«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР БАСЫНА МЫҢ САН ӨНЕР ТОҒЫСҚАН

Ғасырлар қойнауынан көне заманның күмбіріндей бізге жеткен домбыра үні тыңдаушының жүрек қылын шертіп, әсемдік әлеміне жетелейді. Сол киелі өнерді қастерлей ұстап, ел-жұртын ән шәрбатымен сусындату – арқалы әншінің ғана қолынан келетін дүние. Аспандағы аққуға үн қосып, сал-серілер дәстүрін жалғастырған, тыңдасаң мейір қандырар асқақ әнді жанына серік етіп, өмірінің мәніне айналдырған өнер иелерінің бірі – Қызылжар өңірінің перзенті, белгілі әнші және айтыс ақыны Игібай Әлібаев болатын.

Мен ұзақ жылдар бойы Қызыл­жар өңірінде байланыс саласында қызмет атқарған еңбек ардагерімін. Жасым сексеннен асса да облыс орталығындағы қоғамдық жұмыстар­­дан қал-қадірімше қол үзбеуге тырысамын. Бүгін қолыма қалам алып, ұстазым Игібай Әлібаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталуды жөн көріп отырмын.

Сұрапыл соғыстың зардабы әлі ұмытыла қоймаған 1948 жыл бо­ла­тын. Мен бастауыш мектепті бітіріп, Совет (қазіргі Аққайың) ауданының орталығындағы Смирново орта мек­тебінің бесінші сыныбында оқу үшін Маңғұл ауылынан келдім. Бірқа­батты, қарағай ағашынан салынған мектеп ғимараты 1939-1940 жыл­да­ры бұрынғы Бейнетқор ауданы­ның орталығы болған Шолақ Досжан ауылынан көшіріліп әкеліп орнатыл­ған екен. Мектеп ауласына Смир­ново маңайындағы ауыл мектепте­рінен келген балалар жинала баста­дық. Бір мезгілде қасымызға емти­хан кезінде танысқан Кәрәш (шын аты Қали Мұқатаев) деген бала келіп: “Тілек, сәлем, ана тұрған кісіні тани­сың ба?” – деп бейтаныс ер-азаматты меңзеді. Мектеп ішіне кірер есіктің дәл алдында 4-5 сатылы тақ­тай табалдырықтың ең үстіңгісінде орта жастағы, бойы ұзын, денелі, үстіне китель, галифе шалбар, ая­ғына қара хром етік киген, қою мұрт­ты, қалың қара ша­шын артына қайырған өте келбетті азамат тұр екен.

Біраз уақыт өткенде әлгі кісі ма­ған қарай жақындап: “Балақай, бері келші! Қандай сыныпқа барушы едің? Атың, фамилияң кім?” – деп сұрады.

– Ағай, менің атым – Тілек, фа­милиям – Әбдірахманов, Смир­ново­дан 5 шақырым қашықтықтағы Маң­ғұл (Мөжікбай) ауылынан келіп тұр­мын. Қазақша оқығым келеді, – де­дім. Әлгі кісі жүзі жылы, мейірімді адам сияқты көрінді маған.

– Қарағым, Тілек, есімің мағына­лы екен, ендеше сен менің жаныма қазақ тілінде бесінші сыныпқа ба­ратындарды жинап әкел, – деді. Мен мектептің спорт алаңына ба­рып, доп қуып жүрген балалардың ішінен бе­сінші сыныпқа баратын­дарды іздес­тіре бастадым.

– Құрметті бесінші “А” сыныбы­ның оқушылары. Мен Игібай Әлі­баев де­ген ағайларың боламын. Сендер­ге қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беремін әрі сы­ныптарыңа же­текшілік етемін, – де­ді ұстазымыз.

Ертеңіне ауылдан Қапез Жана­таев екеуміз таңғы сағат сегізде білім ордасына келдік. Өзіміз оқи­тын бөл­меге кірсек, лық толы екен. Сығылы­сып отырдық. Оқу басталып кетті. Са­бақ аяқталғанша, оқушы­лар қатары­мызға қосыла берді. Ке­лесі күні сы­ныпқа балалар сыймай кетті. Оқу­шылар бүгіндері көбінің жұрты ғана қалған Маңғұл, Көкте­рек, Ай­бас, Қызылағаш, Ойшілік, Аман­­гелді, Игілік, Жаңа қоныс, Қа­рато­мар, Ер­кіндік, Аралағаш, Да­йын­­дық, Үшқы­зыл, Қызыл жұлдыз, Баянды, Үшқұ­дық, Қарағайлы, Қа­мыстау, Қанжы­ғалы, Шолақ Дос­жан, Өрнек, Теңел­дік, Үлгі, Үміткер сияқты қазақ ауыл­дарынан қаты­найтын. Оқу жылының бірінші тоқ­саны аяқталғанша көп­теген оқу­шылар сабақты тастап, үй­леріне ке­тіп қалды.

Игібай ағай бізді сынып бөлме­сіне кіргізіп, жаңа тоқсанға тыңғы­лықты дайындалуымызға, жетістік­терге жетуімізге тілектестік білдірді. Екінші тоқсан басталып кетті. А.Игі­бай ағайымыздың басқа бір мек­тептің директоры лауазымына та­ғайын­дал­ғанын естідік.

Күндер зулап өтті жатты. ХХ ға­сыр­дың екінші жартысына аяқ бас­тық. Біз жетінші сыныпты тамам­дап жазғы каникулға шыққан бойда ұжым­шардың шаруашылығына жаз­ғы жұмыстарға жегілдік. Шілде айы­ның екінші жартысында шөп шабу науқаны басталды. Бір күні бри­гадир Есмән Нұртазин ағай қос ба­сында түскі үзіліс кезінде “Ертең аудандық клубта концерт болады, Об­лыстан ақын – әнші-домбырашы Игібай Әлі­баев бастаған өнер­паз­дар келеді екен. Басқарма басшысы Мақан Санбаев барғысы келетін­дерге рұқ­сат берді”, – деді.

Ертеңіне аудандық клубтың ма­ңы­на көп адам жиналды. Ат, өгіз, сиырға жегілген арбалар қаптап тұр. Жақын ауылдардан көп адамдар келген екен. Сонымен кешкі сағат то­ғызда концерт басталып кетті. Клуб­қа көрермендер сыймай, көбі да­лада тыңдады, келгендердің ішінде ау­партком хатшысы Мәукен Са­дуов, ауат­ком төрағасы Сәли Има­қов, соғыс ардагерлері Есләм На­заров, Бектұрған Бекенов, Алтын Уәлиева, Қайнолла Ыбыраев, Мұ­хаметқали Құсайынов, Ғазез Құр­манбаев, Май­тан Сандыбаев, Сұл­тан Ералин, Естәй Құсайынов, Арыстан Ахметов, Әубәкір Ертаев, Шаяхмет Белденов, Шайахым Мыр­зақанов, т.б. болды. Ауыл азамат­тары, Игібай Әлібаев­тың алдын көрген шәкірттері Қали Мұқатаев, Қапез Жанатаев, Марат Құрмашев, Бейсембай Шәйкенов, Мағауия Алазов (Социалистік Еңбек Ері), Назым Жақыпов, Қайырбек Мал­кенов, Шайзарат Тыйыштыбаев кон­цертке арнайы келіпті.

Клуб сахнасына қолында дом­бы­­расы бар, қазақша киінген Игібай ағай шығып, көрермендерге иіліп сә­лем берді.

– Құрметті қауым, ел басына түс­кен ауыр күндер артта қалды, бірақ халық көрген қиындық, қайғы-қа­сірет пен қаралы күндер адам жа­дынан ешқашан өше қоймас, себебі соғыс өрті шарпымаған отбасын арамыз­дан кездестіре қою мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан аз да болса сіздердің көңіл-күйлері­ңізді сергіт­келі алдары­ңызға Сол­түс­тік Қазақстан облыс­тық филар­мониясы ұжымын кон­церттік бағ­дар­ла­мамен әкеліп тұр­мын. Қазақ өнері бар, ән мен күй тоқырамайды, көркейіп жал­ғаса береді дегім ке­леді, – деді ол.

Сахнада жас өнерпаздар кезек­те­сіп өз шама-шарқынша біраз ән орындады. Сахнаға Игібай аға дом­бырасымен шығып “Алатау”, “Жаз күні”, “ Марқакөл”, “Біржан сал ауы­лында”, “Ертіс әні”, “Алтайға”, “Зай­сан”, т.б. халық әндерін орын­даған­нан кейін өз шығармаларына бет бұрды. “Туған жерім – Айтуар”, “Қа­зақстан”, “Жырлаймын Ота­ным­ды” туындыларын шырқағаннан ке­йін әйгілі Ақан серінің бірнеше шы­ғар­масын және Үкілі Ыбрайдың “Қызыл асығын” орындады. Игібай аға­ның терең тыныс, кең қоңыр да­уыспен, домбырамен сүйемелдеп отырып, құйқылжыта орындаған әндеріне, сарқылмас дарынымен, шынайы ықылас пейіліне тәнті бол­ған кө­рермен ұзақ қол шапалақтап, іл­типат көрсетті.

Концерт соңында аупарткомның өкі­лі Алтын Уәлиева жазғы шаруа­шы­лық­тың күрделі әрі қауырт кезе­ңінде жиналған көрерменге, кон­церттік-шығармашылық маусымын біздің ауданнан бастаған өнер ұжымына, арнайы Игібай Әлібаевқа ерекше ризашылық білдіріп, зор алғысын айтты.

Келесі күні аудандық “Социа­листік еңбек” газетінде қалың көрер­меннің ризашылығына бөленген Игі­бай Әлібаев туралы журналист Жо­ламан ағаның көлемді мақаласы жа­рық көрді.

Бұл концерттен кейін Игібай ағай­мен кездесудің сәті түспеді. Өт­кен ғасырдың жетпісінші жылдары­ның басында Бескөл ауылында Сәл­тәй Шахметов ағаның үйінде Игібай Әлібаевтың жалғыз ұлы Жалбырды кездестіріп, әңгімелесіп, әкесінің жағ­­дайын сұрастырып, біраз жайт­пен таныстым. Соңғы жылдары қала­лық, облыстық, республикалық ба­сылым­дардан Игібай ағай туралы көп ақпа­ратқа қанық болдым.

Киелі өнер Әлібайдың отбасына ертеректе қонса керек. Ағайынды Әлібай мен Тәжібай өз замандарын­да атақты әнші Біржан салдан тә­лім-тәрбие алған деседі. Жасынан ауыл молдасынан сабақ алған Игі­бай өмірдің мағынасы оқу мен бі­лім­де екенін біліп, 1921 жылы Қызыл­жарда ашылған қазақ педа­гогика­лық тех­никумына түсіп, ойда­ғыдай бітіріп шығады. Ол өмірінің қырық жылға жуық уақытын шәкірт тәрбие­сіне арнады, ұстаздық етті.

Игібай Әлібаев 1936 жылы Мәс­кеу мен Петербор қалаларында өт­кен қазақ өнерінің онкүндігіне қатыс­қан. Осы сапарда сахна шеберлері Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуа­ныш­баев, Елубай Өмірзақовтармен танысады. Ол кісілер жас жігіттің да­рынын мойындап, шалқыған ән­де­рін тыңдап, қазақ акаде­миялық драма театрына жұмысқа шақы­ра­ды. Игі­бай аға біраз жыл театрда өнер көр­сетіп, сахна сырын мең­герді.

Ел басына ауыр күн туғанда Игі­бай Әлібаев замандастарымен бір­ге соғысқа қатысып, 1944 жылы ауыр жараланып елге оралады. Сол жыл­дары Қызылжардағы облыстық фи­лармонияда көркемдік жетекші қыз­метін атқарып, халық өнерін да­мы­туға бар күш-жігерін сарқа жұм­сады.

Қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” атты романында Игібай Әлібаев жайлы: “Жүрген ортасын ән мен жырға бөлеген, кейінгі әншілерге үлгі болған қызмінезді Игібайды халық мұғалімнен гөрі әншіміз деп шын көңілден құрмет тұтады. Шы­нында аса шабытпен құбылта шыр­қаған әсем ән тыңдаушысының өн бойына күш-қуат беріп, мұңын тар­қатып, жүрегіне қуаныш ұялататы­ны мәлім. Осындай әсерлі әнге жанынан шығарған ойлы әндері мен толғау­лар қосылса, ұйып тыңдай­тын өнер осы болар”, – деп жазды.

Игібай Әлібайұлы ұстаз, әнші ғана емес, суырыпсалма, айтыскер ақын, сазгер, дәстүрлі қазақ сал-се­рілерінің лайықты жалғасы бо­латын.

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,

Қазақстан Республикасының құрметті байланысшысы, облыстың құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp