Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Бірлік пен ынтымақтастықтың формуласы” атты деректі фильм көрсетіліп, оқушылар оның мақсаты мен идеясын “дөңгелек үстел” басында талқылады.
Олар Украина, Сирия, Ливия және Египеттегі жағдайларды талқылай келіп, Қазақстанда қалыптасқан тыныштық пен ынтымақтастықтың маңызын ашты. Қазақ халқының бауырмалдығына тоқталған 8 “е” сынып оқушысы Әдемау Әлжан көпэтносты еліміздегі тату-тәтті тіршілік бірлік пен ынтымақтастықтың арқасы екендігін айтты. Ол Қазақстанда әркімнің өз ана тілін үйренуге, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық жолын еркін таңдап алуға құқығы бар екендігіне және мемлекет еліміздегі барлық этнос өкілдеріне өз мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын сақтауға жағдай жасап отырғанына тоқталды.
Пікірталасқа қатысқан Владислав Бызов өзінің біліммен сусындаумен қатар еліміздің саяси және экономикалық, әлеуметтік жағдайлары туралы мәліметтерді жақсы білетінін байқатты. Ол осының барлығына еліміздегі өркениеттің нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты.
“Бірлігі мен ынтымағы жарасып, халықтың татулығы қыл өтпейтін болғанда ғана жетістіктерге жете аламыз”, – деген пікірін Ділназ Тасбаева жеткізді. Ол тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізді тілге тиек етті. Осы шыққан белестерімізге елімізде өмір сүріп жатқан барша этностардың да қосқан үлесі бар екендігін алға тартты.
Пікірталасшылар елдегі тыныштықтың формуласы бірлік пен ынтымақ деген тоқтамға келді.
Арнұр НАМЫСҰЛЫ.