“Нұр Отан” партиясының белсенді мүшелері Жаңа жыл қарсаңында “СҚО Автокөлiк одағы” қауымдастығымен бірлесіп, қайырымдылық акциясын өткізді. Шара барысында ұйымдастырушылар зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға барып, сыйлық жасады, жақсы тілектерін жеткізді.
– Біз қарт адамдарға азық-түлік апарып бердік. Барлығымен отырып әңгімелестік, хал-жағдайларын сұрадық. Самайын ақ шалған бұл жандар кезінде өңіріміздің дамуына өз үлестерін қосқан. Сондықтан оларды назардан тыс қалдырмай, үнемі бақылауымызда ұстаймыз, – дейді “Нұр Отан” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев.
Бұл күні үйіне арнайы келген қонақтарды еңбек ардагері Рысты Ахмедиярова қуана қарсы алды. “Күміс алқалы” көпбалалы ана меймандарды төрге шығарып, олармен емен-жарқын әңгімелесті. Асыл ана ұзақ жылдар бойы қалалық Мәденит үйінде, мектепте жұмыс істеп, алты баласын жалғыз өзі өсіріп, аяқтандырған.
– Біз сияқты зейнеткерлерге материалдық көмектен ықылас қымбат. Ардагерлердің атынан осындай игі шараларды ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді зейнеткер.
Қайырымдылық шарасы аясында партия мүшелері 15 адамның үйінде болып, оларға сый-сияпат жасады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.