«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮГІН – ОҚУШЫ, ЕРТЕҢ – ОТАН ҚОРҒАУШЫ

Жастардың саяси-әлеуметтік көзқарасын, отаншылдық сезімдері мен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру – кез келген қоғамның өзекті мәселесі. Соған орай жастар мен жас жеткіншектердің басын қосатын түрлі ұйымдар бой көтеріп, орталықтар құрылып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Біздің аудандық білім бөлімі де жас жеткіншектерге рухани нәр беру мақсатында бірқатар игі жұмыстар атқарып жатса, солардың бірі – “Жас Ұлан” әскери саптық әндер байқауы биыл екінші рет ұйымдастырылды.

Биылғы 7-мамыр – Отан қорғаушылар күнінде Сергеевка қаласының орталық алаңында “Жас Ұлан-2014” әскери саптық әңдерінің аудандық кезеңі өтті. Аталмыш іс-шара әскери-спорттық ойындар мен жарыстар түрінде өтіп, жас жеткіншектерді тәртіптілікке, ұйымшылдыққа, өзара сыйластық пен жанашырлыққа тәрбиелеу және мектеп оқушыларының әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру бағыттарын қамтыды.

Биыл “Жас Ұлан – 2014” байқауының бірінші кезеңіне аудан аумағындағы көптеген мектептер қатыстырылып, ол шаралар төрт мектепте ұйымдастырылды. Оған 22 командаға топтасқан 300-ден аса оқушы қатысты. Аймақтық кезеңде 1-ші және 2-ші орын алған командалар аудандық кезеңге жолдама алды. Оған 9 команда қол жеткізді. Олар: Шайкин атындағы орта мектеп, Букетов атындағы мектеп-гимназия, Қаратал орта мектебі, Приишимка орта мектебі, Новопокровка орта мектебі, Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектеп-интернаты, Ақанбарақ орта мектебі, Кривощеково орта мектебі, Ахметбеков атындағы орта мектеп. Барлығы170 оқушы қатысты.

Байқауда әрбір қатысушы белсенді, жинақы және жеңіске жетсек деген ұмтылысын аңғартты. Сондықтан жарыс жеңімпазын таңдау қазылар алқасына оңай болған жоқ. Өз мектебінің абыройын қорғауға деген ынта-жігермен сайысқан жас жеткіншектерден болашақта өз Отанын қорғайтын нағыз патриоттардың шығатынына көз жеткіздік. Олар сапта тұруға, саптық әнді орындауға, жауынгерлік сәлемдесуге жақсы дайындалып, машықтанып алыпты. Жанары жанып тұрған сайыскерлерден республикамыздың Қарулы Күштерінде қызмет етуді өзіне міндет санайтын азаматтар да көрініп тұрды.

Байқаудың қорытындысы бойынша 1-орынды Қаратал орта мектебінің оқушылары иеленсе, 2-орынды – Кривощеково орта мектебі, 3-орынды Сергеевка қаласының қазақ орта мектеп-интернатының оқушылары жеңіп алды. Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, сыйлық ретінде топқа оқу автоматтары табыс етілді. Сондай-ақ, мерекеде әскери дайындық жұмыстарын жүргізетін пән ұстаздары Е.Шекенов, Н.Яншин, Ж.Құсайынов, А.Бақтыбаев, Н.Бредихин аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапаттау салтанатынан кейін жалпы мерекелік марш көрсетілді.

Сәуле ТӨЛЕШЕВА,

Шал ақын аудандық

білім беру бөлімінің әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp