«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІР ВАГОН ЖІГІТКЕ ТҰРАТЫН АЗАМАТ”

Даниал Ахметов қызметі өсіп Астанаға кетіп, оның орнына Қажымұрат Нағманов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған кез. Бір күні жаңа басшы жергілікті журналистердің басын қосып, өзінің алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Ортамызда “Егемен Қазақстанның” кімнің алдында тұрса да, именуді білмейтін азулы меншікті тілшісі Мәлік Мұқанов бар еді. Сол кісі әңгіме қыза бастаған сәтте өзіне тән мінезімен түйеден түскендей ғып дүңк еткізді.

– Бұрынғы әкіміміз Павлодардан бір вагон ғып өз командасын әкеліп еді, сіз сырттан неше вагон кадр әкелесіз?

Жұрттың көкейіндегі сауалды осылай өткір қойғанына іштей разы болғанымызбен, “Жаңа басшы не жауап қайтарар екен, мұның арты қалай болар екен?” деген оймен аңтарылып қалдық. Қажымұрат Ыбырайұлы сасқан жоқ:

– Мен бір вагон жігітке тұратын бір-ақ азаматты әкелемін. Оны кейін білесіңдер, – деп келтесінен қайырды.

“Бір вагон жігітке тұратын азамат” деп әсірелей мақтауына қарағанда, шынында да, бір мықты болар”, – дестік. Арада көп өтпей Қажекең облыс активіне өзінің жаңа орынбасары етіп тағайындаған керекулік Қуат Есімхановты таныстырды. Бір көргеннен-ақ кесек тұлғасына, кесек сөзіне қарап, “Қажекең ана жолы айтқан азамат осы болар”, – деп ұйғардық.

Қуат Есімханұлы бастапқыда шағын және орта бизнесті, өңдеу өнеркәсібін дамыту, көлік жолдарын жөндеу және елді мекендерді көркейту мәселелерімен айналысқандықтан, біздің онымен тікелей араласуымыз аздау болды. Әйткенмен, оның іскерлігі, бастамашылдығы бірден ауызға ілініп, тез арада елге жайылды. Қажекең өзіне ертіп ала келген жалғыз адам болғандықтан, облыс әкімінің орынбасарларының арасындағы оның орны ерекше екендігі байқалып-ақ тұратын. Кезінде Даниал Ахметовке ілесіп Павлодардан келген бірінші орынбасардан іс жүзінде Қуат Есімхановтың атқаратын рөлі күштірек екендігі, көп мәселені сол кісі шешетіндігі жайлы сыбыр-күбір әңгіме құлағымызға жетіп жатты. Оның өресі жоғары, тәжірибесі мол, әсіресе, ұлттық намысы биік, таным-түсінігі кең басшы екендігі облыстық әкімдікте өткізіліп жататын алқалы жиындарда анық аңғарылатын.

Қажымұрат Нағмановтың тұсында Қызылжар өңірінде атқарылған бір үлкен шаруа – тұрғындардың өздерінен артылған басы артық өнімдерін қолма-қол ақшаға сатып алып, ұқсатуды ұйымдастыру болды. Ал осы игі бастаманы тікелей жүзеге асырған Қуат Есімханұлы еді. Бұл істің мән-маңызы қаншалықты екенін, әрине, сол жиырмасыншы ғасыр соңындағы ауыртпалықтарды бастарынан өткерген көптеген ауыл адамдары жақсы біледі.

Бұл тоқсаныншы жылдары кеңшарлар тарап, мал-мүлкі талан-таражға түсіп, бір кезде қоғамдық малды бағып, егін өсіріп, отбасыларын асыраған талай ер-азаматтар екі қолдарына бір күрек таба алмай, үйлеріне тығылып, шаңырақтың негізгі салмағы әйелдердің иығына түскен қилы заман еді ғой. Ауылдағы әпке-қарындастарымыз, жеңгелеріміз бен келіндеріміз жазғы жауын-шашынға, қысқы боран мен аязға қарамай, таңертеңмен жолға шығып, өз бала-шағаларынан артылған майы мен сүтін аудан мен облыс орталықтарына, тіпті, пойызға отырып, сонау Ресейдің өндірісті қалаларына дейін апарып сатып, кейде санэпидемстанция қызметкерлері мен милиционерлер тарапынан нелер итқорлықты көріп, бәріне төзіп, көз жастарын көл қылып төгіп жүретін кез болатын. Сондағы бар мақсаттары – сатқан азық-түлігінен түскен шамалы қаражатқа балаларына киім-кешек, кітап-дәптер алу болатын. Қайран аналар!..

