Светлана МАЛХАСЯН,
“Кентрон” армян этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары.
1. Қазақстанның Тәуелсіздік алғаны – ел тарихындағы маңызды оқиға. Егемен ел атанып, шекарасын белгілеген Қазақстан ішкі тұрақтылықты сақтауға зор көңіл бөлді. Осының арқасында қиын кезеңдерді бастан өткерсек те, бір-бірімізге қару кезенген жоқпыз. Мен үшін Тәуелсіздік осынысымен маңызды. Түрлі этнос өкілдерінің басы қосылған елімізде, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында әр адам орын алған өзгерістерді дұрыс түсінді. Осының арқасында тәуелсіз Қазақстанның дербес тарихы бейбіт оқиғалармен жалғасты.
2. Менің Қазақстанның Тәуелсіздігінің нығаюына қосқан үлесімді қоғам бағалар. Біздің “Кентрон” армян этномәдени бірлестігі 1997 жылы құрылды. Осы жылдан бері аталмыш этнобірлестікте еңбек етіп келемін. Алғашқы жылдары этнобірлестіктің мүшесі болсам, қазір төрағаның тәрбие жөніндегі орынбасарымын. Біз жастарды қазақстандық рухта тәрбиелеу үшін түрлі шараларды ұйымдастырып жүрміз. Кейінгі ұрпақты өзге этнос өкілдерін сыйлауға, қазақ елінің тарихы мен мәдениетін құрметтеуге баулимыз. Осы орайда “дөңгелек үстелдер”, пікірталастар, кездесулер мен түрлі мәдени шаралар өткізіледі. Бұл шараларға облыстық ассамблея құрамындағы өзге этнобірлестіктердің де өкілдері қатысып, бір-бірлерін жете тануда. Бұл өзара түсінік пен сыйластықтың қалыптасуына зор септігін тигізеді.