«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘРІМІЗДІҢ БАСЫМЫЗ ҚОСЫЛАТЫН ҚУАНЫШ

Біздің балалық шағымыз кеңестік заманда өтті. Соның идеологиясын бойымызға сіңіріп өскендіктен, жабулы жатқан ұлттық құндылықтарымызға сусындаудың реті келмеді. Тіпті, біз жыл басы наурыз екендігін де кейін біліп, көкірегіміз ояна бастады. Өңір қазақтары талай жыл сан жағынан басымдық танытқан ұлттың тілі мен салт-дәстүріне жалтақтап, өмір сүргенімізді мойындауға тура келеді. Шындығында, өз басым Алматыға білім қуып барғанда ғана өзімнің қазақ екендігіме мақтаныш сезіммен қарадым. Сол мен барған 1988 жылы қоғамдық пікірге назар аударудың нәтижесінде Алматы қаласында және сол облыстың кейбір аудандарында Наурыз тойы тойланды. Сонда ұйымдастырушылардың 62 жылдан кейін жаңғырған мереке деп айтып жатқандары есімде. Маңғыстау облысынан келген бір курстасым өз өңірінде қазақтар құпия түрде Наурызды қарсы алатынын айтатын еді. Енді, міне, талай жыл тұмшаланып келген дәстүрімізді жаңғыртып жүргенімізге ширек ғасырдан асып барады.

Жылымыздың наурыз айынан басталуының өзі ой салады. Наурызда дүние жаңарады. Күздегі қураған, ұйқыға кеткен тіршілік көктемнің шуағымен оянып, өсімдіктер бүр жарып, жаңа өмірге бастау алады. Осы мезгілді жыл басы деп таңдаудың өзінде көрегендік бар емес пе?!

Мамандығым ұстаз болғандықтан, өскелең ұрпақпен көп жұмыс істеймін. Әлбетте, оқушы үшін көзге көрінгенді ұстап көру, білмегенін сұрап білу, таңсық нәрсеге қызығушылық таныту түсінікті әрекет. Сондықтан ұстаздық тәлім-тәрбиеде оқушы алдында өзіңнің дәрежеңді түсіріп алмау үшін қашанда ізденіс үстінде жүресің. Бүгінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары туралы мағлұматтар жоқ деп айта алмаймын, бірақ оларды қолға түсіру оңай емес. Осындайда түрлі әдіс-тәсілдерге, өзіміздің қолөнершілігімізге сүйенуге тура келеді.

Ауылымыз – Жаңаталап шағын болғандықтан, жалғыз әлеуметтік нысан бар, ол – мектеп. Айтулы мерекелер кезінде ауыл тұрғындарының басын қосатын да осы мекеме. Сондықтан ауылдастарымыздың бір уақыт болса да көңілін көтеру үшін түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырамыз. Ауыл балалары да бұл мерекені асыға күтеді. Оқушылар оған үлкен қуанышпен дайындалады. Сахналық көрсетілім, ән мен жырдан бағдарлама құрып, оларды өздері қызыға дайындайды. Ата-аналар да атсалысып, түрлі тағамдар жасайды. Осындай мереке кезінде мектеп пен ата-аналардың басы қосылып, бала тәрбиесіне бірге араласып, ортақ міндетімізді жаңа қырынан танытып қаламыз.

Әсемгүл ЕСІМСЕЙІТОВА,

бастауыш сынып мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp