«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ БЕРІП, БІРЛІККЕ ШАҚЫРАМЫЗ

“Береке басы – бірлікте” де­ген халық даналығын ұлықтаған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы Елбасының көрегендік саясаты екені сөзсіз. Мемлекет басшысы өзі атап көрсеткендей, бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы таза қазақстандық саяси жаңашылдықтың нәти­же­сінде қалыптасқан өзіндік біре­гей институт деңгейіне көте­рілді. Ол этносаралық және кон­фес­сияаралық келісімнің бас­ты тетігі ретінде ел дамуында маңызды рөл атқаруда.

Ассамблея құрылғаннан бері Қазақстанда қоныстанған өзге этнос өкілдері бір шаңырақтың астына бірігіп, Елбасымыздың тапсырмасы бойынша ортақ үйіміздің әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіне атсалысып келеді. Бейбітшілік пен рухани келісімді жастардың бойына дарыту мақсатында еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедралары ашылды. Мұндай кафедра біздің университетте 2014 жылы шаңырақ көтерді.

Кафедра жұмысының негізі мақсаты – студенттерді діни сауаттылыққа, рухани адамгершілікке, патриоттық тәрбиеге баулып, шығармашылық қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар, әлемді мойындатқан этносаралық татулық пен дінаралық келісімнің қазақстандық үлгісі жоғары оқу орнында зерттеле бастады. Кафедрада профессорлық-оқытушылық құрамнан және қоғамдық ұйымдар өкілдерінен жасақталған этносаралық мәселелермен айналысатын ғылыми-әдістемелік бірлестік құрылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының қызметкерлері оқу ордамыздың ғылыми-әдістемелік жұ­мы­сының сапасын көтеруге атсалысуда. Студенттерге “Этностық-конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі” және “Дінтану” курсы оқытылады. Бүгінгі күні еліміздің барлық жоғары оқу орындарында 20-дан астам әдістемелік құралдар жасалып, оқу үдерісіне енгізілуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының алдында тұрған кезекті міндет – “Мәңгілік ел біздің құндылығымыз” атты пәнді әзірлеп, оны оқу үдерісіне енгізу болмақ.

Бүгінгі күні кафедраның мамандары ай сайын ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен вебинарлар өткізеді. Бұл шаралар студенттердің туған тілдеріне деген қызығушылығын оятуға, этнобірлестіктердің жұмысына байланысты құжаттарды жүргізуге, діни сауаттылық пен рухани адамгершілік, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, патриоттық тәрбиені қалыптастыруға бағытталған.

Өз қыз­метін ғылыми-әдіс­­темелік және ғылыми-зерт­­теу жұмыстарымен ұштастырған кафедра мүшелері “Солтүстік Қазақстан облысының мұражайы”, “Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі”, “Қонақжай Қызылжар” атты виртуалдық көрме ұйымдастырды. Ғылыми-әдісте­мелік жұ­­мыс­­тарға кафедра­ның оқу үдерістері­н үйлес­тіру және оның сапа­сына бақылау ­жа­сауы, оқу бағдар­ламаларын әзір­леу­ге қатысты ұсыныстар енгізуі жатса, ал ғылыми-зерттеу жұмыстары­на ғылыми жобаларды жүзеге асыруға ықпал ету және тағы да басқа мәселелер кіреді.

Кафедраның ұйытқы болуымен өткен жылы өңірімізде мәдени орталықтар өкілдерінің, студенттер мен қала жастарының басын қосқан өнер сайыстары, танымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, “Менің сан қырлы Қазақстаным” облыстық фотосуреттер онлайн-сайысын, “Бір мемлекет – бір отбасы”, “Қазақстанға қалай тап болдым?”, “Патриот деген…”, “Тегі әртүрлі – теңдігі бір”, “Тәуелсіздік тұғыры” атты эсселер, “Менің Отаным – Қазақстан” атты жобалар байқауы өтті.

Мемлекеттік, ұлттық саясатты жүзеге асыруды, этносаралық келісімді нығайтуды негізге алған кафедрада студенттердің ғылыми қоғамы құрылды. Қоғам мүшелері республикалық, өңіраралық ғылыми жобаларға, семинарларға, конференцияларға және “дөңгелек үстелдерге” қатысады. Студенттердің өзін-өзі басқаруын жандандыру үшін ғылыми қоғамның үш мүшесі “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының ғылыми-әдістемелік бірлестігінің құрамына енгізілді.

Сондай-ақ, кафедра – еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралар қауымдастығының, ғылыми-сарапшылық кеңесінің, Президент жанындағы “Қоғамдық келісім” республикалық мемлекеттік мекемесінің белсенді мүшесі. Бүгінде кафедраның ­сту­денттер арасында толе­рант­ты­лықты қалыптастыруда алатын орны ерекше. Себебі, бейбітшілік және келісім орталықтарының, ғылыми-зерттеу институттарының құрылуы елімізде этносаралық және конфессияаралық келісім­ге баса назар аударылып отыр­ға­нын көрсетеді.

Студенттік ассамблея құрамындағы түрлі этнос өкілдері университет, аудан, қала, облыс, республика көлемінде өткізілетін мәдени іс-шараларға үнемі қатысып, оларды өткізуге белсене атсалысып келеді. Мәселен, білім ордасының студенттері Андрей Хорошенко және Ирина Приймак жаратылыстану-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бойынша республикалық байқауда үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің бүгінгі мәдени өмірінде студенттік ас­сам­блеяның алатын орны ерекше. Алдағы кезеңге де жоспарлап отырған шараларымыз аз емес. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың наурыз айында “Мейірімділік көші” бейнефильмі мен жылнамасын жасауды, қайырымдылық күндерін, “Жүректен – жүрекке” атты кездесулер ұйымдастыруды, оқу үдерісіне Елбасымыздың өмірі мен қызметі туралы арнаулы курстар мен семинарлар енгізуді жоспарлап отырмыз.

Людмила ГРИВЕННАЯ,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp