Петропавл гарнизоны әскери прокуратурасының бақылауындағы әскери бөлімдер мен мекемелерде тұрғын үй қатынастары туралы заңнама талаптарының сақталуы бойынша былтырғы және биылғы жылдың өткен мерзіміне тексеріс жүргізген еді.
Нәтижесінде тұрғын үй комиссиясының жұмысында қолданыстағы заңнама талаптарының өрескел бұзылғандығы анықталды. “Әскери қызмет жөніндегі және әскери қызметшілердің мәртебесі жөніндегі” Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабы 2-бөліміне сәйкес әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету еліміздің “Тұрғын үй қатынастары туралы” қолданыстағы заңнамасында қарастырылған. Заңға сәйкес егер әскери қызметшінің нақты елді мекенде баспанасы және онымен бірге тұратын оның отбасы мүшелерінің мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген жекеменшікке құқығы болмаса, онда баспанаға мұқтаж деп танылады. Әскери қызметшіні тұрғын үймен қамту тәртібіне сәйкес баспана жалдау үшін мақсатты өтемақы қаржы түрінде беріледі әрі қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілгенше, тұрғын үй мұқтаждарының тізімінде тұрған әскери қызметшіге төленеді.
Өтемақы 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін мерзімді әскери қызметті есепке алғанда 10 жылдан әскери қызметте болған әскери қызметшіге шарт бойынша жүргізіледі.
2014 жылы прокурорлық бақылаудың актісі бойынша әскери қызметшілерге өтемақы төлеудің заңдылығын бұзған 22 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 7 құқықтық акті өзгертілді және мемлекеттік бюджетке 2 миллион теңгеден артық қаржы өтелді. Тексеріс барысында 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін мерзімді әскери қызметті есепке алғанда 10 жылдан әскери қызметте болған әскери қызметшілерге заңсыз өтемақы төлеудің, сондай-ақ, пәтер жалдап тұрмаса да, өтемақы төлемі үшін пәтерді жалға алудың жалған келісімшартын әкелудің фактісі әшкереленді.
2014 жылы прокурорлық әрекет ету актісі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының 255 әскери қызметшісіне өтемақы төлеу бойынша жалпы сомасы 12 миллион теңгенің қарызы қайтарылып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды. “Тұрғын үй қатынастары туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 99-бабы 2-бөлімінің талабын бұзған әскери қызметшілер мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанасы бола тұрып, тұрғын үй қарызы үшін ақшалай өтемақы алып келген. Атап айтар болсақ, 2015 жылдың қаңтарында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша Петропавл қаласынан пәтер алған шекара қызметінің әскери қызметшісі қаңтар айынан шілде айына дейін заңсыз түрде жалпы сомасы 435 мың теңгені құрайтын өтемақы алған. Облыстық мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті аталмыш фактіге орай жүргізілген сотқа дейінгі іс барысында әскери қызметшілер аталмыш соманы мемлекет бюджетіне қайтарды. Осыған орай қылмыстық іс тоқтатылды. Тіпті, 5 жыл бойы өздерінің баспана жағдайын нашарлатқан әскери қызметшілердің өтемақы алуы жөнінде де фактілер бар. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана тізіміне соңғы бес жылда жекеменшігіндегі баспананы иелігінен шығарған азаматтар алынбайды.
Жоғарыдағы талаптарды бұзған 14 шекара қызметкерінің ақшалай өтемақы алғаны анықталды. Осы фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізу үшін процессуалдық шешім қабылдауға қызметтік қудалау органдарына материал жіберілмеген, яғни қылмыстық құқық бұзушылық жасырылған. Аталған факті бойынша ақпарат Петропавл гарнизонының әскери прокуратурасында тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу үшін іс қылмыстық қудалау органдарына берілді. Сонымен қатар, тексеріс барысында тұрғын үй комиссиясының баспананы жалға алуға өтемақы төлеуде мерзімді әскери қызметті есепке алмағаны белгілі болды. 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін мерзімді әскери қызметті есепке алғанда 10 жылдан астам әскери қызметте болса да, шекара қызметінің 9 қызметкері тұрғын үйді жалға алу бойынша заңсыз өтемақы алып келген.
Баспанаға мұқтаж тұлғаларды кешіктіріп есепке қою жағдайлары да орын алған. Әскери қызметшіні және оның отбасы мүшелерін тұрғын үйге мұқтаж ретінде мойындаудың тәртібі еліміздің “Тұрғын үй қатынастары туралы” және “Әскери қызмет және әскери қызметші мәртебесі туралы” Заңдардың негізінде рапортты тіркеген күннен бастап, бір ай ішінде кешіктірмей тұрғын үй комиссиясының отырысында қаралады.
Тұрғын үй комиссиясы тарапынан рапортты ол жазылғанға дейінгі мерзімде қарау фактісі орын алған. Сонымен қатар, толық құжаттар пакетін ұсынбаған жағдайда тұрғын үй комиссиясы есепке қоюдан негізсіз бас тартып отырған. Аталмыш жағдай бірнеше мәрте қайталанып, тұрғын үй комиссиясы осы себеппен бірнеше мәрте тұрғын үй кезегіне есепке алудан бас тартқан. Комиссия мүшелерінің әскери қызметшінің басқа өңірлерде тұрғын үйге иелік етуін алға тартып, есепке алмау арқылы “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңның 99-бабы 2-тармағының талабын бұзған.
Осылайша тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерді тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қоюға негізсіз бас тартқан комиссия мүшелері олардың қызмет етіп жатқан тұрғылықты жерде жылжымайтын мүлкінің жоқтығын ескермеген. Ал, керсінше, тұрғын үй комиссиясының шешімінсіз қызметтік пәтерде тұрып келген әскери қызметшілер мен олардың отбасылары анықталды.
Тексеріс барысында азаматтардың құқығы, тізімге енгізілгендер тең бола тұра, қызметтік пәтерді бөлу кезінде де кезектің сақтала бермейтіні белгілі болды. Мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сондай-ақ, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардан басқаларға артықшылық берілмейді. Заңға сәйкес жабық және жекелей әскери қалашықтарда, комендатуралар мен шекара заставаларында орналасқан қызметтік тұрғын үй тегін жекешелендірілмейді. Қазақстан Республикасы Үкіметі анықтаған тәртіппен тегін жекешелендіру құқығы тиісті тұрғын үй құнымен толтырылады. Ереженің 7-тармағына сәйкес ақшаның орнын толтыру мөлшері алушымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің санына тиісті пайдалы алаңның нормасына (18 шаршы метр) және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның сол жылғы қаңтардағы деректердің республика бойынша орташа жаңа үйлерді сатудың бір шаршы метрдің бағасына көбейту жолымен анықталады.
Анықталған заң бұзушылықтарға прокурорлық әрекет ету актісі шығарылды. Сонымен қатар, тексеріс нәтижесі Петропавл-Щучинск гарнизондарының қылмыстық қудалау және әскери басқарма органдарының ведомствоаралық отырысында қаралып, әскери бөлімдердің командирлеріне қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамаған тұлғаларға қосымша шара қолдану, тұрғын үй комиссиясының жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді.
Ермек ТҰРСЫМБАЕВ,
Петропавл гарнизоны әскери
прокуратурасының аға прокуроры.