Үстіміздегі жылдың басынан бері облыста заңсыз есірткі затының айналымына қатысты 206 құқық бұзушылық тіркеліп, 22 килограмм есірткі тәркіленген, соның ішінде 179,48 грамм героин бар. Осы және өңірімізде адамның иммунитет тапшылығы вирусының таралу мәселесі денсаулық сақтау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде қаралды.
Соңғы жылдары наркологиялық есепке алынған әйелдер және жасөспірімдер саны азайғаны байқалады. Ауыр есірткі затын көп мөлшерде пайдаланып, жедел жәрдем көмегіне жүгінгендер де біршама кеміген. Алайда, бүгінгі күні синтетикалық есірткі затының кең таралуы алаңдаушылық тудыруда. Есірткі затының бұл түрімен күреске кейде заңнамалық базаның әлсіздігі кедергі келтіретін көрінеді. Үстіміздегі жылы зиянды заттарды пайдаланудың төрт фактісі анықталса, оның екеуі есірткіні саудалауға қатысты.
Полиция қызметкерлері жүргізген мониторинг нәтижесінде облыс орталығы аумағында синтетикалық есірткі затын таратумен және жарнамалаумен айналысқан 8 сайт анықталған.
Облыстық СПИД орталығының талдауы есірткінің жаңа түрлерін қолданушылар арасында ВИЧ-инфекциясының өскенін көрсетіп отыр.
Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Думан Таевтың айтуынша, кездесуге қатысушылар заңсыз саудадағы психотроптық заттар мен прекурсорлардың жиынтық кестесіне “спайс” сияқты жаңа препараттарды енгізу туралы хат жолдауға шешім қабылдаған. Сондай-ақ, қатысушылар өзара бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі меморандумға қол қойды.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің аға инспекторы.