Міне, сондай соры қалың аналардың бағына облыс аудандарының бәрінде сүт өнімдерін қолма-қол ақшаға сатып алып, жинайтын кәсіпкерлер пайда болып, ауыл әйелдері күнкөріс қамымен базар жағалаған бұрынғы сергелдеңнен құтылып, қуанып қалды. Сөйтіп, қаншама шаңыраққа қайтадан береке кірді десеңізші?! Жекеменшіктегі мал басы да біртіндеп көбейе бастады. Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында тоқсаныншы жылдардағы экономикалық құлдырау кезінде жабылып қалған сүт зауыты қайтадан қалпына келтіріліп, нарық заманының сұранысына сай құрғақ сүт шығара бастады. Ол да осы төңіректегі бірнеше аудан тұрғындарының басы артық сүтін күнбе-күн жинап, жақсы бағамен сатып алатын болды. Бұл зауыттың қайта ашылуы да Қажымұрат пен Қуат ағаларымыздың елге жасаған бір жақсылығы екендігіне талас жоқ.

Қазір Қызылжар қаласының бас көшесі – Қазақстан Конституциясын жергілікті тұрғындар Мәскеудің атақты Арбатынан артық көрмесе, кем көрмейді. Автокөлік жүрмейтін, ақшылт өрнектас төселген кең көшеде алаңсыз қыдырып жүрген қалалықтар легі күніге бір үзілмейді. Қалалық әкімдік алдындағы мерекелік шаралар өтетін үлкен ақ алаң да өрнектаспен көмкерілген. Көше бойына әр жерге әдемі орындықтар қойылған. Әсіресе, қарт адамдардың замандастарымен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, демалып отыруына ыңғайлы. Қазір қаладағы көптеген көпшілік орындардың бәрі дерлік осындай өрнектаспен өрілген. Бұл да – Қажымұрат пен Қуат ағаларымыз бірлесіп тындырған игілікті істердің бірі. Басында көшедегі тозығы жеткен асфальт қабатты қопарып алып, оның орнына өрнектас төсеуді қолға алғанда әртүрлі пікір айтып, жаңаға жатырқай қараған кейбір қызылжарлықтар қазір өздерінің қателескендіктерін мойындап, сол кездегі облыс басшыларының есімдерін ризашылықпен еске алып жатады.

Даниал Ахметов Қызылжардағы қазақ зиялыларының өтінішіне қарай Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанына қазақ труппасын ашып беремін деген уәдесін орындап үлгермей, қызметі жоғарылап кеткендіктен, “Енді қалай болар екен?” деген сауал көкейімізде жүрген еді. Қажымұрат Нағымановтың алғашқы баспасөз мәслихатында жаңа әкімімізге осы сұрақты көпшілік атынан мен қойған едім.

– Қазақта “Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды” деген сөз бар. Екі театрға бір ғимарат тарлық қылады. Қазақ театры өз алдына бөлек шаңырақ құрады, – деп бірден кесіп айтқан Қажымұрат ағамызға қатты риза болып қалғанбыз. Сол уәдені жүзеге асыруға белсене атсалысқандардың бірі Қуат Есімханұлы еді. Кейін ол әлеуметтік саланы да өз қарауына алған кезде жас театр ұжымына тікелей қамқорлығын аяған емес. Алматыдан шақыртылған жас әртістердің бәріне тұрғын үй беріліп, жергілікті биліктің қолдауынан еш кемдік көрген жоқ.

Жалпы, Қуат ағамыз өнерге өте жақын адам болып шықты. Оның кеңшар директоры кезінде ауылдағы мәдениет ошақтарына жасаған жанашырлығы үшін “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” құрметті атағын алғандығын кейінірек естіп, қайран қалғанымыз бар.

Қуат Есімханұлы сөзге жүйрік, мақал-мәтелге жетік, сөйлегенде арқа бітіп, шабыттанып кететін нағыз шешен кісі екен. Бәрімізді ақжарқын мінезімен, орынды әзіл-қалжыңымен баурап алды. “Алды кең азамат екен!” деген, ауызға сирек алынатын сөзді қызылжарлықтар Қуакең жайлы жиі айтатын.

Қызылжар қаласындағы қалпына келтірілген ғажап мұражай-кешені – Абылайдың ақ үйін көрген сайын да менің есіме Қуат аға түседі. Өйткені, ол осынау игі істің басында тұрған елжанды азаматтардың бірі екендігін ұмытуға болмайды.

Әлі есімде, жаңылмасам, 2002 жылдың көктемі болатын, бір күні облыс әкімінің орынбасары Қуат Есімханов Абылайдың ақ үйіне байланысты өлкетанушы азаматтарды, облыстық газет пен теледидардың басшыларын жинап, арнайы кеңес өткізді. Оған түрткі салған белгілі журналист Жақсыбай Самрат болып шықты. Біреулер «Қызылжарда Абылайдың ақ үйі болды деген сөз – құр аңыз ғана…» деген пікірді ұстанып, күмән туғызып тұрған шақ еді. Арамыздағы қазақ қарияларының ішінде де осындай пікір жетегінде жүргендер барлығы байқалып қалды. Бірақ Жақсыбай өз көзқарасынан танбай: “Қызылжарда Абылайдың ақ үйі болғандығы анық, тек ол туралы тарихи құжаттарды Ресей мұрағаттарына әдейілеп барып, іздестіру керек”, – деп қасқайып тұрып алды. Оның мұндай «қыңырлығы» талайларға ұнамай тұрғандығы сол арада анық сезілгенімен, Қуат Есімханұлы жиын соңында ұлтжандылығына басып, Жақсыбайдың жағына шығып, оған:

– Сен өз пікіріңде қалсаң, онда Мәскеу мен Санкт-Петербургтің мұрағаттарына іссапарға барып қайт. Сол жақтан бір дерек табылып қалар. Қасыңа облыстық мұрағаттың директорын қосып жіберейін. Жолақыларыңды өзім тауып беремін, – деп тұжырымдады. Көп кешікпей Жақсыбай мен облыстық мұрағаттың директоры Ресейге сапар шекті. Осылайша іздестіру жұмыстары басталып, ақыры Ресей мұрағаттарына ресми сұрау салу нәтижесінде Қызылжарда Абылай ханға арналған ағаш үй тұрғызылғандығы нақтылы тарихи құжаттармен айғақталды. Әрине, Жақсыбай ініміздің жақсы бастамасына дер кезінде Қуат ағамыз қолдау білдірмеген болса, бұл игілікті істің нешеме ай мен жылға кешеуілдеуі әбден мүмкін еді.

Сөз қадірін білетін Қуат Есімханұлы жергілікті қаламгерлерге айрықша ілтипат білдіріп, қашанда қолдап-қорғап жүретін. Белгілі журналист, «Егемен Қазақстанның» облысымыздағы меншікті тілшісі Мәлік Мұқанов мезгілсіз дүние салғанда әріптестеріміз марқұммен қоштасуды Қызылжардың орталығындағы әдетте облыс деңгейінде басшылық қызметтер атқарған, елге кеңінен танымал азаматтарды ғана ақтық сапарға айрықша құрмет рәсімімен шығарып салатын орын – бұрынғы облыстық партия комитетінің саяси ағарту үйінің үлкен ғимаратында ұйымдастыруды ұсынды. Осы жөнінде билік басындағы қайсыбір шенеуніктер әлдене деп күңкілдеп, онша құптай қоймағандарымен, кесімді сөзді Қуат Есімханов айтып, қаламгерлер өтінішін орынды деп тапты. Онымен шектелмей, батыр мінез Мәлік ағаны ерекше сыйлайтынын байқатып, барлық жерлеу, ас беру жабдықтарына өзі бас болып, үлкен жәрдем берді. Қайраткер журналистің артында қалған қаралы отбасына еш салмақ түсірмеуге тырысты. Қуакеңнің осындай азаматтығына, адамгершілігіне тәнті болмаған кісі жоқ сол жолы.

Қуат Есімханұлының қазақ тілінің шын жанашыры ретінде де атқарған істері аз емес. Қала мен аудандарды аралаған сапарларында нелер беделді кеңселердің маңдайшаларындағы мемлекеттік тілде жазылған атауларынан қате көрсе, қабағы түйіліп, қатты сынап, дереу тақтайшасын жұлғызып алдыртып, түзеткізгенін жұрт ризашылықпен әңгіме етіп, айтып отырады. Орынды жерінде қазақша бірауыз сөз білмейтін талай қазақ шенеуніктерінің де оңдырмай “сыбағаларын” беріп, ұяттан жерге кірердей қылғанын көзімізбен көрдік. Қызылжардың барлық мекемелерінде апта сайын бір күн – қазақ тілі күні болып белгіленіп, сол күні елдің бәрі мемлекеттік тілімізде сөйлеуге тырысатын жаңа дәстүр пайда болған еді. Басқармалардың бастықтары облыс әкімі Қажымұрат Нағмановтың алдында қазақ тілінен сынақ тапсыра да бастап еді…

Қуат Есімханұлы Омбы қаласындағы Мағжан Жұмабаев оқыған педагогикалық училищенің қабырғасына ұлы ақынға арнап мемориалдық тақта қоюға тікелей ұйытқы болды. Осы шаһарға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған үлкен сыйы – даңқты жерлесіміз, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов ескерткішін орнатуға да жанын сала атсалысты. Қызылжардың ортасындағы көк күмбезді жаңа мешіттің алғашқы қадасын Қажымұрат пен Қуат ағаларымыз қақтырғаны да есімізде.

Кішкентайынан жетімдіктің “ащы дәмін” татып, қиындықта қиналса да, сыр бермей, қасарыса күресіп, намыс пен жігерін қатар шыңдап өскен қайсар жігіт өз бойына адами асыл қасиеттерді ақ сүтімен дарытқан қос анасын (Қуат аға өз шешесін де, әжесін де «аналарым» деп сөйлейді) әр кез аузына алып, аруақтарына тағзым етіп, жан-жүрегі елжірей еске алып отырады екен. Оның өз аналарына деген перзенттік сүйіспеншілігі мен сағынышына толы әңгімесін теледидарға жазып алып, Қуат Есімханұлының елуге толар мерейтойы қарсаңында эфирге шығарғанымда сол хабарды көрген адамдардың тебіренбегені жоқ шығар. Аналар рухы алдындағы нағыз перзенттік тағзым өнегесіндей еді сол хабар. Оны көріп, тыңдап отырып «Қазақтың бар асыл қасиетін бойларына жиған Киелі Аналарының тәрбиесін көрген ұл ғана осындай Текті Азамат болып өсетін болар» деген ой түйгенмін.

Қуат аға Қызылжарда төрт жылдай табысты еңбек етті. Осында кеудесіне «Құрмет» ордені тағылды. Елбасының бұл марапаты Қызылжар елінің Қуат Есімханұлына деген ықылас-пейілін де дәл білдіргендей әсер еткен еді бізге.

Облысқа жаңа әкім келген 2004 жылдың басында Қуат аға әкімдікке бір шаруаммен келген мені көріп, кабинетіне кіріп сөйлесуге шақырды:

– Кетуге бел будым. Айғайласпай, жұлқыспай, абыроймен кетуді жөн көрдім… – деді бір терең толғаныспен. Ешкімге ұқсамайтын өз мінезі, ой-пікірі бар, өзінің азаматтық биігінен ешқашан төмендегісі келмейтін, ешкімнің алдында иіліп-бүгілуді білмейтін өр тұлғалы жігіттің жеті рет өлшеп, бір рет кескен түпкілікті шешімі еді бұл.

Келесі күні «Бір вагон жігітке тұратын азаматпен» қимай-қимай қоштасуға тура келді. Жалғыз мен ғана емес, күллі Қызылжар елі өзінің туған ұлындай көріп кеткен Қуатын қимағаны анық.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp