«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР КҮНДЕ — ЕКІ ҮЙ 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыс орталығында 198 отбасы баспаналы болып, қоныстойын тойлады

 

Петропавлдықтардың көптен күткен арман-тілегі орындалды. Жәлел Қизатов пен Семашко көшелерінің қиылысындағы 126 және 72 пәтерлік тоғызқабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтін тапсыру салтанатында облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер алдағы уақытта да пайдалануға берілетінін жеткізді.

– Елбасымыздың сарабдал саясатының, халыққа деген қамқорлығының арқасында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, өз жемісін беруде. Осындай бағдарламаның бірі – “Нұрлы Жол”. Аталған бағдарламаның арқасында тұрғындар баспаналы болуда. Бүгін баспаналы болып отырған отбасыларды қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймын. Тұрғын үй мәселесі қашанда өзекті. Күрмеуі қиын бұл мәселені шешу, әрине, оңай емес. Бірақ мемлекет тарапынан құрылыс саласы жан-жақты қолдауға ие болуда. Облысымызда қолданысқа берілетін баспана саны жыл сайын 20-25 пайызға артуда. Мәселен, 2015 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 140,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 170 мыңды құрайтын болады, – деді Ерік Хамзаұлы.

Одан кейін өңір басшысы баспаналы болғандардың бірқатарына үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Үй алған жас отбасылардың атынан “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының маманы Айсұлу Мейрамова сындарлы саясат жүргізіп, жас отбасыларға қамқорлық жасағаны үшін Елбасына, құрылыс жұмыстарының уақтылы жүруіне бас-көз болған өңір басшылығына және құрылысшыларға алғысын білдірді.

Содан соң Ерік Сұлтанов “Парасат” лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айымгүл Бәтенова мен “Севказэнерго” АҚ жетекші маманы Ольга Петрованың пәтерлерінде болып, дастарқандарынан дәм татып, қоныстойларымен құттықтады.

Көптен бері пәтер қиыншылығын тартып келген отбасылар мемлекеттің қамқорлығына алғыстарын айтуда. Солардың бірі – Подолей әулеті. Отағасы Владислав Владимирович Петропавл қаласында Ұлттық ұланның №6637 әскери бөлімінің штаб бастығының аға көмекшісі. Зайыбы Анастасия болса, №1 қалалық емхананың медбикесі. 2011 жылы шаңырақ көтерген жас отбасы бұған дейін әр бұрышты жалдап, пәтер иесінің қасқабағына қарап келген. Енді, міне, асыл арманы жүзеге асып, алдағы қос мейрамды өз баспаналарында тойлау мүмкіндігіне ие болған отбасы мүшелерінің қуанышында шек жоқ.

Тұрғын үйлердің құрылысын “Қазақстан ипотекалық компаниясы” АҚ-ның тапсырысы бойынша “Рулан сервис ЛТД” және “Дорстройтрест” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізген. Жалпы ауданы 13,85 мың шаршы метрді құраған екі тұрғын үйдің құрылысына төрт жүзге жуық жұмысшы тартылып, бөлінген қаражат толық игерілген.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйді есепке алу және бөлу секторының меңгерушісі Бауыржан Бейсембаев бағдарлама бойынша екі мыңға жуық қызылжарлықтан өтініш түскенін айтты. Пәтер алғандар – ұзақ жыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Пәтерлерді бөлу барысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған қала тұрғындарына басымдық берілді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp