«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘЙТЕРЕК — ҚҰТТЫ МЕКЕН

Қызылжар ауданының орталығынан бес шақырымдай қашықтықта, ерке Есілдің жағасында, Петропавл-Жезқазған тасжолының бойында 2009 жылы шаңырақ көтере бастаған ауылға ел Тәуелсіздігінің символына айналған Бәйтерек атауы берілген еді. Нақтырақ айтатын болсақ, бұл елді мекен Қызылжар өңірінің картасында осыдан жеті жыл бұрын мемлекетіміздің “Нұрлы көш” бағдарламасын жүзеге асыру аясында пайда болды. Содан бері аталмыш елді мекеннен тұрақ тапқан жандардың тыныс-тіршілігі журналистердің назарынан тыс қалып көрген емес.

Осы жылдар ішінде “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша жаңа қонысқа бір пәтерлік 240 үй салынды. Оларға Ресей Федерациясынан тарихи Отанына оралған – 94, Өзбекстаннан – 46, Моңғолиядан – 16, Әзірбайжаннан – 1, Қытайдан – 1, Қырғызстаннан 7 отбасы қоныстанды. Аталмыш бағдарламаға қатысқандардың саны 265 отбасын құрайды. Елді мекеннің іргесіндегі Элитное ауылына да Бәйтерек атауы беріліп, соның негізінде Қызылжар ауылдық округі құрылды. 2014 жылы жаңа қоныста 1393 адам түтін түтетсе, бұл күндері олардың саны 1556-ға жетті. Бәйтеректіктердің 83,4 пайызын өз қандастарымыз құрайды. Жыл сайын онда орта есеппен 30 сәби дүниеге келеді. “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша көшіп келгендердің 47-і – жоғары, 90-ы – орта арнаулы білімді мамандар, 140-ы – орта білімді адамдар. 2010 жылдан бері жұмысқа орналасуды қажет ететін адамдар жұмыссыздар ретінде тіркелді. Соған орай жұмыспен қамтудың өкілетті органы арқылы 78 адам жұмысқа орналасты. Мамандығы жоқ адамдарға кәсіби оқудан өту ұсынылды. Бес жыл ішінде 36 адам оқумен қамтылып, оны аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 60 адам жіберілді. “Шағын кәсіпкерлік субъектілерін микрокредиттеу” қоғамдық қоры арқылы 5 адам шағын несие алды. Жергілікті тұрғындарды барынша жұмыспен қамту үшін “Сұлтан ЭДМФ” АҚ, “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС, “Базис – Қызылжар” ЖШС, “Левин” ЖК сияқты ауданның және облыстың кәсіпорындарымен Бәйтерек ауылынан күн сайын тасымалдап тұру жайында келісімшарт жасалды. 2016 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Бәйтерек ауылында жұмыссыздар тіркелген жоқ.

Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, алғашқы жылдары тұрғын үйлердің құнын “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы арқылы төлеу, жыл сайын өскен ауылды электр қуатымен және таза ауызсумен қамтамасыз ету, мектеп жасындағы балаларды оқыту, балабақшаға орналастыру бойынша біршама қиындықтар туындаған. Солардың бәрі де біртіндеп шешімін табуда. Елді мекенге салынған жаңа тұрғын үйлер Үкіметтің арнайы қаулысымен осыдан үш жыл бұрын Қызылжар ауданының коммуналдық меншігіне берілді. Сөйтіп, тұрғындар жалгерлік-коммуналдық төлемақы ғана төлейтін болды. Ауылға су құбырының тарату желісі тартылып, 20 колонка орнатылды. Ниет білдіргендердің үйіне қаржы төлеу арқылы су құбырлары енгізіліп берілді. Елді мекенге төрт “КПТН” қосымша станциясы орнатылып, электр қуатын беру арттырылды. Ауылдағы 193 үйге телефон байланысы орнатылды. Көше жолдарына асфальт төселіп, елді мекенге кірер жолдың екі жағына қарағай ағаштары отырғызылды. Сөйтіп, осыдан жеті жыл бұрын ғана іргесі қаланған Бәйтерек бұл күндері Қызылжар өңіріндегі ең көрікті ауылдардың біріне айналды.

Бәйтерек ауылына Өзбекстаннан қоныс аударған қандастарымыз құнарлы жердің қадірін білетіндігімен, көкөніс өсіруге икемділігімен ерекшеленеді. Мысалы, тұрғын үймен бірге аулаға орнатылған жылыжайларды тиімді пайдалану арқылы “Қалдыбаев”, “Жұмабеков”, “Әбдірахманов”, “Әбдірайымов” сынды жеке кәсіпкерліктерін құрған отбасылар, қазақы тілмен айтқанда, екі қолға бір күрек тауып отыр. Солардың ішінен Сайдислам Әбдірайымовты бөле-жара атауға болады. Ол Ташкент облысының Тама ауылынан көшіп келген. Орамға орнатылған әрқайсысы 3 сотық аумақты құрайтын 2 жылыжайды ол күні бүгінге дейін пайдалануда. Жылыжайда, аулада бос жатқан жер көрінбейді. Бәріне көкөніс егілген.

