«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІГІМІЗДІ ТАНЫТАТЫН СӘТ

Мен бес баланың анасымын. Ұстаздық жолды таңдаған соң балашағаны жеткізіп, оқытып, қатарға қосу үшін қолдан келгенше еңбек етіп жүрген қарапайым қазақ әйелдерінің бірімін. “Еңбек еткен адамға бақыт келіп басын иеді” деген сөз тегін айтылмаған. Қырандай алға ұмтылып, жұмысқа белсенді болғанда ғана көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. Жаңа жыл басынан бері елімізде біраз жақсы өзгерістер орын алды. Түрлі салада қызмет ететін адамдардың жалақысы өсті. Сонымен қатар, зейнетақының мөлшері көбейді. Бұлардың барлығы ертеңгі күнге деген сенімді шыңдай түседі. Қарапайым халыққа деген осындай оң көзқарасты көргенде, көңілің бір марқайып қалады.

Шыны керек, бүгінгі таңда мемлекетімізде еңбек етемін деген адам үшін барлық жағдай жасалған. Тек мүмкіндікті мүлт жіберіп алуға болмайды. Жастарға оқып, ұмтылып, талаптанып, қолдан келгенше еліміздің дамуына сүбелі үлес қосу керек. Қашанда халқының жағдайын ойлайтын Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: “Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі”, – деген болатын. Бұл сөздердің мәні де, маңызы да зор. Сәт сайын құбылған мына заманда барлығымыз бір үйдің баласындай бірігіп, ел игілігі үшін еңбектеніп, ең құнды қазынамыз – Тәуелсіздікті сақтау жолында күш салуымыз керек. Заманның беталысын көре отыра, алдыңғы толқын – жастарға ақылшы болып, бағыт-бағдар беріп отырса, құба-құп.  

Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру – мемлекетіміздің алға қойған мақсаты. Әрдайым бірге болып, “Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін” деген қағиданы ұстансақ, көк байрағымыз биікте желбірейді.

Елбасының көреген саясатының арқасында халықтың әл-ауқаты жыл сайын жақсара түсуде. Бастысы, баспана мәселесі оң шешімін табуда. “Ұмтылған ұтады” дегендей, заман талабынан қалмай, еңбек етіп, тірнектеп ақша жинап, қоныстой жасап жатқандар аз емес. Мұндай қуанышқа қол жеткізуге де мемлекеттік бағдарламалар сүбелі үлесін қосуда.

Әлжуаз топқа мемлекет тарпынан көрсетіліп отырған көмек те көңілден шығады. Кішкентай бүлдіршіндер үшін балабақша, шағын орталықтар есігін айқара ашуда. Білім ордалары да қарышты қадаммен алға басуда. Сондай-ақ, көпбалалы аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшері де көбейді. Санай берсе, осындай жақсылықты тізбектеуге саусақ жетпейді. Мұндай шаралардың барлығын мемлекеттің қолдауы деп түсінемін. Осындай жағымды жаңалықтарды естігенде, оған өзің куәгер болғанда қалайша қуанбасқа?!

Алда сайлау науқаны тұр. Бұл – уақыт талабынан туындап отырған оңтайлы шешім. Осындай жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, тұтастығымызды танытуымыз керек. Өйткені, ортақ шаңырағымыздың жарқын болашағы үшін барлығымыз жауаптымыз. Еліміз көркейіп, жағдайымыз одан сайын жақсара түссін десек, қоғамнан қалыс қалуға болмайды. Сондықтан да сайлауға бір адамдай қатысып, өз таңдауымызды дұрыс жасасақ, нұр үстіне нұр болады.

Әсемгүл ЕСІМСЕИТОВА,

Жаңаталап бастауыш

мектебінің ұстазы.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp