“Итпен ойнаған үреді, баламен ойнаған күледі” деп қазекем айтқан. Қай заманда айтса да, тауып айтқан ғой. Балдырғанның бал тіліне мәз болып, қайта-қайта сөйлетесің. Бір жаңа сөз жаттаса, үлкен жетістіктей көріп мақтанасың. Күлсе бірге күліп шаттанасың.
Өз балаңды қалай бағып, өсіргенің көп есте қала бермейді. Немереге кезек келгенде білгіш, байқағыш, артық айтпайын, көреген болып та кетеді екенсің. Жеткіншегіңнің жағдайын келін де, қызың да өзіңнен артық жасамайтындай көріп, нұсқау-ескертпелерді айтқышсың. Қолыңда барды аузына тосып, иығына жапсырасың. Үлде мен бүлдеге орайсың. Мұны тұрмыс дәрежесіне қарай әркім-ақ істейді. Айтпағым, тәрбиенің рухани жағы туралы еді. Өйткені, өскелең ұрпақтың балабақша және сабақтан тыс уақыттарын мағыналы өткізуге бағытталған әлеуметтік бағдарламалар мүлде жоқ. Балалар қалада да, ауылда да компьютер мен планшетте ойын ойнап, бос уақыт өткізуде.
Ұлттық мәдениеттен хабарсыз, ауыз әдебиетінің уызына қанбаған балдырған “баяғыда бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты” деп басталар ертегіні тыңдамайды. Оларға керегі – күндіз-түні сайрап тұрған теледидардағы мультфильмдер. Көретіндері “Jetix”, “ Nickolodeon”, “CN” сияқты шетелдік арналар. Бұлардың көрсететіндері – “Спанджбоб”, “Человек паук”, “Русалка”, “Маша и медведь” және “Шрек” атты есек тақылеттес мақұлықтардың айла-әрекеттері.
Беломыртқасы қатқаннан бастап тілдері шығар-шықпастан сәбилер экранға телміреді. Соның салдарынан түрлі психологиялық ауруларға ұшырап жатқандары баршылық. Түр-түсі мен сөйлеген сөздері, айқай-шуларынан ересектер шошитын кейіпкерлер бүлдіршіндерді қорқыту арқылы арбап тастайтындай.
Осы арналардың бірі көрермендеріне заман зауалы – аллергия ауруын ойша (виртуалды түрде) жұқтырып жүр. Күннің батқанынан таңның атқанына дейін таусылмайтын сериалдардың бас кейіпкері “ойбай аллергиям қозып кетті” деп түшкіріп-пысқырып, безілдейді де жүреді. Сәби санасына әсер етпейді деп көріңізші. Әсершіл де тез қабылдағыш аңғал бүлдіршін санасы біртіндеп бой алдырады. Солардың жағымсыз қылықтарын қайталайды. 3-15 жас аралығындағы қыз балалар көретін көп сериалдың кейіпкерлері әке-шешесіне қарсы шығып жатады. Егер бес жасар қызыңыз немесе немереңіз бүйірін таянып, жер тепкілеп тұрса, содан үйренгені деңіз. Бұл үйімізге шақырусыз кіріп, шаңырағымыздан түсіп, төрімізге жайғасып отырып гендерлік саясатты жүргізудің басы деп біліңіз.
Тағы бір арна бес минут мультфильм көрсетеді де, арасында сөйлейтін шаңсорғыш, ыржақайлар деген сияқты ойыншықтардың жарнамасын қоса салады. Бағасы анау-мынау қызметкердің бір айлық жалақысындай. Жаңа ғана мультфильмге елітіп отырған бала “тап осыны алып бер” деп байбалам салады. Ал балақанның бар тілегін орындауды қалта көтермейді, соны түсіндіріп сіз де әлекке түсесіз. “Жетпегені осы еді” деп налисыз. Көздің қуанышы, көңілдің жұбанышы кішкентайларымыздың ой-өрісін өсірмей, құрсаулап ұстайтын телеарналар кімге керек?!
Ұлттық мүддеге ұйытпай, керісінше, ата-ана мен баланың арасына жік салатын жаһандандырудың жансыздарына есік-терезе, түндігімізді ашып беріп отыра береміз бе?! Қазақ деген қабырғалы елдің бай тарихы мен салт-дәстүрін білмей, рухани мешелдікке ұшырап, бүлдіршінінен бүлінген ұрпақ келешекте халқын ұшпаққа шығара ма? Ендеше, біз де есімізді жиып, бала тәрбиесін өз қолымызға алайық, ағайын! Сәбилерімізді осындай мәдени және рухани жаулап алушылардан қорғайық.
Әсима СҮЛЕЙМЕНОВА,
ардагер ұстаз.
Петропавл қаласы.