Құнарлы жердің қадір-қасиетін жақсы түсінетін кәсіпкер адал еңбегінің арқасында облыс орталығында өзіне жеке тұрғын үй де салып алыпты.

– Облыс орталығына қоныс аударуыма қызым Айнұрдың М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін аяқтап, сонда қызметке орналасуы, ұлым Ұлықбектің сол жоғары оқу орнының 3-курсында оқуы себеп болды. Алайда, негізгі кәсібім – осы Бәйтеректе. Бұл ауыл отбасыма құтты қоныс болды. Сондықтан болар, Нұржан және Жарқынай есімді балдыздарымның отбасыларын осында сонау Өзбекстаннан көшіріп алдым. Бәріміз көкөніс өсірумен айналысамыз. Несиесіз еңбек етіп, өз күнімізді өзіміз көріп келеміз. Аудан мен ауылдық округтің әкімдері, мамандары кәсібімізді кеңейтуге қолдау көрсетуде. Бізге одан басқа ештеңе де керек емес. Соған ризамыз, – дейді Сайдислам Әбдірайымов.

Ресей Федерациясының Түмен облысының Галышман ауданынан осы елді мекенге көшіп келген Отыншиевтер отбасы ауылда алғашқылардың бірі болып тұрғын үйінің бір бөлігіне “Бәйтерек” дүкенін ашқан болатын. Жанат Жолдыбайұлы бұл кәсіппен тоқталып қалған жоқ. Осыдан алты жыл бұрын жергілікті әкімдіктің қолдауымен ауылда бір құрылысты қолға алған еді. Соны дер кезінде аяқтап, оның бір бөлігін 20 орындық қоғамдық моншаға айналдырды. Екінші бөлігіне “Береке” дүкенін ашты. Аталмыш ғимаратта шаштараз да жұмыс істейді.

– Біз “Көші-қон” бағдарламасына орай Ташкент облысының Жалаңқұдық ауылынан көшіп келгенбіз. Бес баланың анасымын. Шаштараз ашылғалы осында еңбек етемін. Әйтеуір жұмыссыз емеспіз, – дейді Гүлжахан Мырзақұлова.

Отыншиевтердің автомобильдерге қызмет көрсететін станциясы да бар. Жеке кәсіпкер бұл күні 7 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта дәмхана ашпақ ойлары бар екенін де білдік.

– Ауылымызда Қайролла Сүлейменов, Қажымұрат Қуандықов, Серік Нұрақаев сынды елге тұлға болатын қажыларымыз бар. Серік Есімұлы – ауылдық округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Сол аталарымыздың бастамасымен Бәйтеректегі төрт дүкенде де арақ-шарап деген мүлдем сатылмайды. Сөйтіп, өскелең ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануына, тіліміз бен ділімізді, дінімізді құрметтеуге осы ақсақалдар мұрындық болып жүр. Ауданымызға сыйлы болып жүрген ақсақалдардың ұйымдастыруымен жаңа қоныста еңселі мешіт үйі салынуда. Құрылысы алдағы жылы аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Ол да имандылыққа баулитын бір тәрбие орталығына айналатындығына сеніміміз мол, – дейді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Гүлсім Кәрімова.

Бәйтерек ауылының басты мұқтажы мектеп болатын. Бұған дейін ауылдың 300-ге тарта оқушысы аудан орталығындағы “Парасат” мектебінде оқып келді. Арнайы автобус бөлінсе де, бес шақырым қашықтыққа барып оқу қиындық туғызатын. Бұл мәселе де биылғы жаңа оқу жылында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тікелей араласуымен шешімін тапты. Облыс бюджетінен бөлінген 830 млн. теңге қаржыға қысқа мерзімде екіқабатты заманауи мектеп ғимараты тұрғызылды. Құрылысты “Севимсталькон” ЖШС жүзеге асырды. Ауылдың сырт жағындағы кең алқапқа тұрғызылған еңселі ғимарат алыстан сәулетімен көз тартады.

– Мектебімізде 22 кабинет бар, олардың төртеуі – компьютер сыныбы, жетеуіне интерактивті тақта орнатылған. Үш еңбек, үш лингофон, химия, биология, физика, медицина кабинеттері, спорт және мәжіліс залдары, асхана заман талабына сәйкес жабдықталған. Бүгінгі күні мектебімізде 246 оқушы білім-тәрбие алып жатыр. Даярлық сыныбында 32 бала оқиды. Оларға 57 мұғалім дәріс береді, ұстаздардың 8-і – жоғары, 18-і – бірінші, 5-і – екінші санатты. Мектеп ауласында спорт алаңы, хоккей қорапшасы, жылыжай орналасқан. Мектеп ғимараты бір орталықтан жылытылады. Балаларын көз алдарында оқытуды армандаған қандастарымыздың қуаныштарында шек жоқ. Оның үстіне білім мекемесінде негізінен жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Алдағы уақытта мектеп жанынан кемінде 30-40 орындық шағын орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Биылғы 1 қыркүйекте оқу орнының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов жаңа білім ордасына 24 орындық автобус тарту етіп, мүмкіндігімізді кеңейте түсті, – дейді мектеп директоры Сәудат Сұлтанғазина.

Мектепте еңбек етіп жүрген Балзия Жаңабайқызы Ташкент мәдениет институтын кітапханашы мамандығы бойынша тамамдаған көрінеді. Хорезм облысынан қоныс аударған қандасымыз Құдай қосқан қосағы Артықбай екеуі – үш қыз, бір ұл бала тәрбиелеуде. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде оқыған қызы Бағила Мағжан оқуларының жеңімпазы болса, 4-курста оқитын қызы Надира – республикалық Оралхан Бөкей оқуларының 3-ші жүлдесіне қол жеткізіпті. Кіші қызы Әсел де сол оқу орнының 1-курсына түсіпті. Ұлы Жанболат 6-сыныпта оқиды.

– Кітапханамызда 1790 әдеби кітап бар, оқулықтарды қосқанда 7 мыңнан асады. Оқушылар оқулықпен толық қамтамасыз етілді. Өзім жайлы айтатын болсам, мектептің ашылуына байланысты жұмыс тауып отырмын. Өте қуаныштымын. Тек аянбай еңбек етуім керек. Сондықтан өзіме көрсетіліп отырған сенімді ақтау – парызым деп есептеймін. Әсіресе, солтүстікке қоныс аударғанымызға өкінбейтіндігімізді ерекше атап айтқым келеді, – дейді Балзия бауырымыз ағынан жарылып.

Мектеп іші де жақсы безендірілген. Кең мәжіліс залында мектеп ұжымымен өткен кездесуде жергілікті оқушылардың көп білуге деген құмарлығы қонақтарға қойған сауалдарынан анық байқалып жатты.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Ресей Федерациясының Омбы облысынан тарихи Отанына қоныс аударып, аудан орталығы – Бескөл ауылында жеке кәсіпорнын ашқан Сермұхамет Оралұлы Қызылжар өңіріне “Ахмұтдинов” жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі, үздік орман пайдаланушы ретінде жақсы танымал. Ол – республикалық “Парыз – 2012” байқауының күміс жүлдегері, 2013 жылғы үздік орман пайдаланушысы, Бәйтерек ауылынан сайланған аудандық мәслихаттың депутаты. Бизнес өкілінің ағаш өңдейтін, үй жиһаздарын шығаратын, экологиялық таза биоотын өндіретін цехтарының өнімдері облыстан тысқары өңірлерге де мәлім. Орман пайдаланушы ретінде жеке кәсіпкердің 2 гектар аумақты алып жатқан тәлімбағы, қажетті техникалармен жабдықталған жасыл желекті өрттен қорғайтын станциясы да бар. Сермұхамет Оралұлы қарамағындағы еңбеккерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуімен де ерекшеленеді. Сәулеті жарасқан кәсіпорын құрылысшыларының өз күшімен тұрғызылған тұрғын үйлердің бесеуі бір орталықтан жылытылады. Соңғы жылдары жаңадан салынған баспаналар кәсіпорында шығарылатын жиһаздармен де жабдықталады. Мекке мен Мәдинаға барып, мұсылмандық парызын өтеп келген қажы Бәйтерек ауылының қолы епсекті адамдарын тұрақты жұмыспен де қамтамасыз етіп отыр.

Жеке кәсіпкер Сермұхамет Оралұлы қысқа жіптің күрмеуге келмей жатқандығын, яғни аудандық бюджеттің тапшылығын біліп отырғандықтан, биыл ем-дом мекемесіне арналған ғимараттың құрылысын өз қолына алған еді. Аз уақыттың ішінде 212 шаршы метр аумақты құрайтын 5 бөлмелі үйдің құрылысын аяқтап, өз цехында шығарылатын жиһаздармен жабдықтады.

– Жаңа фельдшерлік-акушерлік қосын үшін 4 млн. теңгенің медициналық құрал-жабдықтарын сатып алдық. Фельдшер, акушер, санитар сияқты мамандарды қоса есептегенде аталмыш мекемеде 8 адамға тұрақты жұмыс орны ашылды. Жергілікті кәсіби мамандар енді әсем де кең кабинетте бәйтеректіктерге лайықты медициналық қызмет көрсететін болады. Халық қалаулысына айналған Сермұхамет Оралұлының осынау игілікті ісіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жақында ғана пайдалануға берілген жаңа қосынды жергілікті бюджетке алдық, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Александр Құдайбергенов.

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp