«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықта жатқан Киров ауылдық округі әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан Тайынша ауданында алдыңғы қатарда. 1185 тұрғыны бар ауылдық округке Киров, Агроном, Восточное, Ильич, Мирное, Трудовое ауылдары қарайды. Жақында осы ауылдық округ әкімі Талғат Жомартовпен алты ауылдың бүгінгі жағдайы жөнінде әңгімелестік.

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН

ЖАЗ ОЙЛАҒАН

Қыстың көзі қырауда әңгіменің басы жолдан басталады емес пе? Әсіресе, биыл қардың орташа жылдық көрсеткіштен көп түсуі билікті де, халықты да алаңдатып отырғаны белгілі. Десек те, кировтықтар ерте қамданып, қыстың қамын жазда ойластырған екен. “Ауылдардың қар құрсауында қалмауы үшін округ аумағындағы “Тайынша Астық”, “Ильич Тайынша”, “Агроном Тайынша” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшыларымен ауылішілік, аудандық және облыстық маңыздағы жолдарды тазалау бойынша келісімге отырдық. Бүгінгі таңда округ тұрғындары баратын жерлеріне еш қиындықсыз жетуде”, – деді ауылдық округ әкімі.

Ауылдағы ағайынның жол машақатын көрмеуі үшін жағдай жасап отырған агроқұрылымдар округ аумағында көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Одан басқа ауыл және мал шаруашылығы тауарларын өндіретін 5 фермерлік шаруашылық, 21 шаруа қожалығы және ауыл тұрғындарын күнделікті керек-жарақпен қамтамасыз етіп отырған сегіз жеке кәсіпкер бар. Округте мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Мемлекеттік бағдарламаларға малдың жайын түсінетін ауыл тұрғындары белсене қатысуда. Мәселен, өткен жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша Киров ауылының тұрғыны Ерлан Мелиханов 32 бас ірі қара және қолдағы малды асылдандыру үшін асылтұқымды екі бұқа сатып алыпты. Округте “Кирово-Ильич” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрылуы да салаға жаңа серпін берді.

Округ тұрғындарының дені осы агроқұрылымдарда еңбек еткенімен, негізгі табыс көзі қосалқы шаруашылық болып табылады. Ауылдық округ аппаратының мамандары үйлерді аралап, тұрғындардың қосалқы шаруашылығына жүргізген статистикалық есеп бойынша, округте 1064 – ірі қара, 1050 – қой-ешкі, 113 – жылқы, 1394 – шошқа, 5291 құс бар.

ЖҰМЫССЫЗ ЖҮРГЕНДЕР ЖОҚ

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыруды көздейтін “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы ауыл тұрғындарының көңілінен шыққаны анық. 2012 жылы қабылданған бұл бағдарлама заман талабы, нарық сұранысына қарай түрленіп, ауқымы кеңейді. Бүгінде ауылдық округте бағдарлама жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Себебі, Киров ауылдық округі тұрғындарының жартысынан астамы экономикалық тұрғыдан белсенді болғандықтан, екі қолға бір күрек алуға әзір тұрғандар жеткілікті. Бүгінгі таңда жұмысқа қабілеттілердің 411-і өзін-өзі жұмыспен қамтып отырса, 254 адам өндіріс саласында еңбек етуде. Бюджеттік ұйымдарда 112 адам қызмет істеп жүр. Ал осы күнге дейін атқарған еңбегінің зейнетін көруі тиіс зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, аз қамтылған отбасылар қамқорлыққа бөленген.

– Жыл бойы округте тұратын 203 зейнеткерге, мүгедектерге ұдайы қолдау көрсетіледі. Мұндай игі шараларға агроқұрылымдар, мектеп ұжымдары белсене қатысады. Ал қарттарды және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау айлығы кезінде аға буын ерекше әсерге бөленеді, – дейді Талғат Жомартов.

Жыл сайын ұйымдастырылатын “Мектепке жол” акциясына Киров ауылдық округіндегі ұйымдардың барлығы қатысады. Осының нәтижесінде аз қамтылған отбасының балалары алаңсыз білім алуы үшін оларды мектепке әзірлеу жұмысы қоғамдық сипатқа ие болды. Бұл қайырымдылық елдің болашағы үшін жасалып жатқан игі істердің бірі екені сөзсіз.

ЕЛДІҢ ТІРЕГІ — ЖАСТАР

Аталған округке қарасты алты ауылдың балалары Киров, Ильич орта және Агроном бастауыш мектептерінде білім алады. Сондай-ақ, Киров орта мектебінің жанындағы интернатта Восточное, Тихоокеанское, Котовское ауылдарынан 25 бала жатып оқиды. Әр мектептің жанынан ашылған шағын орталықтарда 33 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.

Бұл мектептер сапалы білім беріп қоймай, балаларды спортқа баулуда айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Әсіресе, Киров орта мектебі ауданның ғана емес, өңірдің намысын қорғап жүрген спортшыларды тәрбиелеп шығарған. Мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, жаттықтырушылар Вадим Ливневский, Ольга Зуева, Сергей Гофман болашағынан үміт күттіретін спортшыларды тәрбиелеуде. Солардың бірі – Ольга Зуеваның өзі де қысқы және жазғы президенттік көпсайыстан облыс чемпионы. Осындай мықтылар тәрбиелеген жастар да үздік нәтижелер көрсетуде. Мәселен, аталған оқу орнының түлегі Александр Горбачев – облыстық, республикалық жазғы президенттік көпсайыстың чемпионы, жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне үміткер. Дария Зуева, Ксения Климова, София Горбачева – волейболдан Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері.

– Жалпы Киров ауылында және осындағы мектепте волейбол ойынына басымдық берілген. Сол себепті де аудан, облыс бойынша үздік нәтижелер көрсетеді. Мәселен, өткен жылы ауданда ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай ұйымдастырылған спорт додасында Киров ауылының ерлер командасы топ жарды, – дейді Талғат Базарбайұлы.

Округтегі өзге де мектептер жанында баскетбол, жеңіл атлетика, теннис, шахмат, волейбол бойынша спорт үйірмелері жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары жастайынан спортпен шыныққан өскелең ұрпаққа зор сенім артып отыр. “Сенер ұланың болсын” деген осы шығар.

ЖОСПАР БОЛСА, ЖҰМЫС ТА ЖҮЙЕЛІ

Мешін жылындағы жоспарларын толықтай жүзеге асырған ауылдық округ әкімдігі биыл да ауқымды жұмыстарды атқаруға ниетті. Соның бірі – ауылдық округке қарасты ауылдарды абаттандыру мен көгалдандыру. Өткен жылы “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша Ильич ауылында құны 1,1 млн. теңгені құрайтын балалардың спорт алаңы салынса, биыл ауылдық клубқа 1,2 млн. теңгеге жөндеу жүргізілмек. Сонымен қатар, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Киров, Ильич ауылдарының маңайын реттеп, округ орталығындағы стадионды шағын сәулеттік мүсіндермен безендіру көзделген. Ауылішілік жолдарды жөндеу жұмысы да назардан тыс қалмаған.

– Әр жылға жоспарланған жұмыстарды уақтылы жүзеге асыруда ауылдық округ аумағындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары жетекшілерінің, мектеп ұжымдарының, дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт қызметкерлерінің және ауылдық округ тұрғындарының қосып отырған үлесі зор. Олардың Киров ауылдық округін экономикалық, әлеуметтік, мәдени және спорттық тұрғыда дамытуда танытқан белсенділіктері ауылдық округ аппаратының жұмысын жандандырары сөзсіз, – деп ағынан жарылған Талғат Базарбайұлы ауылдастарына шексіз ризашылығын білдірді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp