Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында кезекті брифинг өтті. Журналистермен кездесуде мүлікті жария ету науқаны мен мемлекеттік нысандарды жекешелендіру барысы баяндалды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановтың хабарлауынша, ақпанның 1-іне дейін тұрғындардан мүлікті заңдастыру туралы 782 өтініш келіп түсіпті. Өтініштегі 901 нысанның жалпы құны 4,6 миллиард теңгені құраған. Комиссия соның ішінен 445 өтінішті қанағаттандырыпты, заңдастырылған нысандардың саны – 275, ал олардың құны – 3,3 миллиард теңге.
Жекешелендіру де жоспар бойынша жүріп жатыр екен. “Бәсекелес ортаға берілетін облыстық коммуналдық нысандар мен “Солтүстік” ӘКК ҰК” АҚ-ның активтерінің кестесі жасалды. Ол бойынша 19 коммуналдық кәсіпорын және “Солтүстік” ӘКК ҰК” АҚ-ның 12 еншілес компаниясы саудаға шығарылады”, – деді қаржы басқармасының басшысы. Былтыр өңірде 3 нысан сатылып, қазынаға 32 миллион теңге пайда түсіпті. Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, “Есіл” волейбол клубы және мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жекеменшікке берілген.
“Ұлттық банк” АҚ облыстық филиалының төрағасы Жомарт Қажырақымов қаржыны заңдастыру жайын баяндады. Еліміз бойынша 174 миллиард теңге заңдастырылыпты, соның ішінде біздің облыстан төрт азамат екінші деңгейлі банкте есепшот ашып, 268 миллион теңгесін жария еткен. “Заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сай банкте есепшот ашып, соған бұрын жасырып келген қаржысын салған азамат 10 пайыздық жарнадан босатылады. Және ол қаржысын кез келген уақытта алып кете алады. Бұл өзгерістер заңдастыру барысына оң әсер етті”, – деді Жомарт Оралұлы.
Мемлекеттік кіріс департаменті басшысының міндетін атқарушы Төлеген Қабдөшев шетелдегі жылжымайтын мүлік қалай заңдастырылатынын түсіндіріп берді. 2014 жылдың қыркүйек айының 1-іне дейін шетелде жылжымайтын мүлік сатып алған және оған кеткен қаржысы заңсыз жолмен табылған болса ғана заңдастыруға жатады. Бүгінгі күнге дейін комиссияға 9 өтініш түсіп, оларды жария ету туралы шешім шығарылыпты. Оның 8-і тұрғын үй екен. Заңдастырылған мүліктің жалпы құны – 31,4 миллион теңге.
Брифингке қатысқан ведомство басшылары мүлікті заңдастыруға байланысты жасалып отырған рақымшылық соңғысы екенін тағы да ескертті. Бұл жолы жасырған қаржыларын немесе заңды түрде ресімделмеген мүліктерін жария етпеген азаматтар кейін заң алдында жауап беретін болады.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.