Өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және қолжетімді ету үшін кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Биыл облыста 4,5 млрд. теңгеге 40 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтпек. Оның ішінде 30 мектеп, 2 балабақша және 4 колледж бар. Сонымен қатар 1,9 млрд. теңгеге 41 білім беру нысанында ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Оның ішінде 3 балабақша, 19 мектеп, 3 жазғы лагерь, 13 колледж және жетім балаларға арналған 3 ұйым жөнге келтірілмек.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 5,3 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа интерактивті тақталар, компьютерлер, оқулықтар, жылыту қазандықтары, жиһаз, спорттық құрал- жабдықтар, пәндік кабинеттер, сондай-ақ мектеп асханалары мен колледждерге жабдықтар сатып алынбақшы.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, шілде айында Петропавлдағы «Береке» шағынауданында 600 орындық жаңа мектеп ашылады. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бой көтерген нысанның осы күнге дейін қасбетін қаптау, еденін төсеу, сыртқы және ішкі инженерлік желілерді тарту сияқты негізгі жұмыстары атқарылды. Мектеп соңғы үлгідегі техникамен жабдықталады. Мұнда физика, химия, биология және информатика бойынша жаңа модификациядағы оқу кабинеттері, STEM-зертхана, робототехника сыныптары, практикалық сабақтарға арналған шеберханалар, бірнеше спорт зал болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».