық белсенді оқытылмақ. Олар ел ішінде орын алған түрлі түсініспеушілік пен дау-дамайды шешуге атсалысатын болады. Осы арқылы медиаторлар тапшылығын жою көзделген.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.